Құрылыс жұмыстары қарқынды

Көне шаһарды көркейту мақсатында қолға алынған бірқатар жұмыс карантинге қарамай жүзеге асырылып келеді. «Көне Тараз» этномәдени кешеніндегі «Арбат» құрылысының екінші кезеңі қарқынды жүріп жатса, мөлтек аудандарды абаттандыру да толастаған жоқ. Осы екі мәселенің іске асу барысымен танысып қайттық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Бүгінде көркі көз тартып келе жатқан «Арбат» демалыс орнының аумағы – 2 гектар. Ұзындығы 323 метр жерді алады. Қым-қуыт тіршіліктен шаршағанда дамыл тауып, серуен құруға ең оңтайлы орын. Мұндағы құрылыс жұмысы сәуір айының 10-шы жұлдызынан басталған болатын. Елеулі еңбек, дамылсыз жұмылдырылған жұмысшылар күшінің арқасында құрылыс тамыз айында өз мәресіне жетеді.

Бүгінгі таңда құрылыс басында 40-қа жуық адам жұмыс істеп жатқанымен, жақын арада қосымша жұмысшылар да жұмылдырылмақ. Құрылысшылардың айтуынша, саябақтың қақ ортасында лазерлі субұрқақ орналастырылмақшы. Күннен-күнге жанданып келе жатқан құрылыс нысаны көпшіліктің сүйікті саябағына айналатыны анық.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 163 аула алаңшары абаттандырылмақ. Бұл абаттандыру жұмыстарының сметалық құны 18 миллионды құрайды. Жұмыс барысында ескірген асфальттың орнына жаңа асфальт төселіп, бордюр ауыстырылып, балаларға ойын алаңшалары орнатылады. 10-шы мөлтек ауданның №16, 17, 18 тұрғын үйлерінде жұмыс қызу. Одан бөлек, басқа мөлтек аудандарда да бұл жұмыс жалғасын табуда. Бүгінде қала бойынша 37 аула абаттандырылып жатыр. Жұмыспен жалпы 150 адам қамтылыпты.

– 10-шы мөлтек ауданына 1988 жылы «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы бойынша көшіп келгенбіз. Бұл жерге ремонт мен қоныс аударғалы жүргізілген емес. Сондықтан облыс, қала әкімшілігіне ризалығымды білдіріп, осы аймақтың тұрғындарының атынан алғыс айтамын. Балалар біздің болашағымыз болғандықтан, бүлдіршіндердің жағдайын жасау – құптарлық іс. Балалар алаңы әрбір отбасы үшін қажет еді, – осы мөлтек ауданның тұрғыны Нұрлан Бөлекбаев.

Comments (0)
Add Comment