Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі

Ел аумағындағы түрлі ұлт пен ұлысты, дін өкілдерін біртұтас жасампаздық пен келісім байланыстырып тұр. «Өзіңді құтқару үшін алдымен әлемді құтқар» деген Шығыс даналығын ұстана отырған Қазақстан әлем халқына шиеленіссіз өмір сүрудің үлгісін көрсетіп отыр.

1992 жылы қазан айында Алматы қаласында Рухани келісімнің бірінші конгресін өткізуге Елбасы ерекше үлес қосты. Аталған конгреске қатысқан танымал дін өкілдері және қоғам қайраткерлері осы күнді халық арасындағы өзара түсіністікке қол жеткізу және бітімгершілікті іздеу күні ретінде бекітуді ұсынған болатын. Содан бері жыл сайын елімізде 18 қазан – Рухани келісім күні болып дәстүрлі түрде аталып өтуде. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы осы Рухани келісім күнімен де тікелей байланысты. Дінаралық келісім күні елордада 1997 жылы алғаш рет кең көлемде аталып өтті.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекетіміз бейбітшілікті нығайтуға, аймақта тұрақтылық орнатуға қатысты бірнеше бастамаларды ұсынды. 2002 жылдың қарашасында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясындағы сөзінде барлық конфессияларды Еуразиялық дінаралық бейбітшілік пен келісім хартиясын қабылдауға шақырды. 2003 жылдың ақпанында Елбасының бастамасымен Алматыда мұсылман, христиан, иудей, басқа конфессия өкілдерінің қатысуымен бейбітшілік пен келісім халықаралық конференциясы өтті. Онда бейбітшілік пен тұрақтылық декларациясы қабылданды. Бұл құжатта «дін өркениеттер диалогын байланыстырушы болуы керек, бейбітшілік пен халықтың гүлденуі барлық діндер мен әлем мәдениетінің ақырғы мақсаты болып табылады» делінген.

Көпұлтты мемлекет қалыптастыру біздің кемшілігіміз емес, керісінше, кеңдігіміз деп білеміз. Жер бетіндегі соғыстан көз ашпай жүрген елдер Қазақстандағы тыныштық, тұрақтылық, келісім мен үйлесімділікке қарап сабақ алса болады. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы Қазақстандағы дінаралық келісім үлгісін айқын көрсетеді.

Қазақ елі ту көтеріп, тәуелсіздік алғалы еліміздегі дінаралық қатынас саласында мемлекеттік саралы саясат жүргізіп келеді. Дінаралық келісім мен толеранттылық – азаматтық бейбітшіліктің негізі. Мемлекетіміздегі әлеуметтік прогрестің маңызды факторы болып есептеледі. Тең құқыққа және міндетке ие барлық діни бірлестіктер, діни сенімдеріне қарамастан, жасаған құқық бұзушылық әрекеттері үшін заң алдында бірдей жауап береді.
Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында: «Біздің Ұлы Дала мыңдаған жылдар бойы толерантты, яғни тағатты болды. Сонымен бірге, мен толеранттылықтың кейбіреулер ойлайтындай, ойыңа келгенді істеу емес екенін де атап көрсеткім келеді.Толеранттылық – өзіміз нығайтып, сақтайтын және бүкіл ұрпақты тәрбиелейтін біздің қоғамымыздың парасаттылық қалыбы», – деуі кездейсоқтық емес. Себебі Қазақстан конфессияаралық және этникалық көпжақтығымен ерекшеленетін әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарына жатады.

Ұлана СЛАМБЕКОВА,
қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы

Comments (0)
Add Comment