Құрылыс сапасы – қырағы назарда

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Әуелі шаһар басшысы бұрынғы «Гидрокешен» аумағында салынып жатқан «Таза тыныс» скверіне барды.

Қала әкімдігі мен Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті арасында  аталған аумақта сквер салу бойынша арнайы меморандум жасалған болатын. Бұл нысан тек жастар емес, егде жастағы кісілер үшін де бос уақытын тиімді өткізетін маңызды орынға айналмақ. Мұнда спорт алаңшалары, балаларға арналған ойын алаңдары, жастардың шығармашылығын шыңдауға ерекше мүмкіндік беретін амфитеатр мен тыныштық аумағы қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыс жұмысы қарқынды жүруде.
Бұдан кейін шаһар басшысы  Тәуке хан көшесі бойындағы саябақ салынатын аумаққа аялдады. Бүгінде аталған аумақта тазалау, құм төсеу және тегістеу жұмыстары қарқын алған. Саябақтың егжей-тегжейлі жоспарында 30 көлікке арналған автотұрақ, балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңдары және демалыс орындары орналасады.
Бақытжан Әмірбекұлы өз кезегінде абаттандыру мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту шаһар тұрғындарының өмір сапасын арттырудағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Қала – тек ғимараттар мен жолдардан тұрмайды. Ол – ең алдымен, адамдар үшін, олардың жайлы өмір сүруі, демалуы, спортпен айналысуы, бір-бірімен еркін араласуы үшін қалыптасатын орта. Сондықтан біз әрбір сквер мен саябақты салуда тұрғындардың сұранысы мен қажеттілігін басты назарға алып отырмыз. «Таза тыныс» сквері де, Тәуке хан көшесіндегі жаңа саябақ та – қаламыздың көркін арттырып қана қоймай, түрлі жастағы азаматтар үшін қолайлы демалыс орнына айналуға тиіс. Жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қатаң бақылауда болады. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, – деген қала әкімі мердігерлер мен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Келесі кезекте қала әкімі Ы.Сүлейменов көшесінде орналасқан «Төрткүл» керуен сарайын қалпына келтіру жұмыстарын көрді. Аталған нысан орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы аялдаған ірі сауда орталықтарының бірі болған. Бүгінде тарихи нысанды жаңғырту бойынша негізгі жоспар әзірленіп, алғашқы жұмыстар басталып кеткен.

Comments (0)
Add Comment