Әр ұлттың қай кезде болмасын алдына қойған ең ұлы мақсаттарының бірі – өз өмірін жалғастырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Еліміздің болашақ тізгінін ұстар ұрпағымызды жан-жақты жетілген , парасатты, мәдени, ғылыми өрісі мол етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы парызы. Қазіргі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені жастардың бойына сіңіру – маңызды мәселелердің бірі болып отыр.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деген болатын. Тарихи сананы жаңғырту мақсатында жазылған Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы көпшіліктің ойына қаяу салатын, терең зерделеуді талап ететін дүниелер. Өз ұлтымыздың дәстүрін, тарихын, мәдениетін дәріптеп, насихаттау арқылы ғана ұлтымыздың тарихын өміршең ете аламыз. Өткен өмір мен болашақты байланыстырушы жан ол біздің ұрпағымыз. Келешек ұрпақтың санасын жаңғырту, ұлт болашағы үшін олардың білімдерін ізгілендіру мақсатында аға буын өкілдерінің ұйымдастыруымен көптеген іс-шаралар болып жатады. Солардың бірі, жақында ғана Түркістан облысы, Түркістан қаласында өткен Рухани жаңғыру ұлттық бағдарлама аясында «Мәңгілік ел – Қазақстаным» атты зияткерлік турнирін атап өтуге болады. Бұл турнирдің мақсаты, еліміздің бейбіт аспаны, Тәуелсіздігі аясында мерейтойларға арналған байқаулар, кездесулер өткізу арқылы балалар мен жасөспірімдердің тарихи танымының, рухани деңгейінің биік болуына, жан-жақты өнерлі, заманауи азамат болып өсуіне үлес қосу. Ұстаздар мен шәкірттердің тәжірибе алмасуына ықпал ету. Бұл ғылыми конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас жеткіншектер келіп қатысып өз өнерлерімен бөлісті. Тараз қаласының №47 орта мектебінің директоры А.Б.Ботамқұлованың бастауымен мектептен 19 мұғалім мен 32 оқушы да осы конференцияға қатысты. Мектебіміздің басшысы өскелең ұрпақ мәселесіне қырағылықпен қарайтын жан-жақты, ізденімпаз, шығармашыл тұлғалы ұстаз десек те болады.Осы конференцияға қатысушы ұстаздар мен шәкірттердің шығармашылығын даярлауда зор үлесін қоса білді. Жарысқа қатысушы шәкірттер турнирдің «Көркемсөз оқу», «Ғылыми жоба», «Вокал» және «Би өнері» атты жарыстарына қатыса отырып, өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білді.
Нәтижесінде шәкірттеріміздің 17-сі «Бас жүлде», 11-і «І орын», 3-еуі «ІІ орын» иегерлері атанды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, шәкіртеріміздің биік шыңдардан көрінуі ұстаздардың жемісі деп ойлаймын.
Жарыс соңында мектеп директоры А.Ботамқұлова «Құрмет грамотасы» және І дәрежелі дипломмен, А.Керімбекова І дәрежелі дипломмен, Л.Дүйсенова, Р.Досжанова «Құрмет грамотасы», Қ.Сарсенқұлова І дәрежелі дипломмен және көптеген ұстаздар «Алғыс хатпен» марапатталды.
Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан мұндай халықаралық ғылыми конференциялар балалардың қабілетін ашып, олардың шығармашылық тұрғыда дамуына жол ашады.Елбасымыз жазған Ұлы даланың жеті қырының бірі – Түркі әлемінің бесігі Түркістан қаласында өткен «Мәңгілік ел – Қазақстаным» зияткерлік турнирі көпшіліктің есінде қайталанбас естеліктерімен қалды. Шығармашылық жұмысқа арқау болатын осындай турнирлердің болуының өзі жас ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарамайтындығымыздың бір көрінісі. Ел ертеңі өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан да ұстаздар, аянбай еңбек етейік дегім келеді.
Ләйлә Дүйсенова, №47 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі