Өртеңде туған өлеңдер

Облыстық «ARAI» жастар газетінің бөлім меңгерушісі, жас ақын Нұржан Қадірәлінің «Жүрек өрті» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Сәндібек Піренов

Өткен жылы Жамбыл облысы әкімінің жанындағы жас ақындар кеңесінің алғашқы отырысында ақындарға қолдау көрсетілетіні жайында айтылған-тын. Сонымен былтыр бір топ жас ақынның жинағы жарық көрді. Биыл Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы «Шынның жүзі – Шераға» атты облыстық байқау ұйымдастырып, жүзден жүйрік болған ақынның жыр жинағы кітап болып шығады деп жариялады. Басқарманың басшылығымен жыр додасын дәстүрлі түрде ұйымдастыру да жоспарда жоқ емес. Мүшәйрада бас бәйгені қанжығасына байлаған Нұржан Қадірәлі осылайша өлеңдер жинағын шығаруға мүмкіндік алды. «Жүрек өрті» – бұл ақынның ұйқысыз түндері, кереғар ойлары, түйгені, жан дауасы. Топырағында талай тау тұлғалы дарабоздарды тәрбиелеп өсірген Жамбыл жері ақындардың да шырайлы өлкесіне айналған. Кешегі аға буынның ізін жалғап, туындыларымен талайды таңдай қақтырған жас ақындардың да өресі биік. Солардың қатарында ақын Нұржан Қадірәлі де бар. «Ақын – бір адамның құшағындағы дүние» деген В.Гюго. Нұржан Қадірәлінің еркіндікке ұмтылып, ышқынған жүрек сөзі –өлеңі. Сондықтан болар, ол бүгінге дейін бірнеше жыр мүшәйраларының лауреаты, жүлдегері болды. Жуырда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды.

Тұсаукесерді Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев жүргізді. Жинақтың тұсауын жазушы-драматург Елен Әлімжан, ардагер журналист Бекет Момынқұл және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Лесбек Амалов кесіп, ақынға табыс тіледі.

– Шығармашыл адам үшін өзінің алғашқы жинағын көргеннен артық бақыт жоқ. Бүгін облысымыздың әдебиетсүйер қауымы күткен үлкен оқиға болып отыр. Бұл жинақ – Нұржанның төлқұжаты. Поэзияда өзіндік қолтаңбасы бар шалқар шабыт иелерінің бір ғана туындысының құдіреті бір томдық кітаптан да асып түсуі бек мүмкін. Нұржаннан да сол күш байқалады. Жас келген сайын ақынның тәжірибесі молайып, шеберлігі шыңдалады. Ендігі жинақ бұдан бір бас жоғары болуы керек. Оқырмандар соны күтеді. Осы жолда табыстан-табысқа жете бер, – деді Елен Әбдуатұлы.

Осыдан кейін «Aulieata-media» серіктестігінің директоры Нұрбек Бекен, облыстық «ARAI» жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төленді, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали жас ақынға тілектерін айтып, шалқар шабыт тіледі.

Тұсаукесердің соңында жинақтың авторы Нұржан Қадірәлі сөз сөйлеп, кітаптың жарыққа шығуына себеп болған «Усойқы» атты Шерхан Мұртаза рухына арнау өлеңін оқып берді. Артынша өзінің қолтаңбасы қойылған кітаптарды қонақтарға табыстады.

Comments (0)
Add Comment