Құрсақ көтеру де қу дүние үшін бе?

«Әр баланың өз несібесі бар» дейтін алтын құрсақты әжелердің жолын жалғаған батыр ана­­лар бар. Халық демографиясына үлес қосып отырған жандардың көбі қарапайым отба­сын­­да жұрттан кем емес өмір кешіп жатқанына шүкіршілік айтады. Тіпті, соңғы жылдары жағ­­дайын былай қойғанда, денсаулығына қарамай көпбалалы ана атануға асығатындар кө­бей­ген. Қымбатшылық қос бүйірді қысып, баспана бас қайғы болып тұрғанда несібені баладан іздеу­ге не себеп? Ал көпбалалы аналарға қандай әлеуметтік көмек пен жәрдемақы тағайын­далған?

Бүгінде елімізде көпбалалы от­­­басыларға арналған жәрдема­қы­ны 400 мыңға жуық отбасы алады екен. Кәмелетке толмаған төрт жә­не одан көп баласы бар немесе 23 жасқа дейін күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға отбасы та­бысына қарамастан, бірқатар жәр­демақы тағайындалған,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Мыса­лы, төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 46 760 теңге, бес балаға – 58 457, алты балаға – 70 154, жеті балаға 81 852 теңге беріледі. Ал сегіз және одан көп балаға – 28,06 АЕК не­ме­се 81 852 теңге, қосымша жеті ба­ла­дан кейінгі әрбір балаға 4 АЕК бойынша төлем қарастырылған. Сонымен бірге «Алтын алқа», «Кү­міс алқа» алқаларымен марапат­тал­ған немесе бұрын «Батыр ана» ата­ғын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен мара­пат­талған көпбалалы аналарға ай сайын 6,4 АЕК мөлшерінде мем­ле­кеттік жәрдемақы төленеді. Одан бөлек, оларға тұрғын үйді мем­лекеттік тұрғын үй қорынан алу­ға немесе жергілікті атқарушы ор­ган жеке тұрғын үй қорынан жал­даған тұрғын үйді алуына ал­дың­ғы кезекті көмек көрсетуі мін­дет­теледі. Сондай-ақ оларды мем­ле­кет бірқатар салықты төлеуден босат­қан. Естеріңізде болса, бұған дейін Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі болған Біржан Нұрымбетов 15 баласы барларға 159 мың теңге төленетінін айтқанда, ведомство­ның бұл сөзі біразға дейін дау ту­дырып еді. Өйткені есеп бойынша, министрдің тағайындаған жәрде­ма­қысы әр балаға 10 600 теңгеден ай­налған. Тараптардың таласынан кейін былтырдан бастап 16 бала­ның әрқайсысына 10 600 теңгенің орнына 11 690 теңге жәрдемақы та­ғайындалды. Қазір 4-тен 16-ға дейін баласы бар отбасылар әр ба­ла­ға 11 мың теңге көлемінде жәр­де­мақы алады. Сөйтіп, Үкімет 1 090 теңге қосып, жәрдемақыны өсір­гендерін айтады. Әзірге еліміз­де үкіметтің көпбалалы аналарға деп тағайындаған ең жоғары 177 мың жәрдемақысын алатын от­ба­сы­лар саусақпен санарлық.

Жаратқан жәрдем береді
Елімізде оннан аса баланы асы­рап алып, қамқоршылыққа ал­ған көпбалалы аналар көп. Алай­да бір құрсақтан шыққан 16 ба­ла­ның ата-анасы атанған отбасы әзірге өте аз.

Оның бірі – Солтүстік Қазақ­стан­дағы Култышевтар отбасы. Бұл отбасы туралы жергілікті БАҚ бірнеше рет жазған болатын. Татьяна мен Павел Култышевтар шаңырақ көтерген 19 жылдың ішін­де 16 баланы дүниеге әкеліпті. Араға бір жыл салып дүниеге әкел­ген балаларының алды бүгінде сту­дент атанған. Көпбалалы ана­ның айтуынша, бала бақыт, әр ба­ла келген сайын шаңыраққа қуа­ныш әкеледі. Аналары 16 бала­ны күтіп-бағумен, тәлім-тәрбие берумен айналысса, әкесі Павел Кул­тышев шағын кәсіппен айна­лы­сады. Біреуден ілгері, біреуден кейін тұрмыс кешіп жатқан көп­ба­лалы отбасы ешкімнен көмек сұрап, алақан жайып көрмегенін ай­тады. Өзгелер секілді өз мүлкін өзгенің атына жаздырып, мемле­кет­тің тұрғын үй кезегіне де ілінуді жөн көрмеген отбасына таныстары «осынша баланы қайтесіңдер?» деп көңіліне келетін сөздер де айтып қалады екен. Бірақ қу дүние бірде жетіп, бірде жетпей жатса да, Жаратқан жәрдем етсе бәрі жақсы боларына бек сенімді. Былтыр Өскеменнің атқамінерлері 16 бала тәрбиелеп отырған «Батыр ана» Наталья Красильниковаға «Өске­мен қаласының Құрметті азаматы» атағын берген.

Есеппен балалы болу жақсылық емес
Сондай-ақ Түркістан облысы­ның Жетісай ауданында тұратын 80 жастағы Зәуре Сүттібаева 14 жасында тұрмысқа шығып, 13 баланы дүниеге әкелген Батыр ана. Зәуре Сүттібаеваның алты келіні де «Алтын» және «Күміс алқа» иелері. Анасының жолын жалғаған үлкен қызы Шолпан апай: «Бес қыз, екі ұлым бар. Барлығын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәлім-тәрбие бердік. Ұлдарымды ұяға, қыздарымды қияға қондырып, қазір солардан 25 немере сүйіп отырмын. Қазақта «бір қозы туса, бір жусан артық өседі» дегендей, әр баланың өз несібесі бары рас. Ешқа­шан балаларымды өсіп-жетілдіре алмай қаламын деп қорыққан емес­пін», – дейді. Сөз арасында Шолпан апай баланы бүгінгідей есеппен туудың соңы жақсылыққа апармайтынын да айтып қалды. Айтуынша, қазір кейбір жас аналар Үкіметтің жәрдемақысы мен тұрғын үй кезегіне бола дүниеге бала әкелгісі келеді екен. Біздің кезде бала тауып, ақ­шалы болу деген түсінік болмаған. Өйткені баланы дүниеге әкелу оңай болғанымен, оларды оқытып-тоқы­ту, тәлім-тәрбие беру – үлкен жауапкершілік. Сонымен бірге дәрі­герлер айтқандай, көпбалалы болу ана денсаулығына қауіпті де­ген­нің де дұрыс пікір емес екенін жеткізді. «Қазір дәрігерлер аналарда балалы болудан сақтандырады. Меніңше, ол дұрыс емес. Мысалы, балаларымның арасы бір, екі жастан. Аллаға шүкір, денсаулығым да жаман емес», – дейді Шолпан апай.

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында тұратын 36 жастағы көпбалалы ана Айнұр Жұманбетова 18 жасында тұрмысқа шыққан. Қазір 11 баланың анасы атанып отыр. Тұңғышының алды 16-да. «Көпбала­лы ана болуды мақсат еткен емеспін. Құдайдың берген сыйы деп білемін. Өйткені анам «Батыр ана» болған. Өзім де көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Қазір жеті ұл, төрт қызым бар. Ұл мен қыз аралас болды. Оқу бітіріп, тұрмысқа шыққалы бар жұмысым – балаларды дүниеге әкеліп, соларға тәлім-тәрбие беру. Үкіметтен қазір 172 мың теңге аламын. Оның ішіне бір балаға берілетін жәрдемақы, кенжемнің бір жасқа дейінгі ай сайынғы төлемі мен «Алтын алқа» үшін берілетін ақша, ай сайынғы атаулы әлеуметтік көмек есептеледі», – дейді Айнұр Жұман­бетова. Алты ай бұрын көпбалалы отбасы 2013 жылдан бері сарыла күткен тұрғын үйіне қол жеткізіпті. Жалға берілген 58 шаршы метрлік тұрғын үйі 11 балалы көпбалалы отбасы үшін таршылық көрсетсе де, шүкіршілік етеді.

Төртінші бала тегін үйірмеге қатысу үшін керек
Елордалық Анардың төрт баласы бар. Үйдің отағасы ғана жұмыс істесе, Анар тұрмысқа шыққалы үй шаруасымен айналысады. «Үш балам бар. Кішкентайым енді бірден асты. Бір жастан кейін ай сайынғы ақша тоқтайды. Жалғыз күйеуімнің жалақысы ештеңеге жетпейді. Оның үстіне, үш ұлым бар, енді бір қыз бала керек қой. Бәрібір үйде бала күтімімен отырған соң тағы бір баланы дүниеге әкелуді шештік. Қазір төртіншісіне аяғым ауыр», – дейді Анар. Дәл осындай пікірді Гүлнәр Жанасова да жеткізді. «Балалы болу оңай емес екенін білемін. Шынымды айтсам, денсаулығым да керемет деп айта алмаймын. Бірақ амал жоқтығынан төрт баланы дүниеге әкелдім. Өйткені қазір көпбалалы аналарға үй кезегіне тұруға, қоғам­дық көлікте тегін жүруге жағдай жасалған. Одан бөлек, көпбалалы аналардың балалары Оқушылар сарайына тегін үйірмелерге қатыса алады», – дейді ол.

Жиі жүктілік жатыр қабілетін жояды
Ал акушер-гинеколог Жанар Қыдырәліқызы жәрдемақы мен тегін үйірме үшін балалы болу баланың болашағына, ананың денсаулығы үшін де қауіпті деп отыр. «Баланы дүниеге әкелді дейік. Бірақ анасы­ның ауру болғаны керек пе? Қазір жас аналар жыл салмай құрсақ кө­тереді. Бұл дұрыс емес. Маман ретінде айтарым, әйелдердің жүктілігінде интергенетикалық аралық болу керек. Сол үшін біз әйелдерге үш жыл салып құрсақ көтеру керек екенін айтамыз. Өйткені әйел адамның ағзасы бала туғаннан кейін қалыпқа келу қажет. Бала босанғаннан кейін әйелдің гормондары қалпына келеді. Жыл сайын бала көтеретін болса, әйел адамның жатыр қабілеті де жойылады. Келесі босану кезінде қан кету қаупі пайда болады», – дейді акушер-гинеколог.

Кезегі келмейтін тұрғын үй
Дүниеге келген әр балаға бір жасқа дейін жәрдемақы беріледі. Мемлекеттің мардымсыз ақшасы тоқтаған соң күн көру үшін көптеген жас аналар тағы балалы болуға шешім қабылдайды. Енді бірқатары түнгі ауысымда түнделетіп жұмыс істейді. Көпбалалы отбасылардың көбісі тиын-тебен үшін балаларын төрт қабырғаға қамап, жұмыс істеу­дің соңы жақсылыққа апармайтынын, сол үшін көрші елдердегідей үш жасқа дейін жәрдемақыны тоқтатпау керек екенін талап етіп келеді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған басшылардың арасында баласын мемлекетке масыл қылу үшін тумайтынын айтқандар да бар. Әлі де айтып келеді. Есте болса, бес баласын Үкіметке артпай өсіреміз деген елор­далық ерлі-зайыпты­лардың бес қызы отқа оранбап па еді?! Халықтың қабырғасына батқан осы қайғылы оқиғадан кейін көпбалалы аналар билікке бірнеше талап қойған. Оның бірі — көпбалалы аналардың үй кезегі әділетті өтсе. Екі жыл бұрын елорда әкімдігіне келген бес баланың анасы Ақсұлу Исабаева: «Ең болмаса қыста балаларым тоңып қалмау үшін шағын болса да пәтер беруін сұраймын. Кезекті күтіп жүріп өліп кетпесек жарар еді. Өздеріне тегін алып жатқан керемет үйдің де керегі жоқ. Тиісті тұрғын үй кезегімді әділ берсе екен. Беретін үйлерін әкім­дік айлық жалақылары мен тұ­ратын жерлерін көзбен көріп, тексеріп жүргізіп берсе екен. Өйткені кей­бір көпбалалы отбасылардың жағдайы бола тұра, өз үйлерін өзге адамдардың атына аударып үй алады. Ал біздің алатынымыз —16 мың. теңге Үйдің кезегінде сегіз жылдан бері тұрамын. Кезегім әлі 7 854 болып тұр», – деп жыларман болды.

Денсаулығын ойлаған қоғамда көпбалалы болуды көбі қаламайды. Әйтсе де «бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» дейтіндер жәр­демақы үшін балалы болуды жоспарлайтын болды. Кішкентай кезде бір-бірінің ескісін киіп өсер, ал олар­ды қатарынан қалдырмай өсіру­ді де ойлайтындар аз екені ойландырады. Ұлтқа керегі – дені сау ана, жәрдемақы емес, болашағы жарқын болар ұрпақ.

Comments (0)
Add Comment