Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры

Мейірім мен қамқорлықты жүрегіне түйіп, ізгілікке жол сілтеп, ынтымақтың ұйытқысына айналған әйел-ананың мәртебесі қашаннан биік. Бүтін бір ұлттың тәрбиесі – әйелдің жүрегінде. Махаббат сыйған жүрекке әлем сыяды. Ал ана жүрегі қашанда сүйіспеншілікке тұнып тұр.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Жасыл желекті сая етіп, саф ауаның самалына бөленген кештің күйі бөлек еді. Өйткені онда ең аяулы жандар бас қосты. Ана алақанының жылуынан нәр алып, бүгінде ұрпағының маңдайын сүйеп, тыныштығын күзетіп, ынтымағы мен ырысын арттырған үлгілі отбасылардың ұйытқысына айналғандар бастаған көш Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябаққа бет түзеді.

Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бастамасымен «Әйел – отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы» атты көпбалалы аналарға арналған шеберлік сағаты өтті. Айналаны нұрға, көңілді жырға бөлеп, ертеңгі ұрпақтың ізгілігіне жол сілтейтін саналы отырыста жан жылытар әңгімелер айтылып, ерлі-зайыптының босағасын берік, шаңырағын биік ететін өнегелі әңгімелер өрбіді.

Тәрбиеге тұнық, берері мол жиынға М.Х.Дулати атындағы университеттің профессоры, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Айгүл Қабиева, «Асыл-Дизайн» компаниясының жетекшісі, «Aspara Fashion Week» президенті Айдархан Қалиев, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали, Тараз қалалық мәслиxатының депутаты, «Goodmaker» ЖШС директоры, кәсіпкер Әмина Қайназарова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының лекторы, психология магистрі, «НИКА» коммуникативтік дамыту орталығының тренері, «НИКА» орталығының коуч-бапкері, фрилансер Гүлмира Сарытай қатысты.

Жиында бас қосқан аналар кеш барысында шаңырақ шаттығының сыры мен бақыттың қағидасы, отағасы мен отанасының татулығы мен бірлігі, отбасылық гармонияны сақтап қалудың құпиясы туралы тереңнен сөз қозғады. Дүниеге үшем әкелген көпбалалы ана, ардақты әже Айгүл Қабиқызы «Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы» тақырыбында алғашқы болып сөз бастады.

– Қазақ үшін ерекше қасиетті Құранның сөзіндей үш ұғым бар. Ол – Жер-ана, Отан-ана және өз анаң. Ана өмірдің бастауы болғандықтан, оның ниеті барша адамзаттың тілегімен бірдей. Таңмен таласып тұрып, күн ұясына батқанша жер бетіне тыныштық, береке мен ынтымақ тілейтін де ақ жүректі аналар. Әйел – болашақтың, жас ұрпақтың болжаушысы, барлаушысы, тәрбиешісі. Ұлттың батыры, ақыны, патшасы мен баласы осы бір нәзік жанның ақ сүтімен жетіліп, тәрбиесімен өсіп-өнеді. Қиын-қыстау жағдайда бір-бірімізге демеу беріп, ақыл айтып, сабырлыққа шақырып, қолымыздан келгенше қол ұшымызды берсек деген ниеттеміз. Өскеменде туып-өскен қызғалдақ едім, Тараздың жігітіне еріп осы қалада тұрақтап, ұрпақ өрбітіп, аяулы жар, асыл ана, ардақты әжеге айналдық. Өзім Алматыда танымал жұлдыздармен бірге өнер ошағын бітірсем де, күні бүгін отбасындағы әйел бақыты үшін, отбасы, бала-шағаның қамымен осы қалада қалдым, – деп ағынан жарылып, аналық ақ тілеуін жеткізді.

Өрелі өмірдің өрісін кеңейтер асқар тау әкелердің өсиетінсіз керегеміздің кеңімесі анық. Осы орайда қазақтың бүгіні мен ертеңін жалғап, оюына ой салып, көктегі күнді кестесіне, төстегі гүлді етегіне қондырар үлгілі іс бастап, қазақтың атын шет мемлекеттерге танытып жүрген белгілі дизайнер Айдархан Қалиев «Сән әлеміндегі неофольклор үлгісіндегі қолөнер туындылары» тақырыбында әңгіме қозғады.

