Құрылыс сапасы – жіті назарда

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Әуелі Қайрат Әбілханұлы №15 мектеп-гимназияға арналған қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстарын көрді. Аталған оқу ордасының жанынан 300 орынды жапсарлас ғимараттың құрылысы 2024 жылдың 22 мамырында басталған еді. Бүгінгі күнге бірінші қабатының жұмыстары жүргізілуде. Мердігері – «SHEBER BUILD» ЖШС.

Келесі кезекте Қ.Исмаил №36 орта мектептің жылу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Осы ретте айта кетерлігі, ағымдағы жылы мектептердің жылу жүйелерін гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары басталып, 85 пайызға орындалып отыр. Айталық, 12 оқу ошағының жылу жүйелерін гидравликалық сынақтан өткізу кезінде ақаулар анықталып, оларды ағымды жөндеуден өткізу үшін сметасы дайындалуда. Енді қаражат көздерін қарастыру туралы бюджеттік өтінім білім басқармасына ұсынылады.
Бұдан кейін Қайрат Әбілханұлы «Ақбұлақ» ықшамауданы, №7 және «Жансая» ықшамауданы №23 көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы балалар ойын алаңшаларына аялдады.
Аулаларды абаттандыру айрықша маңызға ие. Бұл, бір жағынан, шаһардың шырайын кіргізсе, екіншіден, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне таптырмас мүмкіндік. Сондай-ақ мемлекеттің ұстанған басты саясатының бірі – дені сау ұрпақ қалыптастыру да осындай ойын алаңшаларынан бастау алатыны белгілі.
Қазіргі таңда осы бағытта балалар ойын алаңшасын салуға қалалық қазынадан тиісті қаражат бөлініп, «Аса» ықшамауданы, №36, Лесхозный көшесі, Жилкооперация, 1 «А», Талас, №27, Жауғаш батыр, №8, 9, Төле би, №9 «Б», «Жансая» ықшамауданы, №23, Сүлейменов, №8, «Ақбұлақ» ықшамауданы, №1 (7 үй), Сағындықов, №38, Сәтбаев, №1, Сатыбалдиев, №40, 42, «Мыңбұлақ» ықшамауданы, №46, Сыпатай батыр, №2 «А», 2 «Б», «Телеорталық» аумағы, №2, Қазыбек би, №142 секілді жалпы саны 16 мекенжайда абаттандыру жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші – «Проект и К» ЖШС. Оның ішінде 7 нысанда (Қазыбек би, №142, Сатыбалдиев, №40, 42, «Мыңбұлақ» шағынауданы, №46, Телеорталық, №2, «Жансая» шағынауданы, №23, Сәтбаев, №1, Сүлейменов, №8) тиісті жұмыстар толығымен аяқталуға жақын. Жалпы абаттандыру жұмыстары барлық мекенжайда қыркүйек айына дейін тәмамдалады деп жоспарлануда. Осы орайда айта кетерлігі, былтыр шаһардағы 26 аула жаңа кейіпке енсе, биыл 25 аула ел игілігіне берілмек.
Сондай-ақ Қ.Исмаил «Ұлы дала» шағынауданындағы 1 200 орындық мектеп пен «Бурыл» алқабындағы шағын футбол алаңшасының құрылысымен танысып, жұмыстарды сапалы әрі межеленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Құрмаш Қаптағай

Comments (0)
Add Comment