Құрылыс сапасы – қатаң бақылауда

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жол жөндеу және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүріп жатқан бірнеше нысанды аралап, құрылыс барысымен танысты.

Ең алдымен Ә.Әйтиев және Желтоқсан көшелеріндегі орташа жөндеу жұмыстарын көріп, Д.Қонаев пен Байзақ батыр көшесіне дейінгі Ә.Комратов көшесіндегі жаңа төселген жолдың 1-кезеңіне барды.

Одан кейін шаһар басшысы Көктем алқабындағы Әбішев көшесінде және Арай алқабындағы Домалақ ана көшесіндегі салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолы құрылысымен танысты. Жоба аясында жұмыстар жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысы үшін жағдай жасалуда.

Биыл қалада 64,1 шақырым болатын 95 көше, бұрылыс, тұйық және өткелге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. 100 көшеге және 20 тұрғын алқапқа шағал төселіп, жалпы ұзындығы 35,3 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолдары салынады.

Сондай-ақ қала әкімі С.Сейфуллин көшесінің Саңырақ батыр мен Жамбыл даңғылы аралығындағы түнгі жарық шамдарының құрылысы аяқталып, іске қосылғанын бақылады. Бұл аумақ тұрғындар тарапынан жиі шағым түсетін учаскелердің бірі болатын. Бұдан бөлек, С.Сейфуллин мен Жамбыл даңғылдарының бойындағы тротуарларға да жарық шамдары қойылды.

Сонымен қатар Б.Орынбеков «Солнечный» алқабындағы №56, 57 және 58 тұрғын үйлердің аулаларына жарық шамдарын орнату жұмыстарын көрді. Бүгінде тұрғындар қауіпсіз әрі жарық ортада еркін жүруге қол жеткізгендерін айтып, қала билігіне алғыстарын жеткізді.

Жалпы 2025 жылы 85 көшеге жарық тарту жоспарланған. Оның ішінде Алдағы уақытта қала маңындағы саяжай алқаптарын жарықпен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым құрылысы жалғасады. Бұл жұмыстар аяқталғанда, Тараз түнде де жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналмақ.

Таразда жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Осыған орай қала әкімі Бақытжан Орынбеков «М-1» және «М-3» жылу магистральдарындағы жаңарту жұмыстарын, Жамбыл даңғылының Қазыбек би көшесі мен Төле би даңғылы аралығында, сондай-ақ Қ.Тұрысов көшесінде атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын көрді.

Сонымен қатар «Ұлы дала» шағынауданында магистралдық және орамішілік желілер кеңейтілуде. Құрылысты маусым айының соңына дейін аяқтап, шағын аудандағы 66 көппәтерлі үйге 1 шілде күні ыстық су қайта беріледі. Қала әкімі мердігерге нақты тапсырмалар беріп, жұмысты уақытылы аяқтау маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар алдағы уақытта Жамбыл даңғылы, Д.Қонаев және С.Сейфуллин көшелерінде «М-3» магистралін жаңғырту жұмыстары жоспарланған.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment