Төтенше жағдайлар қызметі – бейбіт күннің батырлары еңбек ететін сала. Қауіп-қатерге толы сәттерде бірінші болып көмекке ұмтылатын, өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің амандығын бәрінен биік қоятын жандар – өрт сөндірушілер. Олардың күнделікті еңбегі көзге көріне бермегенімен, қоғам үшін маңызы айрықша.
Өрт – адам өмірі мен мүлкіне үлкен қауіп төндіретін төтенше жағдайлардың бірі. Бір сәттік салғырттық, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сонымен қатар өрт – аяқ астынан туындайтын, адам өмірі мен мүлкіне зор қауіп төндіретін тілсіз жау. Осындай сын сағатта салқынқандылық танытып, кәсіби шеберлік пен батылдықты қатар ұштастыра білетін өрт сөндірушілердің әрбір іс-қимылы секундпен өлшенеді. Олар жалынға қарсы тұрып қана қоймай, түтінге тұншыққан адамдарды құтқару, материалдық шығынды барынша азайту жолында аянбай тер төгеді.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары үшін тәулік уақыты, ауа райы, демалыс деген ұғым шартты ғана. Қысқы боранда да, жазғы аптапта да, түн ортасында да шақырту түсе қалса, олар бір сәт ойланбастан оқиға орнына аттанады. Ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолындағы өрт сөндірушілердің еңбегі – ерен, ерлігі – өлшеусіз. Олар марапат пен атақ үшін емес, адам өмірі үшін қызмет етеді
Өрт сөндірушілер тек өртпен күресіп қана қоймайды. Олар профилактикалық жұмыстар жүргізіп, халыққа қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді, оқыс жағдайлардың алдын алу үшін үнемі дайындықта жүреді. Осы еңбектің арқасында талай қайғылы оқиғаның жолы кесіліп, талай отбасының шаңырағы аман қалуда. Бұл қатарда тараздық Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты мекемелердің қызметкерлері де бар.
Мәселен, жуырда Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының мәжіліс залында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің офицерлері мен Жедел-құтқару жасағының құтқарушыларының қатысуымен «Өрт және өзге де төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері» тақырыбында тәжірибелік сабақ өтті.
Іс-шараны Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының Жедел жәрдем қызметі мен Апаттар медицинасы орталығының білікті медициналық қызметкерлері жүргізді. Сабақ барысында медицина мамандары құтқарушыларға төтенше жағдай аймағынан аман алып шыққан зардап шегушілерге алғашқы көмекті дұрыс әрі уақытылы көрсетудің әдіс-тәсілдерін таныстырды. Атап айтқанда, жарақат алған адамды денсаулығына зиян келтірмей қауіп аймағынан шығару, жасанды тыныс алдыру, қан тоқтату және басқа да қажетті іс-қимылдар тәжірибе жүзінде көрсетілді. Құтқарушылар өздерін толғандырған сауалдарына нақты жауап алды.
Сонымен қатар қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында шаһардағы «Білім-инновация» лицейінің оқушыларына арналған танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында оқушылар өрт сөндіруші-құтқарушылардың қызмет атқаратын нысандарымен, асхана және жатын бөлмелерімен, сондай-ақ гаражда орналасқан өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникалары мен арнайы жабдықтармен танысты. Құтқарушылардың қызмет барысында бастан өткерген қызықты оқиғаларын тыңдады.
Танымдық шара өрт сөндірушілер мұражайында жалғасын тапты. Мұнда оқушылар тарихи жәдігерге айналған өрт сөндіру құрал-жабдықтарын көріп, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан батырлардың өмір жолына арналған деректі фильмді тамашалады.
Сондай-ақ құтқарушылар оқушыларға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мəлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы туралы мағлұмат беріп, аталмыш оқу орнына түсу талаптарын түсіндірді. Бұдан бөлек, Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының офицерлері өрт сөндіргішті тәжірибелік тұрғыда дұрыс қолдану тәсілдерін көрсетіп, өрт қауіпсіздігін сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жаднамалар таратты.
Жалпы, көп жағдайда өрт тұрмыстағы қарапайым себептерден туындайды. Электр сымдарының ескіруі, тұрмыстық құралдарды қараусыз қалдыру, газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, пеш пен жылыту құрылғыларын талапқа сай қолданбау – осындай немқұрайлылықтың салдары ауыр болуы ықтимал. Әсіресе, қыс мезгілінде пеш жағу мен электр жылытқыштарын қолдану кезінде сақтық шараларын күшейту қажет.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолы – алдын алу. Үйде және жұмыс орнында электр желілерінің жарамдылығын үнемі тексеріп, ақаулы құралдарды қолданбау қажет. Газ плитасын, үтікті, жылытқышты пайдаланғаннан кейін сөндіріп, балаларды от пен жанғыш заттардан аулақ ұстау – аса маңызды. Сонымен қатар тұрғын үйлер мен мекемелерде өрт сөндіру құралдарының болуы және оларды қолдана білу де үлкен рөл атқарады.
Өрт қауіпсіздігі – тек құтқару қызметінің ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Әр адам өз үйінде, жұмыс орнында қауіпсіздік талаптарын сақтауды әдетке айналдырса, көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. Қауіпсіздікке бейжай қарамау – өз өміріміз бен жақындарымыздың амандығын қорғаудың ең тиімді жолы.
Карина КАРТАШОВА,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі,
азаматтық қорғау аға лейтенанты