Қала аумағында құрылысы аяқталмаған нысандар аз емес. Жыл сайын жергілікті әкімдікте осы мәселе қаралса да, түйткілдің түйінін толықтай тарқатудың реті келмей тұр. Бір қуантарлығы, биыл осындай 35 нысанның жұмысы қайта жанданатын болды.
Сәндібек Піренов Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров
Қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеевтің айтуынша, құрылысы тоқтап қалған 9 нысанда жұмыс қайта басталған. Бөлім басшысы пайдалануға берілген және аяқталуға жақын орындарға барып, жұмыстың жай-жапсарын бағамдап қайтты.
– Жыл басында қаладағы бірнеше жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған нысандарды кәсіпкерлермен келіссөз жүргізе отырып, қайта тұрғызу мәселесі қаралды. Соның ішінде 35 нысан бойынша нақты жұмыстар атқарудамыз. Биыл 9 нысанда құрылыс қайта басталса, соның бесеуі пайдалануға берілді. Енді жыл соңына дейін екі нысанда сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталып, ішкі жұмыстары басталмақ. Осы ретте әкімдік тарапынан құжаттамаларды әзірлеу және басқа да мәселелер бойынша қолдау көрсетілуде. Енді басталған іс аяқсыз қалмайды, – деді Алмасбек Ғалымжанұлы.
Елде жұқпалы індеттің таралуы салдарынан бірқатар кәсіп иелерінің жұмысы тұралап қалғаны белгілі. Оның үстіне қысылтаяң шақта сақадай сай қамданған жұмысшылар табу да оңай емес. Соған қарамастан, биыл бірнеше жыл бос жатқан орындарда жұмыстың қайта қарқын алғаны қуантады. Алдымен құрылыстың барысын бақылауға шыққан топ Абай даңғылы №103 «А» мекенжайында ашылған бес қабатты ірі сауда орталығына барды. Расында, аталмыш аймақтың қоршалып, құрылысы жүрмей тұрғанына бірнеше жылдың бедері болған. Енді мұнда сауда орталығынан бөлек, бизнес орталығы да ашылады екен. Бұл қала тұрғындары үшін жағымды жаңалық болып отыр.
Осыдан кейін қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Ғалымжанұлы бастаған топ Қарахан көшесіндегі тұрғын үйдің жобасымен танысты. Құрылыс басынан нысанның инвесторы әрі құрылыстың басы-қасында жүрген кәсіпкер Досқали Карипбаев та табылды. Ол тұрғын үйдің макетін көрсетіп, барлық стандарттарға сай бой көтеріп жатқанын айтты.
– Жеті қабатты, жиырма төрт пәтерлі тұрғын үй заманауи үлгіде салынады. Үйдің астыңғы бөлігінде сауда орталығы болмақ. Онда ауыл шаруашылығы өнімдері саудаланады. Бүгінде 3 шаруа қожалығымен келісімшарт жасасып та қойдық. Жеделсатыны Жапониядан алдырдық. Бұл орында көп жылдан бері құрылыс тоқтап тұрды. Елдегі жағдай біршама тұрақталып қалғанда, нақтырақ айтсақ, қыркүйекте инвесторлардың көмегімен жұмыс қайта қарқын алды. Құрылысқа жергілікті тұрғындар тартылды. Бұл пәтер келер жылдың 22 наурызында, мереке қарсаңында пайдалануға беріледі,–дейді кәсіпкер Досқали Карипбаев.
Келесі аялдама «Қарасу» мөлтек ауданы №17 «Б» мекенжайындағы медициналық орталық болды. Құрылыс басына «Almaz Medical Group» ЖШС бас дәрігері Нұртуған Әлқуатов та келді. Оның айтуынша, келер жылы пайдалануға берілетін орталық осы аумақтағы 12 мыңнан астам тұрғынға көмек көрсетеді. Белгілі болғандай, қала аумағында бұдан бөлек бірнеше дүкен, дәмхана мен сауда орталықтарының құрылысы келер жылы аяқталады екен. Бірақ бұл мәселені толықтай шешілді деуге келмейді. Дегенмен «кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынына» сенейік.