Құрылыс қатаң бақылауда

Шаһарда биыл жүргізіліп жатқан құрылыс қарқыны жылдағыдан жоғары. Мұны күн сайынғы қала көшелеріндегі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары мен жаңадан бой көтеріп келе жатқан 15-ші мөлтек ауданның құрылысынан аңғарып жүрміз.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Құрылыстың сапалы әрі тиянақты жүргізілуі мердігер компанияның жауапкершілігін айқындайды. Бұл ретте оларға мүлт кетуге мүлде болмайды. Әрбір жіберілген қателік мекемеге үлкен айыппұл көлемінде шығын әкеледі. Бұл турасында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов Таразды аралау жұмыстары кезінде ескертті. Облыс орталығында жүргізіліп жатқан құрылыстың басым бөлігі тозығы жеткен инфрақұрылым мен көппәтерлі тұрғын үйлерге тиесілі. Асқар Мырзахметов бастаған жұмысшы топ алдымен 15-ші мөлтек ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстар легімен танысты. Бұл нысанның жалпы аумағы 362 гектарды алып жатыр. Мұндағы 26 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталса, 240 пәтердің кілті әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға табысталмақ. Асқар Исабекұлы мердігерлерге құрылыс барысында бас сәулеттен ауытқымай, сапаға мән беру керектігін қатаң тапсырды.

Облыс орталығының басшысы Қайрат Досаев бұдан әрі жұмысшы топты қаладағы жылу құбырларының ауыстырылу жұмыстарымен таныстырды. Шаһардағы жылу құбырларының ұзындығы 190 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда соның 18 шақырымы қайта жаңғыруда. Өңір басшысы құрылыстың басына барып, мына мәселеге тоқталды. Мердігерлер жұмысты аяқтағаннан соң, 3 жылға дейін кепілдік беруі қажет. Қазылған көше жолдарын қайта қалпына келтіруде мін болмау керектігін қадап айтты. Айта кететін жайт, Жамбыл облысына жылу жүйесін қалпына келтіруге республикалық деңгейде қомақты қаржы бөлінген. Нәтижесінде келер жылдан бастап Таразда жыл он екі ай ыстық су қолжетімді болмақ.

– Таразда 188,8 шақырым жылу жүйелері бар. Оның 40 шақырымы магистральдық жүйе. Осы жүйенің 24 шақырымы қалыпқа келтірілуде. Бұл жұмыстарды жүргізуге республикалық бюджеттен 9,4 миллиард теңге қаржы бөлінді, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұржан Алдамжаров.

Расында, әлеуметтік желіде жылу жүйесіне, оның ішінде ыстық судың жоқтығына қатысты сын-пікір бүгінде тым көп. Алайда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары көп сөзге бір жауап болары анық. Себебі шаһардағы жылу жүйесінде бұрын-соңды мұндай деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов мердігер компанияның өкілдеріне қазылған жерлерді тегістеп әрі тығыздап жабуды қатаң тапсырды.

Мұнан соң өңір басшысы бүгінде тараздықтар үшін үлкен маңызға ие болып отырған оңтүстік айналмалы тас жолының құрылысын көзбен көріп қайтты. Күре жолдың жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Аталмыш жол Жамбыл ауданының 12 елді мекені мен шаһардың шағын аудандарының арасын жалғамақ. Бүгінгі таңда жолдың 4 шақырымы аяқталған. Жол толығымен салынып болған тұста шаһардағы ішкі көлік қозғалысы қалыпқа келіп, кептелістер азайып, жүк көліктері қаланың сыртымен айналып өтпек. Жобаны жүзеге асыруға 18 ай уақыт берілген. Дегенмен мердігер компания өкілдері жұмысты уақытынан ертерек аяқтайтындарын айтып, уәде етті.

Өңір басшысының қаладағы құрылыс нысандарын аралауға арналған жарты күндік жұмысы «Алаш арена» спорт кешенімен түйінделді. Жеке кәсіпкердің қаражатына салынып жатқан нысанда футбол ойнайтын алаң, жуынуға және киім ауыстыруға арналған орын, жаттығу залы бар. Тұрғындардың игілігі үшін салынып жатқан спорттық нысанның құрылысы таяу күндері тәмамдалмақ. Биыл өңірде дәл осындай 86 нысанның қажеттілігі анықталған. Алдағы күндері 51 спорт алаңшасында түрлі турнирлер ұйымдастырылмақ. Бұл жұмыстардың барлығы Жамбыл облысының 80 жылдық тойына бағытталып жүргізіліп жатыр.

Comments (0)
Add Comment