Құрылыс сапасы қатаң бақылауда

Құрылыс сапасы қатаң бақылауда

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Ең әуелі шаһар басшысы Саңырық батыр көшесі, №55 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйді көрді.

Аталған үй ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №376 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына» сәйкес кезекте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамту мақсатында республикалық және облыстық бюджеттік өтінім арқылы екінші нарықтан сатып алынған. Бүгінде мұндағы пәтерлер тиісті келісім шарт арқылы толығымен пайдалануға берілген.
– Осы үйлерге тұрғындар талай жыл кезегін күтіп қол жеткізді. Қазіргі таңда пәтердің барлығы дерлік тұруға дайын. Дегенмен, кей тұрғындар немқұрайлылық танытып, әлі де өз баспаналарына көшуге асығар емес. Бұл тұрғын үйлерді жылумен және газбен өз деңгейінде қамтамасыз етуге кесірін тигізіп отыр. Себебі, осында тұруға тиіс халықтың 70 пайызы өз үйлеріне қоныстанбайынша көгілдір отын берілмейді. Бұл – тиісті заңда көзделген норма. Сондықтан пәтер иелері арасында түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізіп, заң аясында тиісті шешім қабылдау қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын жеке өз бақылауына алатынын жеткізді.
Бұдан кейін қала әкімі «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен, инфрақұрылым жұмыстарымен танысты. Қазір «Ұлы далада» 22 көпқабатты тұрғын үй бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның 4-еуі – арендалық, 18-і – кредиттік үй. Бүгінде көппәтерлі тұрғын үйлердің ішкі алаңдық инженерлік желілерінің құрылысы және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда.
Келесі кезекте шаһар басшысы «Түйте» каналына аялдап, қайта жаңғырту жұмыстарының барысына ден қойды. Қазір «Сенім Құрылыс Сервис» ЖШС мердігерлігімен каналдың «Ұлы дала» шағынауданы мен «Бурыл» алқабы ортасындағы бір бөлігіне абаттандыру жұмыстары жүруде. Каналдың абаттандырылатын бөлігі 1 738 метрді құрайды. Енді осы жұмыстар ойдағыдай аяқталса, канал бойы тұрғындар сейілдейтін демалыс орнына айналады.
Сонымен қатар қала әкімі А.Асқаров көшесінің соңында орналасқан №16 шағынауданға да ат басын бұрып, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы мен инфрақұрылым жұмыстарының сапасын тексерді. Өз кезегінде шаһар басшысы қадағалау күшеймей, құрылыс сапалы болмайтынын қадап айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment