Өрлік пен ерліктің белгісіндей

Қала әкімі Қайрат Досаев Ұлы Отан соғысының ардагері Мұрат Жәнәліні Жеңіс күнімен құттықтады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жер мен көктің апшысын қуырған соғыс өртінің оты сөніп, жеңіс тұғырына туымызды тіккелі 74 жыл өтсе де, майдан даласында толарсақтан саз кешкен ұландардың көкейінен оқ жауған азапты күндер кетер емес. Оған дәлел, Мұрат ақсақалдың соғыстан кейін жолданған құттықтау қағаздардан көзін алмай күрсінгені еді. Аққұба жүзі қуарып, жанары солғын тартқан қарт сарбаз кителін киген сәт қанатын жайған қырандай қомданып, тарамыс алақанымен медальдерін аялап сипай берді. Сол сәт майдан даласында оққа ұшқан қанды көйлек досы елестеді ме, бәлкім, көзіне өмір тұнған өрімдей жас неміс басқыншысының өз оғынан өлім құшқаны, төбесін жанай өткен оқ-ажалынан өзінің де сонда әупіріммен аман қалған сұрапыл сәттері көз алдында тұнып тұра қалды ма екен? Әйтеуір, соғыс жылдарының ауыр да азалы көрініске толы картиналары көз алдында көлбеңдеп тұрғаны аян.

Қарт жауынгер 1926 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда қызы мен күйеубаласының қолында тұрады. 1944 жылы әскер қатарына шақыртылған. Жастық шақтың қайратты күндері көзінен бұлбұл ұшып, қуаты кеміп, әлсін-әлсін таяқ сүйеніп жүрсе де, ақсақал жерге қарап отырған жоқ. Ұл-қызына кейде бұйыра сөйлесе, енді бірде еркелей үн қатып, қадірі кетпеген қарттықтың биігінде екені байқалды.

– Сұрапыл соғыс өртінен аман қалып, күні бүгін немере-шөбереңіздің қызығын көріп, аман-есен ортамызда жүре беріңіз. Ұлы Отан соғысының аяқталып, Кеңес әскерінің жеңіске жеткеніне 74 жыл толуымен сізді шын жүректен құттықтаймыз. Жүз жасаңыз! – деп ақжарма тілегін жеткізген Қайрат Әскербекұлы қазыналы қартқа өзінің сый-сияпатын жасады.

Бейбіт күннің ұрпақтарымен ұзақ сырласып, ұрыс даласында басынан өткен қиындықтарымен бөліскен Мұрат ақсақал тебірене сөйлеген сәт жанарына жас толып кемсеңдей жылады. Сол сәт қарт жауынгерді ешкім жұбатпады. Жұбату да мүмкін емес еді…

– Мен «Отан соғысы», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Қайсар ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін», тағы одан да басқа медаль-ордендермен марапатталдым. Соғыс жылдары азапты күндерді бастан кешірдік. Бірақ ең ұлысы 1945 жылдың 9 мамыр – Жеңіс күні, қиындықты артқа тастап, шаттанғанымыз тіпті ерекше. Бас киімімізді көкке атып, жүрегіміз атойлап, бірде жылап, бірде күлгеніміз-ай, сондағы! Мені ұрыс даласына шығарып салып, пойыздың соңында қол бұлғап жүгіріп келе жатқан Балхия есімді балауса қызды 74 жыл өтсе де әлі ұмыта алмаймын. Бірақ тағдыр маңдайыма беларусь қызын жазыпты, – деді ол бір сәт жастықтың жалынды жылдарын еске алып.

Соңыра күні бүгінгі жүрек түкпіріндегі тілегімен де бөлісіп үлгерді. Ол өзінің медицина саласында білім алып жатқан немересінің оқуын бітіріп, дәрігер болып қызмет еткенін көруді арман етеді екен. Ерлік пен өрліктің белгісіндей болған қарт жауынгер орден-медальдеріне парасат биігінен көз тастап, кеудесін кернеген мақтанышпен кешеден бүгінге ойлы көзбен қарап отыр. Ниетіңізге жетіңіз, ата!

Comments (0)
Add Comment