Құрметті Тараз қаласының тұрғындары!

Сіздерді ақ ниет пен ізгі тілектердің, жаңару мен жаңғырудың жаршысы – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Ғасырлар қойнауынан жаңғырып жеткен Наурыз уақыт пен ұрпақ сабақтастығының үздіксіз байланысын, дәстүр мен құндылықтардың тұтастығын паш етеді. Бұл – күн мен түн теңеліп, дүние-тіршіліктің оянар, жаңғырар шағы.
Барлық игі бастамалардың түп негізі Наурыз философиясымен астасып жатыр. Өйткені Наурыз – адамзатты бір-біріне жәрдемдесуге шақыратын, жақсылық жасауға үндейтін, еңбекке баулитын, татулықты ту еткен ізгілік насихатшысы.
Әз Наурыз – еңсесі биік елдіктің, іргесі бекем бірліктің, сарқылмас ырыстың бастауы. Ұлыстың ұлы күнін халқымыз жыл сайын шат көңіл, кең пейілмен қарсы алады. Бұл мереке көп этносты Қазақстан халқын достық пен татулыққа шақырып, игі істерге жұмылдырып келеді. Бұл мереке – біздің ұлттық рухымызды көтереді. Салт-дәстүрімізді жаңғыртады.
Бұл мереке татулық пен кеңпейілдік, ізгілік пен жанашырлық сияқты қасиеттерді еселейді. Дастарқан аққа, көңіл шаттыққа толатын, атадан балаға мирас болған бұл күн еліміздің ынтымағын, жеріміздің ырысын молайтуға зор үлес қосып отыр.
Құрметті жерлестер!
Ұлы даланың тамыры терең тарихынан бастау алған осы мерейлі мерекеде әр шаңыраққа шаттық, мықты денсаулық, молшылық пен береке тілеймін.
Үміттеріңіз ақталып, сенімдеріңіз бекемденіп, армандарыңыз орындалып, бақытқа кенеле беріңіздер.
Ортақ Отанымыз – Қазақстан өсіп-өркендей берсін!
Ұлыс оң, ақ мол, мереке құтты болсын!

Айтқазы Қарабалаев,
Тараз қаласының әкімі

Comments (0)
Add Comment