Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс

Мамыр – елдік пен ерлікке үндейтін, өткенді жаңғыртып, келешекке бағдар түзейтін айтулы мерекелер тойланатын ерекше ай. Әсіресе 7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінің мәні мен маңызы жоғары. Бұл күндері осынау бейбіт заманды сыйлаған Ұлы Отан соғысы ардагерлері, ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен барлық жерлестеріміздің ерлік ісі ұлықталып, өткенді қайта жаңғыртамыз. Бүгінгі тыныштығымыздың сақшыларының еңбегін дәріптеп, жалпақ жұртқа паш етеміз.

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 32 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы тәуелсіздік алған жылдары бастан өткерген қиын-қыстау сәттермен тұспа-тұс келді. Әрине, бұл кезде елдің экономикалық әл-ауқаты басты орында тұрғанымен, ел қауіпсіздігін нығайту да кезек күттірмес мәселе еді. Осы мақсатпен ұлан-ғайыр атыраптың тұтастығын сақтау үшін елімізде заманауи әскер құру ісі мықтап қолға алынды. Осылайша, 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Елдің түрлі өңірлерінде әскери құрылымдардың жауынгерлік қабілеттілігін арттыру үшін әскери округтер «Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтары болып қайта құрылды. Әскеріміз айбынды күшке айналды. Қорғаныс өнеркәсібі дамыды.
Қазақстан әскері елдік пен егемендіктің тірегіне, бейбіт өміріміздің, тұрақтылық пен тыныштықтың кепіліне айналды. Бүгінде әлем елдерімен әскери байланысымыз нық орныққан. Қазақстан ТМД және Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздік мәселесіне орай ортақ міндеттерді айқындайтын жаңа бастамалар көтеріп келеді. Дүниежүзі Қазақстанды әлемдік қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін құрметтейді. Еліміздің Семей ядролық сынақ полигонын жауып, ядролық арсеналдан бас тарту туралы батыл шешімдері – осының айғағы.
Бүгінде күш-қуаты жылдан-жылға артып келе жатқан Қазақстан әскерін барша қазақстандықтар мақтан тұтады. Әрбір арлы азамат үшін туған Отанын қорғаудан құнды, одан қымбат еш нәрсе жоқ. Бұл шынайы патриотизмді талап етеді. Бұл – шын мәнінде, зор мәртебе! Қазақтың қаһарман ұлы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген. Осынау ғасырлар көгіндегі өшпес өсиет – әрбір Отан қорғаушының мәңгілік ұраны болатынына сеніміміз мол.
Бүгінгі таңда кейінгі ұрпақ алдында батырлықтың айғағы бола білген ағалары мен аталарының, апаларының өрлік, отансүйгіштік дәстүрін лайықты жалғастыруда. Ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен Ұлы Отан соғысының отты жолдарынан өткен жауынгерлердің рухының алдында тағзым етіп, басымызды иеміз.

Біздің батыр бабаларымыз туған жерін қорғау жолында етігімен су кешіп, ат жалында көз шырымын алып, келешек ұрпақтың бейбіт күндері үшін жан аямай күрескені мәлім. Қазақ – ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық. Ұлан-байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті әріге бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген кітаптарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді.
Расында, қазақ халқының қаһарман перзенттері Ұлы Отан соғысының қан майдандарында ерліктің ғажайып үлгісін көрсетті. Сол үшін 104 қазақ «Кеңес Одағының Батыры» атағын алды. Салыстырар болсақ, саны қазақтардан екі есе көп өзбек халқынан бұл атаққа 67 адам, ал бауырлас түрікмен, тәжік және қырғыз халқынан шыққан барлық батырлар санын қосып есептегенде Ұлы дала ерлеріне жете алған жоқ. «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылып, бірақ ол түрлі себептермен берілмей қалған қаһармандарымыз да болды.
Жан-жақтан ентелеген жаудың бетін қайтаруға жамбылдықтардың да қосқан үлесі зор. Атап айтар болсақ, Жамбыл облысында жасақталған көптеген әскери құрамалар даңқты есімдерін ұлы шайқастар жылнамасына қашап жазды. 316-шы (Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық), 238-ші (30-шы гвардиялық) және 312-ші атқыштар дивизияларының даңқы Мәскеу түбіндегі шайқаста, 29-шы (72-ші гвардиялық) дивизия Сталинградты қорғаудағы, Курск иініндегі Днепрден өтудегі шайқастарда, 310-шы атқыштар және 314-ші дивизиялар Ленинград түбіндегі шайқаста даңққа бөленді.
Біздің облыстан майданға аттанған жауынгерлер қатарында өшпес ерлік жасап, Кеңестер Одағының ең жоғары әскери атағына ие болғандардың саны бүгінгі күні 28-ге жетіп отыр. Осы даңқты бабаларымыздың қатарында А.Суханбаевты, С.Естемесовті, А.Дәулетбековті, С.Шәкіровті, Б.Момышұлын атап өтсек болады. Сонымен қатар «Даңқ» орденінің толық иегерлері Е.Досмұхамбетов пен Т.Тастандиевті де осы топқа қосқанымыз абзал.
Ұлы Отан соғысына қатысты мұрағат құжаттарының басым көпшілігі Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатындағы 282-ші (Жамбыл облыстық партия комитеті) және 399-шы (Жамбыл облысының атқару комитеті) қорларда жинақталған. Ол қорларда Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін өңірдегі барлық жұмыстардың соғыс талабына сай жүргізіліп, халық арасында жаппай саяси жұмысты үдете түсу ісіне үлкен мән берілгендігі көрсетіледі. Осылай, Қазақстан К(б)П ОК-нің 1941 жылдың 4 қазанында ҚК(б)П Жамбыл облыстық комитетіне жіберілген хатында Отанымызға қауіп төніп тұрған кезде халықты неміс-фашист басқыншыларына қарсы жұмыла бас көтеруге шақырғандығы туралы мәліметтері мен басқа да іс-шаралар тізбесі беріледі. Осы және басқа да тапсырмаларды орындау барысы мен тылдағы жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері тұрғысындағы құжаттар 399-шы қорда жинақталған. Осы қорда «Кеңестер Одағының Батыры» атағын алмаса да, халық «хас батыр» санаған Ыбырайым Сүлейменовті мәңгі есте сақтау үшін Жамбыл ауданының «Төрткүл» колхозына, Жамбыл қаласындағы Билікөл көшесіне және батыр өмірге келген Сарысу ауданындағы «Комсомольский» ауылдық кеңесі мен «Қызыл күншығыс» колхоздарына оның есімін беру туралы Еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің 1944 жылдың 21 қаңтарында шығарылған қаулысы да бар.
Әрине, жамбылдық жауынгерлер отандастарымен бірге майданның барлық шебінде ерлік көрсетті. Мәселен, Жамбыл қаласында 1942 жылдың қазанында құрылған 81-ші атты әскер дивизиясы Сталинград майданының 28-ші армиясының құрамында, фашистерге қарсы шабуыл басталғанға дейін Астраханьның солтүстік шетіндегі 80-100 километрлік Волга жағалауын ерлікпен қорғады. Жалпы алты жарым айға созылған Волгадағы шайқасқа елу мың қазақстандықтың қатысып, ержүректілікпен көзге түскендігі белгілі. Сталинградты қорғап, Паулюстің армиясын талқандауда негізгі рөлді Шығыс халықтары, соның ішінде қазақстандықтар атқарғандығын неміс тарихшыларының өзі мойындағаны бүгінде нақты анықталып отыр.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі жамбылдықтардың тылдағы еңбектері де ересен болды. Тек 1941-1942 жылдардағы қыстың өзінде жамбылдықтар Қызыл Армия үшін мал өнімінен тігілген, тоқылған 150 мың жылы киім жіберді. Ал Жамбыл қаласының еңбекшілері 1942 жылы 17 575 шолақ күртеше, осынша пима жинап берді. Осы жылы Брянск майданына 16 вагон сыйлық жөнелтсе, 1943 жылы Ленинградты қорғаушыларға 9 вагон азық-түлік, киім-кешек жөнелтті. Облыс еңбеккерлері танк колоннасын жасақтауға 25 480 мың сом, әскери эскадрилияларды қайта құру үшін 24 557 мың сом өткізіп, 73 562 мың сомның әскери заем облигацияларын сатып алды. 1943 жылы 7 қазанда майданға 24 тонна жарма, 10 тонна күріш, 14 тонна қант, 45 тонна ет, 3,4 тонна кептірілген жеміс, оған қоса 14 мың дана жеке посылкалар жөнелтеді.
Жамбылдықтар партизан қозғалысына да белсенді атсалысты. Тұрғынбек Тыныбеков, Сыдық Қайдарқожаев секілді жерлестеріміз жау тылында фашистерге қарсы ерлікпен шайқасты.Қазақ жауынгер-партизандарының мұндай сұрапыл ерліктерінің аз болмағаны айдан анық. Айтар болсақ, тек Украинадағы А.Грабчактің партизан құрылымында 41 қазақ жауға қарсы күресіпті. Олардың арасында жамбылдық жерлестеріміз болуы әбден мүмкін.
Соғыс жылдары батырлық пен ерлік көрсеткен әйелдер де аз болмады. Олар Отанымыздың тәуелсіздігі мен азаттығын тек тылдағы ерен еңбектерімен ғана емес, Ұлы Отан соғысы майдандарында қолына қару алып та қорғаған еді. 1943 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде Жамбыл облысынан шыққан 270 қыз-келіншек Қызыл Армия қатарында соғысып жатты. Олардың қатарында Нұрғаным Байсейітова мен Тұрғаш Жұмабаева сияқты ерлік көрсеткен жамбылдық апаларымыз да болды…

* * *

Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.
Жеңіс күні – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс аяқталған ақжолтай күн… Бұл күн – сол бір қанды қырғыннан қайтпай қалған қыршын боздақтардың асқақ рухтарының аспандайтын күні. Бұл күн – әділеттің әділетсіздікті жеңген күні. Бұл күн – бүгінгі ұрпақтың сіздер сыйлаған бейбіт даму жолын одан әрі жалғастырып жатқан күні.
Бұл күн – қан майданда парыз бен намысты алға қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, қара ниетті жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігінің, биік рухының мерекесі. Осынау қуаныш үшін өмірлерін қиған боздақтарды еске алу күні… Үйіне, отбасына, ата-анасына оралмаған аталарымыз бен ағаларымызды, әпкелерімізді сарыла күткен сағыныш күні…
Сол себепті Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшіліктің және қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын дәлелдейтін, Отанын қорғаған жауынгерлер мен офицерлердің айбынын, Жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерінің мәңгі өшпейтінін айғақтайтын белгі болып қалмақ.
Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген перзенттік парыздарын, ұлттық мақтаныштарын дәлелдеді. Біздің ата-әжелеріміздің ерліктері мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі ұрпағы үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment