Алматы облысында қиыршық тас шығаратын зауытта көз жұмған жұмысшының туыстары материалдық шығынды өтеп беруді талап етті. Қара жамылған отбасы кәсіпорында техникалық қауіпсіздіктің сақталмағанына да наразы. Қайғылы оқиғадан кейін қозғалған қылмыстық іс те тоқтатылған. 42 жастағы Ринат Құндақбаевтың жақындары істі қайта қозғап, кінәлілер тиісті жазаға тартылсын деп талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
42 жастағы Ринат Құндақбаевтың өлімі төрт баламен жесір қалған жұбайына ауыр соққы болды. Өйткені ер адам үйдің жалғыз асыраушысы болған. Күйеуін жер қойнына тапсырғананына үш ай өтсе де, көпбалалы ананың жүрегі әлі де қан жылайды.
«Барлығы соның мойнында болатын. Өзі асырайтын. Өте қиын, сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Кінәлі адам жазасын алсын. Ол бастық сол жерде. Сол аумаққа жауап беретін. Әлі жұмыс істеп жатыр. Ештеңе өзгерген жоқ оларда. Тек біздің өмірімізде өзгеріс болып отыр. Ең жақын адамымыздан айырылып, қайғыдан қан жұтып отырмыз», – деді Ринат Құндақбаевтың әйелі Айторы Құндақбаева.
Қиыршық тас шығаратын зауытта слесарь болып еңбек еткен Ринат 5 сәуірде көз жұмған. Кесек тастарды ұсақтайтын құрылғыға құлаған жұмысшының денесін алып техника турап тастапты. Сүйегі уатылып, ауыр жарақат алған атпалдай азамат оқиға орнында жан тапсырған. Қаралы күнді есіне алған марқұмның туыстары кәсіпорында техникалық қауіпсіздік мүлдем сақталмады деп отыр.
«Барсақ, үлкен трактор темірдің ішінде ит, мал сияқты жатыр екен. Бетінің барлығын жауып тастапты. Ұстасам, жып-жылы болып тұр. Денесінің барлығы былқ-сылқ. Сүйегінің барлығы сынып кеткені көрініп тұрды. Ешқандай қауіпсіздік техникасы сақталмаған. Сол күні нұсқау жүргізілмеген. Мен тергеушіге барып сол журналды көргем», – деді марқұмның әпкесі Жанар Құндақбаева.
Қайғылы оқиғадан кейін «Жеті Тас» серіктестігінің өкілдері қара жамылған отбасыға көңіл айтып, көмек көрсетеміз деп уәде беріпті. Шулатпауды өтінген зауыт басшысы марқұмның несиесін жауып, бала-шағасына үй алып беруге де келіскен. Алайда айтылған сөз іс жүзінде жүзеге аспады дейді Құндақбаевтар әулиеті.
«Біз сұраған жоқпыз. Олар өздері келіп айтты. «Біз көмектесеміз. Балаларын өсіреміз. Қандай өтініштеріңіз бар? Барлығын жасап береміз» деді. Сосын мен өзім бала-шағаға пәтер алып беріңіздер деп айттым. Бұған келісті. Бір-екі айда шешілетін мәселе деді. Күтттік. Жетісіне келіп, кішкене азық-түлік алып келді. Содан бері тыныш», – деп қосты Жанар Құндақбаева.
Зауыт басшысы қазір өтемақы түгілі, мән-жайды түсіндіруге де құлықсыз. Тілшілерден қашқан ол барлығын полициядан сұрап алыңдар деп жүре жауап берді. Полиция қайғылы оқиғаға қатысты «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет» бабымен іс қозғаған екен. Бірақ кейін жазатайым оқиға деп танылып, іс тоқтатылыпты.
«Тергеу барысында полиция қызметкерлері барлық іс-шараны жүргізді. Нәтижесінде аталған дерек жазатайым оқиға деп танылып, ол бойынша ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда тараптар заңдық тәртіппен жоғарғы органға шағымдануға құқылы», – деді Алматы облыстық полиция департаментінің өкілі Ернар Сайділдин.
Мәселені енді сотпен шешуден басқа амал жоқ. Өйткені марқұм зауытпен тек шарт бойынша жұмыс істепті. Толыққанды келісім болмаған соң мәселеге Еңбек инспекциясы да араласа алмаған.