Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген екен Платон. Еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын салт-дәстүрлермен сусындатып, туған елін, жерін адал сүюді және көзінің қарашығындай сақтап, қорғауды әрбір азаматтың аяулы борышы деп түсіндірген даналарымыз.

Бүгінде осынау үрдістің арқауын үзбей, тәрбиелік мазмұндағы келелі жиындар жиі ұйымдастырылуда. Соның бірі – Тараз төрінде «Qazaqstan dauiri» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры, «Ел Ана» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының директоры, Қазақстан Республикасы журналистер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Сәуле Мешітбайқызының қатысуымен «Рухани тәрбие – құндылық мәні» атты жиын өтті.
Елдің анасы атанып, еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастаған ол өз сөзінде рухани тәрбиенің қоғамдағы маңызына, балалар мен жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруде бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ жасөспірімдерді адамгершілікке, жауапкершілікке тәрбиелеу – құқықбұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі екенін атап өтті.
– Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі қоғамда ақпараттық технология атты алып күш бар. Ол бір жағынан адамзаттың игілігіне қызмет етсе, екінші жағынан көзге көрінбейтін қауіпке айналып бара жатқаны жасырын емес. Азаннан қара кешке дейін телефонға телмірген жастардың тағдыры мені қатты алаңдатады. Бұл – тек көзге келген зиян емес, бұл – жан дүниеге түскен сызат. Мейірім мен шуақтан жұрдай, тәрбиелік мәні көмескі контенттер жас сананы улап, болашаққа балта шауып отыр.
Мен – ең әуелі бала тәрбиелеген анамын, немере сүйген әжемін. Қоғамдық қызметтерімді тізбелеп айтудан аулақпын. Дегенмен халықаралық басылымның тізгінін ұстап отырғанымды да жасырмаймын. Бірақ мен үшін ең қастерлі атақ – ұрпақ тәрбиелеген ұстаз деген мәртебе. Өздеріңіз секілді мені де елдің ертеңі, баланың болашағы бейжай қалдырмайды. Соңғы уақытта Қазақстанның барлық өңірін аралап жүрмін. Әр сапарым – бір кездесу, әр кездесу – бір ой, бір алаң. Бүгін осында келуімнің де себебі сол, жас ұрпақтың жай-күйі жанымды мазалайды. Балаларға қатысты болып жатқан келеңсіз жайттардың көпшілігі ата-ананың немқұрайлылығынан туындап жатқанын ашық айтуымыз керек. Бұл – бір ғана отбасының емес, тұтас қоғамның дерті. Ендеше, ең алдымен, осы дерттің алдын алуымыз қажет. Ол үшін жауапкершілікті қайта жаңғыртуымыз керек. Әсіресе, ата-ананың бала алдындағы аманаты мен жауапкершілігін биіктету – бүгінгі күннің ең өзекті міндеті, – деді С.Мешітбайқызы.
Келесі кезекте сөз алған қалалық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева қазіргі қоғамдағы бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады.
– Қазіргі қоғамда өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу – аса маңызды әрі өзекті мәселе. Ұлттық құндылықтар – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған рухани мұрасы, салт-дәстүрі, тілі мен ділі, мәдениеті мен дүниетанымы. Ұлттың болашағы – тәрбиелі, саналы, отансүйгіш ұрпақтың қолында екені баршамызға мәлім.
Бүгінгі таңда мектептерде ата-аналар комитетінің бастамасымен және қолдауымен бірқатар мазмұнды жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ата-аналар мен балалар арасында күнделікті «Өнегелі 15 минут» тәрбиелік әңгімелері жүргізіліп, бала мінез-құлқы, әдеп, адамгершілік, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді құндылықтар түсіндірілуде. Ата-аналар комитетінің қолдауымен мектептерде «Әкелер кеңесі», «Аналар мектебі», «Әже даналығы», «Ата өсиеті», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» клубтары жұмыс істеп, ұрпақтар сабақтастығы нығаюда. Бұл клубтарда ата-баба өнегесі, отбасылық тәрбие, ұлттық тәртіп пен жауапкершілік мәселелері кеңінен талқылануда, – деген Айгерім Аханқызы білім беру кеңістігінде нәтижелі тәрбие мен сапалы білім беру жұмысы тек бір тараптың міндетімен шектелмейтінін жеткізді.
– Оқушы тұлғасын жан-жақты қалыптастыру үшін мектеп, отбасы және баланың өзара байланысы, түсіністігі мен ортақ мақсатқа бағытталған ынтымақтастығы ерекше маңызға ие. Үш жақтың үйлесімді әрекеті білім беру процесінің тұрақты әрі тиімді болуына, баланың жан-жақты дамуына алып келеді.
2025 жылдың қараша айында білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Мейірімділік отбасынан басталады» қалалық ата-аналар форумы өтті. Форум барысында қоғамның өзекті мәселесі – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында мектеп пен отбасының өзара ынтымақтастығын нығайту бойынша атқарылатын және ұсынылатын жұмыстар мен жобалар талқыланып, іс-шара өзара түсіністік пен қолдаудың алаңына айналып, барлық қала мектептерінде жалғасын тапты. Желтоқсан айында «Ұлылықтың үлгісі – әке тәрбиесі» атты әкелер құрылтайы өтіп, барлық мектептерде әкелер кеңесінің құрылтайымен жалғасын табуда, – деді бөлім басшысы.
Сонымен бірге жиын барысында Тараз қалалық Полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы, полиция капитаны Фархат Имашев кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, «Қауіпсіз мектеп» қағидаты туралы, «Отбасын қолдау» орталығының директоры Бақыт Жақсылықова отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың маңызы тақырыбында, ата-ананың балаға деген дұрыс тәрбие беруі, жауапкершілігі бойынша №67 орта мектеп ата-аналар комитетінің мүшесі Айсұлу Мәмбет баяндама жасады.
Сондай-ақ шара барысында ата-аналар сала мамандарына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment