Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс

Жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің қатары азайып бара жатыр. Кеудесін оққа тосқан батырлар арамыздан алыстағанымен, оларға деген құрмет ешқашан жоғалмайтыны белгілі.

Астанада өткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған парадта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та туған жерді қаһармандықпен қорғаған бабаларымыздың ерлігі дәріптеліп, Отан үшін жанын қиғандардың есімі ел есінен ешқашан шықпайтынын атап өтті.
– Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де ауыр сын болды. Сол зұлмат жылдар соғыстың тек қайғы мен қасірет әкелетінін, бейбіт өмірдің баға жетпес байлық екенін көрсетті.
Ұлы Жеңіс – еліміздің тарихындағы ажырамас бөлікке айналды және бүкіл адамзат үшін маңызды сабақ. Бұл – әрдайым есте сақтайтын ақиқат. Бүгінде арамызда сол сұрапыл соғыстан аман қалған ардагерлердің болуы – зор қуаныш.
Құрметті ардагерлер, барша отандастардың атынан сіздерге шынайы алғысымды білдіремін! Майдангерлердің ерлігі – мәңгі жадымызда. Олардың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі мен жанқиярлығы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі мен ерлігі ешқашан ұмытылмайды! Сіздерге мың тағзым! – деді Мемлекет басшысы.
Биылғы Жеңістің 80 жылдығын атап өту бақыты Қазақстан бойынша 100-ге жуық ардагердің ғана маңдайына жазылыпты. Оның 5-еуі Жамбыл облысында, нақтысын айтсақ, Тараз қаласында тұрады. Олар – Мүтәліп Ережепбаев, Иван Макеев, Геннадий Иванов, Григорий Нещеретнев және Шалданбай Шанбаев.

Мүтәліп Ережепбаев 1926 жылы 23 наурызда Талас ауданының Қарой ауылында дүниеге келген. 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Жеңістен соң әйгілі Брест қамалын қалпына келтіруге қатысқан. Елге 1950 жылы оралған. Осы жылдан бастап Талас аудандық Кеңес атқару комитетінде нұсқаушы, аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінде алғаш жауапты хатшы, кейінірек уақытша редактор міндетін атқарған. 1958-1962 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыған. Оны бітірген соң әр жылдарда Талас аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудандық газет редакторының орынбасары, редактор, Талас асыл тұқымды мал зауытында партия комитетінің хатшысы, 1976 жылдан аудандық газет редакторының орынбасары, кейіннен редакторы болып істеп жүріп, зейнет демалысына шыққан. Он жылдан астам уақыт аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы және төрағаның орынбасары болып сайланған. II дәрежелі Отан соғысы орденімен және ондаған мерекелік медальдармен, грамоталармен марапатталған. Соғыс және еңбек ардагері, запастағы майор, Талас ауданының Құрметті азаматы. «Атақоныс», «Өлеңім – өмірім» және басқа да кітаптары жарық көрген. 5 бала, 34 немере, 43 шөбересі бар.
Иван Макеев 1927 жылдың 10 шілдесінде Тамбов облысы, Мучкапск ауданының Мучкап селосында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін Забайкалье майданында ерекше мақсаттағы радиодивизионның барлаушысы болып қызмет етті. Харбин, Мукден, Чань-Чюнь қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. Соғысты Чань-Чюнь қаласында аяқтады. 1951 жылға дейін осы қалада әскери қызметте болды. 1952 жылдан бастап милиция органдарында, Жамбыл стансасы желілік ішкі істер бөлімінде жұмыс істеді. 1967 жылы Алматыдағы жоғары милиция мектебін бітірді. Оперативтік қызметкерден Социалистік меншікті ұрлауға қарсы күрес бөлімінің бастығына дейінгі қызмет жолынан өтті. Подполковник атағын алған. Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Геннадий Иванов 1926 жылы 8 шілдеде Кемеров облысының Яшкинск ауданында дүниеге келген. Кемеров педагогикалық училищесін бітірген. 1943 жылы қараша айында, 17 жасында Қызыл Армия қатарына алынған. 1944 жылдың қараша айынан 1-ші Украин майданы, 13-ші армияның, 350-ші атқыштар дивизиясы, 917-ші артиллериялық полкының құрамында шайқастарға қатысқан. Миномет расчетының командирі болған. Өз полкының құрамында аға сержант Г.Иванов фашистік Германияның астанасына дейін барған. Соғыстан кейін Боровичск әскери училищесін бітіріп, лейтенант шенінде 1956 жылдың қыркүйегіне дейін әскери қызмете болды. Рота саяси бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды. Запасқа шыққанан кейін Жамбыл қаласына келіп, педагогикалық институтты бітіріп, 1986 жылы алпыс жасында зейнеткерлікке шыққанға дейін қала мектептерінде математика пәнінің оқытушысы болды. II дәрежелі Отан соғысы орденімен және мерекелік медальдармен марапатталған.
Григорий Нещеретнев 1921 жылы 22 қарашада Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) ауданының Каменка аулында дүниеге келген. Соғысқа дейін Луговой МТС-інде комбайншы болып жұмыс істеген. 1941 жылы әскерге алынып, майданда аға сержант, бөлімше командирі, батерея старшинасы болып шайқасты. Ленинград қоршауын бұзуға, Новгород қаласын азат етуге қатысып, Псковқа дейін жетті. Жараланып, айыққан соң Волхов майданында 501-ші миномет полкы құрамында шайқасты. Ұрыста ауыр жараланып, емделгеннен кейін әскер қатарынан босатылған. Соғыстан кейін 2-ші топтағы мүгедек екеніне қарамастан жүргізуші болып еңбек етті. Еңбек ардагері. Жауынгерлік және бейбіт дәуірде алған марапаттары бар.
Шалданбай Шанбаев 1924 жылы 10 ақпанда Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) ауданының Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Меркі аудандық әскери комисариатынан 1942 жылы 15 тамызда әскерге алынған. Соғыстың соңына дейін ішкі істер әскерлерінің 227-ші полкы құрамында майданда болып, соғыс біткен соң да әскер қатарында қалдырылған. Елге 1949 жылы оралған. Трактор бригадасының бригадирі, санақшы болып істеді. 1959 жылдан 1984 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін «Жаңатұрмыс» колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі болған. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Маршал Жуков» және мерекелік медальдармен марапатталған.
Ел қорғаған қарияларды қадірлеу, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Мемлекет тарапынан оларға әдеттегідей қаржылай қолдау еш ұмыт қалған емес. 9 мамыр – Жеңіс күніне орай тараздық ардагерлерге біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Оның көлемі – 5 млн теңге.
Бұдан бөлек, басқа санаттағы соғыс зардабын көрген адамдар да мереке аясында біржолғы әлеуметтік көмекке ие болды. Атап айтар болсақ, 620 тыл ардагері, 65 ҰОС ардагерлерінің жесірі мен бейбіт уақытта әскери қызмет кезінде қаза тапқан 47 азаматтың отбасына – 50 мың, Ленинград блокадасының 1 тұрғынына – 60 мың, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 28 азаматқа – 100 мың, Ауған соғысының 430 ардагері мен Чернобыль АЭС-ындағы апатқа қатысушы 108 азаматқа, Ирак халықаралық бітімгеріне, Таулы Қарабахтағы қақтығысқа қатысқан 73 әскериге, Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыстардың 203 ардагеріне және Семей полигонының 175 қатысушысына – 150 мың теңгеден берілген. Бұл ресми деректі Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мәлім етті.
Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақ ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment