Рухани келісім – қоғам болашағы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсаты – мәдени құндылықтарымызды сақтау және ұлғайту.

Бүгінгі таңда «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша кешенді шаралар қабылданып, 2023 жылға арналған жоспарға 126 іс-шара енгізілген.
Іс-шаралардың бағыты 3-ке бөлінген. Атап айтқанда, тұлғаны дамыту бағыты – 42 іс-шара, ұлттың дамуы, халықаралық позициялау бағыты бойынша – 41 іс-шара, мемлекеттің, азаматтық қоғамның, жергілікті қоғамдастықтардың дамуы бағыты бойынша 43 іс-шара бекітілді. 126 іс-шараның ішінде 1-жартыжылдықта 48 іс-шарасы өткен. Қалған 78-і жылдың соңына дейін өткізіледі деп жоспарлануда.
Жалпы ағымдағы жылдың І тоқсанында 48 іс-шара ұйымдастырылып, оған қаланың 18 500-ге жуық тұрғыны қамтылған.
«Ұлттық рухани жаңғыру» атты мақаласының 5 негізгі ірі жобалары бар.
Қазақ тілінің латын әліпбиіне біртіндеп, кезең-кезеңімен көшуі туралы жобасы тіліміздің дамуына жаңа импульс беріп, оны әлемдік кеңістікке шығаруға, сөйтіп, халықты тілімізді толық меңгеруге ынталандыруға арналған. «Қазақ тілінде 100 жаңа оқулық» жобасы жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік беруге, білім сапасын арттыруға және ұлттың өзіндік сана-сезімі мен оның тілін дамытуға бағытталған.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты жобасы еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі жастағы және әртүрлі ұлттардың өкілдері арасынан жоғары жетістіктерге жетіп, отандастарына үлгі боларлық тұлғаларды дүйім жұртқа таныстырады. Осы жобаға енетін 100 жаңа есім қазіргі Қазақстанның бетке ұстар бейнесі ретінде алынады.
«Қазақстанның киелі географиясы» атты жоба еліміздің тарихи-мәдени және символикалық киелі негіздеріне сүйенеді. Бұл жобаға жататын қасиетті орындар елде туризм индустриясын дамытуға, сөйтіп, халықты киелі жерлерге тартуға арналады. Осы орайда «Туған жер» жобасы елдегі әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешуге, азаматтарды өздері тұратын елді мекендерді абаттандырып, өлкені жандандыруға, дамытуға, жалпы қоршаған ортаны қорғауға баулуға бағытталған.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін шетелге таныстыру жүйесін қолға алуды көздейді. Шын мәнісінде қазіргі заманғы қазақстандық мәдениетті мазмұндық жағынан да, қалыптық жағынан да ілгері дамытуға бағытталған. «Ұлттық Рухани жаңғыру» бағдарламасы заманауи тәуекелдер мен жаһандық талаптарды ескере отырып, ұлттың рухани құндылықтарын жаңғыртуға, сондай-ақ Қазақстанның заманауи әлемдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ұлттық сәйкестікті сақтауға, азаматтардың мәдени білімін және сана-сезімінің жоғары екендігін дәріптеуге бағытталған. Міне, осы сапалардың барлығы қазақстандықтар сүйенетін негізге, тірекке айналуы тиіс.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамды шоғырландыруға, зиялы қауым мен жастарды, барлық ұлт өкілдерін жарқын идеяның айналасына біріктіруге мүмкіндік береді. Бағдарламаның барлық бағыттарын іске енгізу әлеуметтің, ғылыми-эксперттік қауымдастықтардың, азаматтық қоғам өкілдері мен жастардың белсенді түрде атсалысуымен жүзеге асады.

Гүлназ Есенғалиқызы,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімнің басшысы

Comments (0)
Add Comment