Ұршық – ұлттық құндылық

Халқымыздың тұрмыс дәстүрінде күнделікті тіршілікке пайдаланатын құралдар жүздеп саналады. Солардың бірі – ұршық. Көшпенді елдің негізгі қажеттілігі – киім-кешек десек, оны дайындау технологиясында тауар түрлері қолданылатыны белгілі. Тұрмысы төрт түлік малмен тығыз байланысты қазақ халқында өңдеу мен қатар оны іске асырудағы ұршық деп аталатын құралдың маңыздылығы өте жоғары болды.

Сырт көрінісі көзге айрықша көрінбегенімен, оның атқарар қызметі теңдессіз деуге болады. Күнделікті тұрмыста тұтынатын үй жиһаздары мен төсеніштері, тұс киіздерді жасау барысында осы ұршық құралы пайдаланылады.
Ұршық құралына тоқталып, атқаратын қызметі мен оның жасалу тәсіліне талдау жасар болсақ, оқырман қызығушылығын тудыратыны анық. Ұршық – жүннен шүйкелеп жіп иіруге арналаған құрал. Тарихына келсек, Қазақстан аумағында оны шаруашылықта пайдалану неолит заманынан басталады. Әсіресе, қола дәуіріндегі табылған ескерткіштерден басы арнайы қыштан құйылған ұршық қалдықтары көптеп кездескен. Ежелгі Шығыс елдерінде де қол ұршығы пайдаланылған.
Дәстүрлі қазақ даласында ұршық жүн өнімдерін пайдаланудағы басты еңбек құралдарының бірі болды. Жасалу жолдарына тоқталар болсақ, ұршықты ағаш, мүйіз, тас, сүйек, сонымен қатар түйе мен өгіздің ортан жілігінің айдар басы, қорғасын сияқты материалдардан жонып жасаған. Ұршықтың басы дөңгелек немесе жарты шар тәрізді болады, оның ортасына сап өткізетін тесігі орналасады. Сабы ұршық басынан 3-4 см шығып тұрады, оған жіп жүретін иректелген ойық жол жасалады. Кейде басына бір еліден соң мұрындық (ши, шырпы) орналастырылады. Мұрындық немесе иректелген ойық жол жіптің сіргеде біркелкі болып жинақталуына септігін тигізеді. Ұршықпен қап, дағар, алаша, басқұр, терме бау, шекпен секілді түрлі тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешектерге арнап жіптер тоқылған. Аз жіп иіруге арналған ұршықтың басы жеңіл, сабы қысқа етіп жасалады.
Міне, дәстүрлі ұлттық құндылықтардың ішінде ұршықтың адам өміріне тигізген пайдасы ұшан-теңіз болса, ол ұлттық құндылықтарымыздың бірі болып қала бермек.

Зере ҚУАНЫШ

Comments (0)
Add Comment