Сұйытылған газдың құны өткен жылдың соңындағы баға деңгейінен аспауы тиіс. Яғни көгілдір отынның құны 180 күн бойы реттеледі.
Ал сұйытылған газды электронды сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшу бір жылға шегеріледі. Бас прокуратура мен Бәсекелестікті қорғау агенттігі бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізіп, 20 күн ішінде есеп беруге тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңесте осындай тапсырма берді. Президент елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық құрылысы өзгермейтінін айтты. Яғни унитарлық, заң үстемдігі, жеке меншік құқығын құрметтеу және нарықтық экономика мемлекеттік саясатымыздың басты қағидаттары болып қала береді.