Құрылыстың сапалы әрі тиісті мерзімде орындалуы үшін дұрыс жобалау мен тұрақты қадағалау қажет. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады.
«Бүгін Тараз қаласында салынып жатқан 16 шағын ауданның құрылыс барысымен танысып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктедім.Жаңа тұрғын алқапта 351 жеке тұрғын үй, 82 көппәтерлі үйдің құрылысы жоспарланған.Бұдан бөлек, жоба бойынша мектеп, балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығы, өрт сөндіру бекеті, әкімшілік ғимарат, қызмет көрсету нысандары, саябақ, перинаталдық орталық, жұқпалы ауруларды емдеу емханасы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мәдениет үйі және тағы да басқа түрлі нысандар көзделген.Қазіргі таңда шағын ауданда 16 (720 пәтер) көпқабатты үйдің құрылысы жүзеге асуда десек, олар жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, биыл аталған алқапта 30 көпқабатты үйдің құрылысы басталмақ.Қала басшылығы мен салалық басқармаларға шағын аудандағы инфрақұрылым мәселесіне барынша көңіл бөлу керектігін ескерттім. Газ, су, жарық, кәріз, жылумен қамтуда ешқандай кедергілер болмауы тиіс.Айта кету керек, биыл түрлі бағдарламалар аясында облыс бойынша пайдалануға берілетін пәтер санын өткен жылмен салыстырғанда 227,1 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал тобын тұрғын үймен қамту көлемін де екі есеге дейін ұлғайту көзделуде», – дейді аймақ басшысы өз жазбасында.
Ербол Шырақпайұлының айтуы бойынша, бұл шаралар тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың баспана мәселесін шешуге едәуір мүмкіндік бермек.