Сұрмерген Оразов

Футзалдан Еуропа чемпионатының үздіктері анықталды. Құрлықтық додада Ұлттық құраманың ойыншылары жүлдеге таласпағанымен, Біржан Оразов үздік сұрмергендердің көшін бастады.

Сонымен Еурододаның ақтық ойынында Португалия құрамасы Ресей саңлақтарынан 4:2 есебімен басым түсіп, қатарынан екінші мәрте Еуропа чемпионы атанды. Ал үшінші орын үшін өткен кездесуде испандықтар Украинаның үздіктерін 4:1 жеңіп, қола жүлдеге қол созды. Биыл құрлықтық додада Қазақстан құрамасы да тәп-тәуір өнер көрсетті деп айтуға болады. «В» тобында бақ сынаған отандастарымыз алғашқы ойында Словениямен тең түсіп, одан кейін Финляндияны және Италияны тізе бүктірген соң көш бастаған еді. Алайда ширек финалда украиналықтарға 3:5 есебімен есе жіберіп, жарыстан шығып қалды. Топтық ойында командаластарын алға сүйреп, тың өнерімен көпті тәнті еткен Біржан Оразовқа жүлде бұйырыпты. Біржан ширек финалға дейінгі ойындарда бас-аяғы 7 гол соғып, турнирдің үздік сұрмергені атанды. Одан кейінгі қатарға әрқайсысы бес голдан еншілеген үш бірдей ресейлік спортшы жайғасты.

Comments (0)
Add Comment