Руханият мемлекеттік рәміздерден басталады

Руханият мемлекеттік рәміздерден басталады

Кез келген елдің тәуелсіздігі мен біртұтастығының басты нышандары – оның мемлекеттік рәміздері. Қазақстан Республикасының Әнұраны, Туы және Елтаңбасы – халқымыздың тарихы мен тағдырын бейнелейтін қасиетті белгілер. Сондықтан мектеп қабырғасында оқушыларды осы рәміздерді құрметтеуге баулу – елдің болашағына салынған маңызды рухани іргетас.

Мемлекеттік рәміздер тек ресми белгілер ғана емес, олар – ұлттың рухы мен өзіндік болмысын көрсететін нышандар. Көк байрақтың астында біртұтас ел болу, Елтаңбаны мақтанышпен ұлықтау, Әнұранды жүрекпен орындау – жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді нығайтады. Бала кезден рәміздерге деген құрмет қалыптастыру арқылы жас буынды елге, жерге, мемлекетке деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге болады. Осы мақсатта мектептерде таңертеңгі сап түзеу кезінде Әнұран орындау, рәміздер тарихын түсіндіру, олардың мән-мағынасын ашатын тәрбие сағаттарын өткізілуде. Ұлттың рухани байлығы білім ошағынан бастау алатыны сөзсіз. Мұнда оқушылар тек білім алып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Егер мектеп қабырғасында рәміздерді құрметтеу мәдениеті дұрыс қалыптасса, болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар мемлекетшіл, елжанды болып өседі.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық рухты сақтау – басты міндеттердің бірі. Егер жас буын мемлекет рәміздеріне немқұрайлы қараса, бұл ұлттың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап рәміздерге құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру – ел бірлігін нығайтып, ұлттық сана-сезімді арттырудың негізгі жолы екендігі баршамызға белгілі. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел азаматы. Егер ол мектептен бастап рәміздердің маңыздылығын түсініп, оларды құрметтеуге дағдыланса, болашақта мемлекет мүддесін қорғауға дайын тұлға болып қалыптасады.
Ұлттың рухани кемелденуі мен болашағы тікелей мектептегі тәрбиеге байланысты. Сондықтан әрбір білім ордасында мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажет. Өйткені, мемлекет рәміздерін құрметтеу – елін, жерін, тарихын сүюдің және рухани тұтастықты сақтаудың басты көрінісі. Халқымыздың рухани байлығы мен бірлігі мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Мектеп қабырғасында осы құндылықтарды насихаттау арқылы біз болашақ ұрпақты елжанды, патриот азамат етіп тәрбиелейміз. Бұл Қазақстанның жарқын болашағының кепілі болмақ.

Раушан Қожамжарова,
Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы

Comments (0)
Add Comment