Республикалық «Алтын домбыра» айтысында жамбылдық Алина Айдаралы арнайы жүлдеге қол жеткізді

Елордада “AMANAT” партиясының қолдауымен «Еңбек – ел ырысы» атты аламан айтыс мәресіне жетті.

Екі күн бойы Астана төрін жыр дүбіріне бөлеген сөз барымтасында бас-аяғы 16 ақын өнер көрсетті. Олардың қатарында «Алтын домбырадан» үмітті талай додаларда дес бермеген, шашасына шаң жұқпаған айтыскерлер айтыс аламанының көрігін қыздырды.

Айтулы сында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қарағандылық Мақсат Аханов иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табысталды.

Ал I орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы Мейірбек Сұлтанханға, II орын Аспанбек Шұғатайға бұйырды. III орынға Төлеген Жаманов пен Жансая Мусина лайық деп танылды.

Дуы басым бұл айтыста біздің өңірдің намысын шынашақтай ғана қарындасымыз, небары 11 сынып оқитын Алина Айдаралы қорғады. Сөзі мірдің оғындай өткір аға-әпкелерімен сөз таластырып, мықтылығын дәлелдеген Алина арнайы жүлдеге ие болды. Айтыстағы бәсі биік саналатын «Алтын домбыра» айтысында мұндай жетістікке жету үлкен абырой.

Алина қарындасымыздың бүгінгі қарқынына қарап болашағы жарқын екеніне сенімдіміз. Ақындықты жанына серік еткен ақын қызымызға өзіміздің Алтынкүл Қасымбекова, Күміскүл Сәрсенбаева және Айнұр Тұрсынбаева сынды әпкелерінің жолын берсін!

Comments (0)
Add Comment