Өрт сөндірушілердің еңбегі ерен

Айтып келмейтін тілсіз жау орын алғанда әуелі өрт сөндірушілерге жүгінеміз. Оларға сенім артып, өмірімізді де солардың қолына тапсырамыз. Бұл тұрғыда облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің мамандары сенім үдесінен шығып келеді. Олар осы уақытқа дейін қызыл жалын ішінен талай адамды құтқарып, қаншама үй-жайды аман алып қалды. Мұндай мысалдар жетерлік.

Айталық, ағымдағы жылдың 4 қазанында сағат 23.39-да облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының «101» қызметіне Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылындағы тұрғын үйдің ауласында орналасқан қора, жиналған шөп және қураған талдың өртке оранғандығы жөнінде хабарлама келіп түседі. Шақырту орнына Жуалы ауданы №7 өрт сөндіру бөлімінен 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 6 қызметкер жеке құрам шығып, ауданы 50 шаршы метрді құраған қызыл жалынмен айқасқа түскен от жауынгерлері өртті 20 минуттан астам уақытта ауыздықтады. Нәтижесінде қора-жайға жақын орналасқан тұрғын үй мен көрші үйлер дін аман қалды. Дәл сол күні жоғарыда аталған орталықтың «101» қызметіне Меркі ауданы Гранитогорск ауылындағы тұрғын үйдің өртке оранғандығы жөнінде хабарлама келіп түседі. Өрт орын алған орынға жедел жеткен №9 өрт сөндіру бөлімінен жеке құрам шығып, жедел түрде өрт сөндіру жұмыстарын жүргізеді. Олардың тәжірибелі жұмысының арқасында қызыд жалын үйдің шатырын шарпығанымен, баспанаға басқа зақым келмеген. Оқиға орнында қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Сонымен қатар өткен аптада Меркі ауданының Жамбыл ауылындағы тұрғын үйден шыққан өртті сөндіріп, көп шығынның алдын алған болатын.

Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына үйден шығарда электр құралдарын қуат көзінен ажыратып, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Ал өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалудың ақысыз негізде жүзеге асырылатындығын еске салады.

Жалпы облысымыздың құтқарушылары соңғы уақытта тұрғындар тарапынан атқарған кәсіби шеберліктері мен жедел әрекеттері үшін алғысқа бөленуде. Бұл – азаматтық қорғау органының әрбір қызметкері үшін үлкен мәртебе. Бұл жерде өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушілерінің де еңбегі ерен. Өрт сөндіру автокөлігімен жұмыс істеу үшін жүргізушіден қосымша білім алу талап етіледі. Бұл талаптардан бөлек олар жүргізушінің біліктілік сипаттамасында қарастырылған транспорт құралдарын дәрежесіне сәйкес өрт сөндіру автокөлігін қауіпсіз басқару негіздерін, тактико-техникалық сипаттамаларының тағайындалуын, құрылысын, әрекет ету принциптерін, арнайы агрегаттарға қызмет көрсету мен жұмыс істеуін, өрт сөндіру автокөлтерінде бекітілген аспаптар мен механизмдерін, олардың жарамсыздығын, белгісі, себептері, қауіпті салдарын анықтау және қалыпқа келтіру әдістерін, өрт сөндіру автокөліктерінің барлық түрлері мен маркаларын басқара білуі, арнайы агрегаттар мен механизмдерде жұмыс істей білуі қажет.

Нұрболат ӨМІРЗАҚОВ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру мекемесінің баспасөз хатшысы

Comments (0)
Add Comment