Ұрпаққа ұран болған ұлы Жеңіс

Біздің батыр бабаларымыз туған жерін қорғау жолында етігімен су кешіп, ат жалында көз шырымын алып, келешек ұрпақтың бейбіт күндері үшін күрескені мәлім.

Қазақ – ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық. Ұлан-байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті әріге бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген кітаптарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді.
Әлем тарихында қанды жазбамен қалған бұл соғыста жеңіске жету үшін халқымыз үлкен қиындықтардан өтті. 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат 4-те, жұрт шырт ұйқысында жатқан шақта естілген мылтық дауысы елдің үрейін алды. Бұл кезде фашистік Германия әскері алдын ала ескертпестен КСРО шекарасына шабуыл жасаған еді. Неміс басшылығы құрған «Барбаросса» жоспарына сәйкес, олар Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасау арқылы Қарулы күштерін қысқа уақытта тас-талқан етіп, 1941 жылдың күзіне қарай соғысты аяқтауды көздеген-ді. Алайда Кеңес халқы соғыстың бірінші күнінен-ақ қайсарлықпен, табандылықпен қарсылық көрсетіп, «қас қағым» соғыстың жоспарын іске асыртпады. «Қанқұйлы соғыста жалпы саны 43 миллионнан астам адам қаза тапты» деген деректер бар. Бұл сандар кейде құбылып та тұрады. Бұдан бөлек, із-түссіз кеткен боздақтар қаншама. Қалай десек те, майданның адамзатқа тигізген кесірі орасан зор.
Соғыс жылдары әкелері майдан шебіне аттанып, балалықтың бал дәмін татпай ерте есейген ақындар аз емес. Олардың жырлары кешегі майдан тақырыбын, адамдардың ауыр тағдырын жетімдік күндердегі қиындық пен күйзеліске арналды. Сол кездегі қаламгерлердің қай өлеңін оқысаңыз да, егіле отырып өршілдік байқататын биік рухқа толы сарын еседі. Қазақтың лирик ақыны Тұманбай Молдағалиев: «Әкемізден жас айырылған жетімдер, Білмей өстік төбелесу дегенді», – деп толғапты. Иә, сол сәтте қалың ел «құтты болсын» айтып Жеңіс күнін тойлап жатқанда, Тұмаш көкеміздің жүрегі әкеге деген сағыныштан сыз- дап тұрды. Олай болмағанда дәл жаңағыдай толғанбас еді…

«Хантәңірдің мұзбалақ ақыны» атанған Мұқағали Мақатаевтың да балалық шағы, қанды балақ соғыстың қасіретімен қатар өтті.
«Қанды балақ соғысты қарғыс атсын,
Қайран жеңгем, шырқыңды бұзды қалай?!»
Жыр жампозының осы өлеңі Құдай қосқан қосағын соғысқа аттандырып, ауылда қалған ақ жаулықты аналардың тағдырын көз алдыңызға айна-қатесіз алып келеді. Мұқағали да соғыс туралы талай мәрте тебірене қалам сілтеді.
Майдан даласына аттанған азаматтардың ішінде сөз ұстаған ақындар мен қаламын серт еткен жазушылар да жетерлік. Солардың бірі – жауынгер ақын Қасым Аманжолов. Ол 1943 жылы батыс майдандағы ұрыс аяқталғанға дейін қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде болды. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарып, елге абыройлы оралды. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен Қазақстанды қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақынның жанын қатты тебірентеді. Ақын рухының бұл қуатты серпілісі майдан жырларына ұласып, мазмұн, тақырып, түр, көркемдік бейнелеу кұралдары, ой мен сезім тереңдігі жағынан жаңа сапа тауып, биік белеске көтеріледі. Оның «Үстімде сұр шинелім» өлеңі майдан даласындағы жауынгерді елестетеді.
«Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды кырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім?!»
Әрине, дауылпаз ақын Қасымды халқы ұмытқан жоқ, ұмытпайды да!
Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақтың тағы бір ғажап жазушысы – Әзілхан Нұршайықов. Оны жалпақ жұрт тек майдангер ғана емес, қарымы бөлек қаламгер ретінде де жақсы таниды. Жазушының жастардың қолынан түспейтін «Махаббат, қызық мол жылдар» романы көпке мәлім. Даңқты жазушының батыр Бауыржаннан алынған сұхбаты желісінде жазған «Ақиқат пен аңыз» атты кітабы бар. Шығармада суреткер жазушы қазақтың қыран мінезді азаматы Баукеңнің батырлық қырын жан-жақты ашып көрсеткен. Бір қызығы, Әзілхан Нұршайықов қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бір құрамада соғысқан екен. Бұл туралы қаламгер өз естелігінде жазады.
Майдан даласына аттанып, хабар-ошарсыз кеткен батырлар өте көп. 1945 жылы фашистерді жеңіп, сарбаздар елге оралғанда, «өшкені жанып, өлгені тірілген» жақындарының қуанышында шек болмағаны даусыз. Ал «қара қағазды» құшақтап қанжылағандар одан да көп. Ұрыс даласынан оралған қазақтың тағы бір сыршыл ақыны Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» деген ғажап өлеңі бар.
Бұл туындыда ақын:
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Қаралы қағаз жіберіп,
Қаншама қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп,
Соғыстан қайтқан солдаттар! – деп тебіренеді.
Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда көзсіз ерліктер көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, 4 жылға созылған соғыста қазақстандықтар қатыспаған бірде-бір шайқас жоқ. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов сынды қаһарман қыз-жігіттердің есімдері әр қазақтың жүрегінде сайрап тұр. «Бiздiң жүрегiмiз темiр емес. Бiрақ бiздiң кек отымыз қандай темiрдi болса да ерiтiп, күйдiрiп жiбере алады. Бiздiң үрейдi жеңетiн ең күштi қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйiспеншiлiк», – деген даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Оттан ыстық Отан үшін жаңбырша жауған оқтың арасында жанталасқан аталарымыздың арқасында жеткен Жеңіске биыл 78 жыл толды. Бұл сол кездегі қазақ халқының ержүректігі мен төзімділігін паш етіп, тарихта мәңгілік қалатын күн.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment