Ұрпақтардың рухани сабақтастығы

«Қазақстан – 2020: болашаққа жол» атты Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында: «Қазақстанда отбасы әрқашан әлеуметтің аса маңызды құраушы элементі ретінде қарастырылып келеді. Ол қоғам болмысының, мемлекеттің негізі, адалдық, адамгершілік және рухани үйлесім жүйесіндегі маңызды буын болып табылады.

…Өзі және өз жақындары үшін әлеуметтік жауапкершілік сезімін қалыптастыру отбасындағы тәрбиеден бастау ала отырып, жастар саясаты мәселелерінде негіз болуы қажет. Өмірдің құндылығы, қауіпсіздігі және оны жалғастыру отбасымен тікелей байланысты», – делінген.

Отбасы дегеніміз – адам баласының жанына жақын әлеуметтік ортасы, сондай-ақ ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың асыл мұрасы. Сәби дүниеге келгеннен бастап оның ата-анасы және отбасы мүшелері оны алғаш рет өмірмен, өзін қоршаған ортамен және мінез-құлық нормаларымен таныстырады. Демек, бұл – баланың келешекте саналы азамат болып өсуіне негіз болатын баспалдақ. Жанұя – бірлігі жарасқан орта, бала тәрбиесіндегі басты ұжым.
Отбасының басты мақсаты мен темірқазығы – бала тәрбиесі. Ендеше, жанұя тәрбиесі – тәрбие алудың негізгі іргетасы.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туабітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да, ең алдымен, отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық.

Отбасындағы тәрбиенің міндеті – балалардың жеке-даралық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған, саналы да парасатты істерге негізделген үздіксіз тәрбиелеу процесі. Мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер шешілуі тиіс:

  • баланың тағдырына, физиологиялық өсіп-жетілуіне, денсаулығына жағдай және қамқорлық жасау;
  • бала тәрбиесіндегі барлық ұстанымдар мен тәрбие әдістерін реттеу;
  • баланың өзіндік бағалауымен санаса отырып, қоғамның толыққанды мүшесі болуға даярлау;
  • еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, баланы күнделікті үй шаруашылығындағы еңбекке дағдыландыру;
  • отбасы мүшелерінің өзара дұрыс қарым-қатынасын үлгі етіп көрсетіп, ата-ананы, жасы үлкендерді сыйлап, құрмет тұтуға үйрету;
  • білім алудың, мәдени мінез-құлықтың әдет-дағдыларын қалыптастыру;
  • баланың икемділігін, қабілетін байқап, мамандық таңдауға бағыт беру, бағдарлау;
  • әдебиетке, өнерге, мәдениетке, ғылымға құштарлығын тәрбиелеу;
  • баланың ақылына, күшіне, біліміне сай берілген тапсырманы, талапты орындауын қадағалау, бақылау, тексеру, бағалау;
  • тәртіпке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке баулу.
    «Адамның адамшылдығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп Абай атамыз бекер айтпаған. Бұл дегеніміз, отбасы – адамзат ұрпағы үшін еш нәрсемен салыстыруға жатпайтын алтын діңгек, қасиетті өмірлік мектеп. Мектеп деп баланың ақыл-парасаты мен ой-өрісін жетілдіретін тәлім-тәрбие алатын ұжымды айтамыз. Бұл жерде өмірлік мектеп рөліне отбасы, ошақ қасы ие болып отыр.
    Яғни адамның жеке тұлға болып ержетіп өсуі мен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруі жанұяда қалыптасады. Сондықтан да «отбасы – ғажап табиғаттың сыйы, тіршілік тірегі» десек қателеспейміз. Осыған орай ұл-қыздарымыздың бойына ар-ұят, адамгершілік, инабаттылық, сүйіспеншілік, береке-бірлік, жанашырлық және т.с.с. асыл қасиеттерді бойына дарытатын имандылықтан бастау алған берекелі отбасының зор әсері баршылық.
    «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қазақтың нақыл сөзі отбасындағы тәрбиенің адам баласы үшін қаншалықты маңызды екенін айқындап тұр. Бағзы заманнан бері қазақ халқымыз балаларына салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа айналған ұлттық тәрбие беруге ұмтылып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету арқылы барынша адамгершілік қағидалардан тұратын имандылықты басшылыққа алған.
    Шынында да, «Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады» деп дана халқымыз айтқандай, балаға жастайынан адами қасиеттерге толы үлгі-өнеге көрсетіп, рухани құндылықтарды дәріптеп, кемелді тұлға өсірсек, жас ұрпақтың жарқын болашаққа қол жеткізетініне сеніміміз арта түседі.
    Отбасылық білімнің негіздерінің бірі – балаға туыстық қатынастардың жүйесін, ұлт ішіндегі әлеуметтік рөлдердің мәнін түсіндіріп, ұлт арасындағы қатынастарды реттеу, шежіресін таныту. Ол үшін әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің негізінде алынатын нормалар жүйесі қолданылып, туыстық қатынастар реттеліп тәрбие беріледі. Туыстық байланыстардың беріктігі: ата-ананы сыйлау парызы, қартайған ата-аналардың балаларымен бірге тұруы, кенже немесе жалғыз ұлдың ата-ана алдындағы жауапкершілігі, балаларды туысқандарының асырап алуы, туыс отбасыларының өзара көмегі және жесірлердің балаларын туыстардың өз қамқорлығына алуы сияқты әдет-ғұрыптар қазақ отбасыларының жазылмаған заңдары бола отырып, балалар мен жастарды тәрбиелеуге жағымды ықпал жасағаны даусыз. Парасатты әке-шеше балаларына өздерінің шыққан тегі, руы, ел-жұрты туралы әңгімелеп, ағайын-туыстар арасындағы қатынасты, жекжат-жұрағатты сыйлау салты бойынша аталас ағайындар бір-біріне қамқорлық жасап, қарайласып отыру міндеттілігін түсіндіріп, олардың үлгілі істерін мадақтап отырған. Әдет-ғұрып, рәсімдер, салт-дәстүрлер арқылы тәрбиелеу көбіне отбасында жүреді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, үлкендердің, ата-аналардың жеке басының үлгі-өнегесі балалар тәрбиесіндегі ұтымды әдістердің бірі болып саналады.

Күлжәмила Жолдасқызы,
Білім саласының үздігі,
«Құрмет» орденінің, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері

Comments (0)
Add Comment