– Отбасынан алған үлгі баланың ғұмырына жетеді. Мен анамның ұлы болдым. Өнердің осы түріне келуіме де сол асыл жанға деген сүйіспеншілігімнен болса керек. Мен өз анамның, барша ақ жаулықты аналардың құрметіне дала иісін сіңіріп, жусанның жұпары аңқыған иіссу жасап шығардым. Бұл – менің қазақ даласының аналарына деген ізгі ілтипатым. Бүгінде шет мемлекеттерге барғанда, міндетті түрде өз көрсетілімімде «Қазақстан-Тараз» деп айтқыздырамын. Бұл – менің туған жеріме деген құрметім. Қазақтың ұлттық киімін заманауи стильге үйлестіріп, кимешек пен сәукелені, орамал мен басқа да қазақи нақыштағы бұйымдарды насихаттап жүрмін. Шет мемлекетке барғанда, өңірдегі киелі орындар туралы, оның ішінде Айша бибі мазары туралы айтқан болатынмын. Расында, кейін шетелден танымал тұлғалар ат басын Таразға тіреп, Айша бибі, Қарахан сынды орындарға барып, тәнті болып, «әлі де келіп тұрамыз» деп айтып кетті. Міне, бұл – біздің елді жатжұрттықтарға үлгі етіп, танытудың бір мәртебесі, – деді ол.

Ал «Әйел – отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы» тақырыбында сөз алған Эльмира Мырза-Ғали өз отбасындағы тәлім-тәрбиесімен бөлісіп, перзенттерімен қазақи қағиданы ұстанып, бір дастарқан басында сыр шертісіп, әңгіме-дүкен құрып, балаларына ата-ана ғана емес, сонымен қатар дос, сырлас бола білген отбасы ғана барлық жағынан жетістікке жететінін айтты. Сонымен қатар ақын Фариза Оңғарсынованың отбасының ұйытқысы әйелдерге арнаған өлеңін оқып, жиналғандардың жүрегін толқытып, қошеметке бөленді. Одан кейін сөз алған «Отбасы, ошақ қасында өз бизнесін дамыту, табыс табу» тақырыбында Әмина Қайназарова сөз алса, «Бақытты отбасының құпиясы» тақырыбында әңгіме өрбіткен Гүлмира Сарытай шеберлік сабағына қатысқан аналармен псиxологиялық тренинг өткізді.

Ақылшы ене, инабатты келін

Бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен аяулы жар, ардақты аналардың тақырыбы Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының бірлесе ұйымдастыруымен Тараз қаласы Тұрар Рысқұлов атындағы орталық саябақта жалғасын тапты. Елорда күніне арналған «Ақылшы ене, инабатты келін» атты байқауы онлайн форматта (көрерменсіз) өтті.

Сайысқа облыстық іскер әйелдер ассоциациясы төрайымының орынбасары Меруерт Лештаева төрайым атанса, Жамбыл гуманитарық-техникалық университеті «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, профессор Жанат Сарыбекова, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали, «Aq jol» газетінің бөлім редакторы Маржан Рахай, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев қазылар алқасына мүшелік етті.

Шаңырақтың шайқалмауындағы ененің алатын орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі келіндердің рөлін түсіндіру, ене мен келін арасындағы сыйластықты күшейту арқылы отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайыс төрт бөлімнен тұрды. Бірінші таныстыру бөлімі «Сәлем – сөздің анасы» деп бар ілтипатын қатысушылар өздерін танытуға арнаса, екінші кезеңі «Білгенге маржан» айдарымен салт-дәстүр, әдет-ғұрып, отбасылық құндылық пен тәрбиеге қатысты сұрақтардан құрылды. Одан кейін «Қолөнер – халық қазынасы» бөлімінде ене мен келіннің бірлесіп жасаған дайын бұйымдары алға тартылды. Ал «Қиын түйін» атты соңғы бөлімінде отбасы, ошақ қасында ене мен келіннің қарым-қатынасының беріктігін байқату мақсатында шешімін табатын ситуациялық сұрақтар қойылып, тыныштық пен татулықты сақтап, сын тезінен мүдірмей өтуі көзделді.

«Пай-пай, қазақтың келіндері-ай, Көл-дария секілді пейілдері» деп ән тудырған келіндер мен енелерінің инабаты мен ибасы, шешендігі мен шеберлігі таласқа түскен сайыста ақжаулықтылар өз парасатын таныта түсті. Отбасының ұйытқысы, үйдің берекесін келтіруші, ондағы ырыстың артуы әйелдердің қолында екенін нәзікжандылар сахна төрінде дәлелдеді.

Байқау нәтижесінде бас жүлдені Т.Рысқұлов ауданынан қатысқан Байқұловтар отбасы жеңіп алды. І орын биігінен сарысулық Айтбековтер отбасы көрінсе, ІІ орын тараздық Кенжеғалиевтер отбасына, ІІІ орын Байзақ ауданынан қатысқан Игіліковтерге бұйырды. Ал Меркі ауданынан қатысқан Айзада Қарабаева «Қамқор ене», келіні Жанерке Мұхамеджанова «Зерделі келін» атанды.

Comments (0)
Add Comment