Тараз қаласындағы «Ерлік» мемориалдық кешенінің «Даңқ» залында Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі мен даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Ұлы Жеңіске 80 жыл және баһадүр Бауыржан» атты шара өтті. Мерекелік басқосуға соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілгендер, әскери қызметшілер, оқушылар мен қала тұрғындары қатысты.
Жиын алдында Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекет қайраткері Айтжан Қалтаевқа арналған бұрыштың ашылуы өтті. Оған Шымкент қаласынан А.Қалтаевтың қызы Сәуле Айтжанқызы мен туыстары арнайы келді. Салтанатты рәсімде еңбек ардагері Амангелді Карентаев, жиені Кәрімхан Шонбаевтар сөз алып, Айтжан Қалтаевтың соғыс кезіндегі ерліктері мен бейбіт замандағы мемлекеттің дамуына қосқан үлесі жайлы әңгімеледі. Келесі кезекте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық Қорғаныс істері департаменті ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Қайнар Байғабылов пен ардагердің қызы Сәуле Айтжанқызы бұрыштың лентасын қиды. Экспозицияға ардагердің кителі, жауынгерлі марапаттары мен өзге де құжаттары қойылған. Бұл облыстық Қорғаныс істері департаментінде сақтаулы тұрған жәдігерлерді «Даңқ» залына орналастыру туралы шешімнен кейін жүзеге асырылған.
Сонан соң шараның негізгі бөлігі бастау алды. Жиынның ашылуында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова сөз алып, ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ Жеңіс күнін жақындату үшін қан мен тер төккен аға буынның өкілдеріне алғыстарын білдіріп, бейбіт күннің ұрпақтары үшін олардың әрдайым батыр болып қала беретінін жеткізді. Шарада сондай-ақ жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжан сөз алып, жиынға арқау болған батыр Бауыржанның жазушылық қыры жайында баяндама жасады. Сонымен қатар батырдың немере інісі, «Бауыржантану» орталығының директоры Бекет Момынқұл, генерал-майор Әлімжан Ерниязов қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметі жас ұрпақтың еліктеуіне лайық екенін атап көрсетті.
Жиын «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының үйірме қатысушылары, еңбек ардагерлері мен әскерилердің ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Еркін САЙЫН