Алматы тұрғыны Тоғжан Бегалина өзінің Instagram әлеуметтік желісінде оңтүстік астанадағы караоке-клубтардың бірінде жігіт пен бойжеткен тарапынан соққыға ұшырағанын мәлімдеп, жазба жариялады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Оны қаладағы караоке-клубтардың бірінде ұрып-соғып, тұншықтырған.
Алматы тұрғыны Тоғжан Бегалина оқиға 11-12 қыркүйекке қараған түні қаладағы караоке-клубтардың бірінде болғанын айтады. Сол түні ол достарымен бірге өзінің туған күнін тойлаған. Тоғжанның құрбысы би алаңында клубқа келушілердің бірімен қақтығысып қалады.
«Бір қыз менің құрбымның мұрнынан ұрды. Мен одан неге ұрғанын сұрау үшін қасына жақындадым. Ол мені би алаңына отырғызып ұра бастады. Бізді оның жігіті ажыратқан кезде, ол оны тыныштандырып, мені одан құтқарғысы келген шығар деп ойладым. Бірақ ол мені қызымен бірге ұрып-соғып, тұншықтырды. Бұл уақытта қызметкерлердің ешқайсысы ажыратуға келмеді. Мен сол жерде өліп қала жаздадым. Олардың менің неліктен өлтіргісі келгенін білмеймін», – деді қыз Instagram-дағы видеода.
Қыздың айтуынша, оқиға туралы көпшілік алдында айтқаннан кейін, караоке клубтың аккаунты оны Instagram желісінен бұғаттап тастаған. Сондай-ақ мекеме оған бақылау камераларындағы видеоны беруден бас тартқан. Бірақ оны Тоғжанның құқығын бұзғандарға берген.
«Кешірім сұраудың орнына, олар осы жағдайдан кейін «жұлдыз» болып оянғанына қуанады. Жігіт өз парақшасында мені тыныштандыру үшін тұншықтырғанын жазады. Егер ол мені шынымен қатты тұншықтыратын болса, өлтірер еді. Оның қызы әлеуметтік желіде «біздің жолымызда тұрған кез келген адамды тұншықтырамыз” деп жазды», – дейді Тоғжан.
Қалалық полиция департаменті оқиға туралы түсінік берді. Дерек Қылмыстық кодекстің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелген.
«Қылмыстық істі Медеу аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр. Алғашқы тергеу іс-шараларының кешені өткізілді, күдіктілерден жауап алынды. Қазіргі уақытта жәбірленуші алған дене жарақаттарының ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындады. Сотқа дейінгі тергеу жан-жақтылық және объективтілік қағидаттарына сай жүргізіледі», – деді ПД баспасөз қызметі өкілі.