Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жуырда шаһардағы бірқатар нысандарды аралады. Әуелі шаһар басшысы «Ақбұлақ» (1), «Салтанат» (4) және «Мыңбұлақ» (9) ықшамаудандарындағы арық жүйелерінің жұмысымен танысты.
– Бүгінде облыс орталығын көгалдандыру бойынша ілкімді істер қолға алынуда. Бұған арық жүйелерінің де тигізер септігі мол. Оның үстіне бұл арықтардың көпшілігі талай жылдан бері қалпына келтірілмеген. Енді осы арықтардан су ақса, бұл тұрғындарға да қолайлы жағдай туғызады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Бұдан кейін қала әкімі №46 орта мектепке ат басын бұрды. Мұнда «Dauren build» ЖШС мердігерлігімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда шаһар басшысы жұмыстардың барысына көңілі толмайтынын жасырмады.
– Әрбір құрылысты жүргізгенде әуелі сапасына мән беру керек. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Өкінішке орай, көптеген мердігерлер мұны жете түсінбеуде. Бұл жерде де адам күшінің тапшылығы, кейбір жұмыстардың сапасыз орындалғаны анық көрініп тұр. Санаулы уақыттан соң балалар мектепке оралады. Егер мұндай олқылықтарға тағы да жол берер болсақ, ісіміз алға баспайды. Сондықтан жұмыс күшін көбейтіп, құрылыс қарқынын арттыру қажет, – деген қала әкімі жөндеу жұмыстарын сапалы әрі межеленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Келесі кезекте шаһар басшысы №28 орта мектепке аялдады. Мұнда да жоғарыда айтылған кемшіліктер қайталанған. Аталған оқу ордасының жөндеу жұмыстарын «Азамат құрылыс» ЖШС жүргізуде.
Сонымен қатар қала әкімі өз мәселесі бойынша шағымданып келген «Қарасай» алқабының тұрғынымен де жүздесті.
Тұрғынның негізгі мәселесі – электр энергиясы мен табиғи газ. Барлық мәселеге әбден қаныққан шаһар басшысы жауаптыларға айтылған проблемаларды тез арада шешіп, абоненттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Бұдан соң шаһар басшысы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №9 бөбекжай-балабақшаға барды. Бақытжан Әмірбекұлы мұндағы жұмыс барысы көңіл көншітпейтінін қадап айтты.
– Құрылыс барысында көптеген кемшіліктерге жол берілген. Мұндай олқылықтар, біріншіден, құрылыстың сапасына, екіншіден, аяқталу мерзіміне кесірін тигізеді, – деген шаһар басшысы құрылыс сапасы өзінің тікелей қатаң бақылауында екенін жеткізді.
Осы орайда айта кетерлігі, балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстарын «Әль-Мансур» ЖШС жүргізсе, техникалық қадағалаушы-сы – «Акгем Строй» ЖШС.
Келесі кезекте Б.Орынбеков Желтоқсан көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын көзбен көрді.
Бүгінгі күні Төле би даңғылынан Сүлейменов көшесіне дейінгі аралықтағы құрылыс алаңында жол негіздемесі дайындалып, жаяу жүргіншілер жолына асфальт төсел-ді.
Ұзындығы 416 метрді құрайтын жолдың құрылыс жұмыстарын «B grass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Техникалық қадағалаушы – «АКГЕМ СТРОЙ» ЖШС. Қазіргі таңда мұнда 7 техника, 20-ға жуық жұмысшы еңбек етуде.
Құрмаш Қаптағай