Ұрпақ саулығы – ұлт болашағы

Жуырда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында «Салауатты келешек: оқушылардың денсау-лығын нығайтудың негізгі бағыттары» атты облыстық форум өтті.

Қазіргі заман отбасындағы бала тәрбиесі мәселесінің ерекшеліктерін жан-жақты талқылай отырып, мектеп пен отбасының ынтымақтастығы, бала денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстар және отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың бала тәрбиесіндегі маңыздылығын арттыру мақсатында ұйым-дастырылған басқосуға облыс-тық прокуратура, полиция департаменті, денсаулық сақтау, білім басқармасының басшылары мен өкілдері, республикалық психикалық денсаулық саласының мамандары, жоғары оқу орындарының ғалымдары, суицидологтар, білім беру ұйымдары мен аудандық, Тараз қалалық бiлiм бөлімдерінің директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілері бастаған жалпы саны 550-ден астам адам қатысты.

Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев шараның маңыздылығына тоқталды.

– Жас ұрпақ – өмірімізді жалғастырушы ғана емес, еліміздің тірегі, жарқын болашағы. Баланың білімді болуы ең алдымен ата-анадан, отбасынан басталады. Сондықтан да халқымыз «Баланың басты ұстазы – ата-ана» деген. Бала тәрбиесіне байыппен қарағанымыз аса маңызды. Сол себепті бүгінгі іс-шараның маңызды өте терең, – деді Еркін Құлымбайұлы.

Шараны жүргізген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова «Оқушылардың денсаулығы мен тамақтануына бақылауды ұйымдастыру және жүргізу» тақырыбындағы баяндамасында баланың жеке басының дамуы мен қалыптасуындағы ең маңызды буын – отбасы екенін және оның әрбір жетістігі ата-ананың тәрбиеге қаншалықты көңіл бөлетініне байланысты екеніне айрықша екпін түсірді.

– Жалпы өңірде 19 жастар денсаулық орталығы бар. Ондағы 200-ден астам қызметкер 14-29 жас аралығында жас азаматтармен арнайы (психолог, гинеколог, уролог, дерматовенеролог мамандары) жұмыс істейді. Сондай-ақ бүгінде Жастар ресурстық орталықтарымен бірлесіп, жастар мен оқушылар арасында үгіт-насихат жасалып жатқаны да көңіл қуантады, – деді Жанар Мықтыбекқызы өз сөзінде.

Бұдан кейін облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов «Саналы ұрпақ тәрбиесінде білім беру ұйымдарының ата-аналармен бірлесе жұмыс жасау жолдарының негізгі аспектілері» жөнінде әңгімелесе, ҚР психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар қауымдастығының вице-президенті, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры Белгібай Шахметов «Балалар мен жасөспірімдердің менталдық денсаулығы» тақырыбында баяндама оқыды. Сондай-ақ «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының президенті, профессор Төлебай Рахыпбеков балалық шақ – адам өміріндегі ерекше кезең екенін атап өтті. Дәл осы уақытта денсаулық қалыптасады, тұлғаның қалыптасуы жүреді, балалық шақ тәжірибесі көбінесе адамның ересек өмірін анықтайды екен. Балалар алғашқы өмірлік тәжірибені отбасыдан алады және әртүрлі жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін үйренеді.

Іс-шара барысында оқушылардың денсаулығы мен тамақтануына бақылауды ұйымдастыру және жүргізу, бала тәрбиесіндегі ата-аналармен бірлесе жұмыс жүргізудің жол- дары, балалар мен жас-өспірімдердің менталды денсаулығы, тәуелділіктің биопсихоәлеуметтік моделі, кәмелетке толмағандардың деструктивті мінез-құлқының алдын алу, балалар мен жас-өспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау, облыстағы бала құқықтарын қорғауды күшей-ту мәселелері, кәмелетке толмаған-дар арасындағы аутодеструктивті бұзушылықтар және суицидті превенциялау шаралары туралы, жасөспірімдердің синтетикалық, психоактивті заттарды пайдалану салдарынан пайда болатын психотикалық бұзушылықтардың алдын алу, рухани-адамгершілік құндылықтар мен ұлттық тәрбие беру туралы тұжырымды пікірлер ортаға салынып, талқыланды.

Бұған қоса «Оқушылардың денсаулығын нығайтудың негізгі бағыттары» атты көрме көпшілікке ұсынылып, отбасы құндылықтары туралы бейнероликтер мен фотосуреттер презентациясы көрсетілді.

Іс-шараның соңында барлық қатысушылар форумның үндеуін қабылдады.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment