Рождество – маңызды мереке

Православ христиандарының Рождество мерекесіне орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Тараздағы орыс-православ шіркеуінде болды.

Зере Қуаныш

Суреттерді түсірген Ю.Ким

Бекболат Серікбекұлы православ христиан өкілдері алдында сөз сөйлеп, оларды діни мейрамдарымен құттықтады.
–Мейірімділік пен жақсылықтың символы саналатын рождество мерекесі құтты болсын. Осы күні реніштер ұмытылып, көмекке зәру жандарға жәрдем көрсетіледі. Елімізде дінаралық татулыққа ерекше мән берілген. Сондықтан аталған мерекенің де маңызы үлкен. Елбасының көреген, дара саясатының арқасында мемлекетіміз сәт сайын дамып, қадамын нық басып келеді. Еліміздің, өнеріміздің өркендеуіне православ христиан өкілдерінің де қосып отырған үлесі зор. Сіздерді облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан құттықтап, жақсылық пен береке, амандық тілеймін. Тілектеріңіз қабыл болсын, – деді Б. Орынбеков.
Мұнан соң Тараздағы орыс-православ шіркеуінің протеиерейі Юрий Власенко сөз сөйлеп, жиналғандарды Рождество мерекесімен құттықтап, православ христиан өкілдерінің қуанышына ортақтасқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке келушілер атынан алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол еліміздің өркендеуі ел Президентінің ерен еңбегі, сарабдал саясатымен жүзеге асып отырғанын, дінаралық татулықтың халықтар достығы мен ынтымағына зор ықпал ететінін айтты. Ресми бөлім аяқталғанан кейін шіркеуге жиылған көпшілік мерекеге орай жасалынатын дәстүрді өз ретімен орындады.

Comments (0)
Add Comment