Биыл 13 жылдан соң 25-қазан Республика күні ретінде қайта бекітілді. Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесі берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қыркүйек күні тиісті заңға қол қойды. Бұл мереке қаншалықты маңызды? Республика күнінің Ұлттық мереке болғанына жастардың көзқарасы қалай? Осы орайда turkystan.kz тілшісі жастардың пікірін білді.
Лаура Рахымжанова: Республика күні аталып өтілуі керек деп ойлаймын. Себебі ата-бабамыздың қолы еркіндікке, егемендікке дәл осы күні жетті. 1991 жылы алған тәуелсіздігіміз 1986 жылы болған желтоқсан оқиғасын амалсыз еске түсіреді. Ол күн – аза тұту күні, тәуелсіздік алуға үлес қосқан батырларымызды ұлықтайтын күн. Менің ойымша, Республика күні егемендігімізді, тарихымызды ұрпақтың санасынан жойып алмау үшін керек. Алғаш рет дәл осы күні біз өзімізді республика ретінде әлемге таныта бастадық. Тәуелсіздікті алуымызға дәл осы күні күшіне еңген декларация себеп болғанын естен шығармауымыз маңызды.
Дулатбек Кенжебек: Әрине, айтулы дата болғаны абзал. Бірақ мағынасына, мәніне үңілетіндей құндылықтарды халық санасына ұқтырғанымыз жөн. Яғни бұл қаузап отқан Республика күні деген дата сыныққа сылтау іздеп халықтың қазынасынан болмайтын шараға қаражат жарату емес, рухани толысуымыз үшін ғана ұйымдастыруымыз керек. Әйтпесе, бізде мейрам көп қой. Сондықтан өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай бекіткеніміз дұрыс.
Аяжан Маханбетова: Тәуелсіз ел, республика болу жолындағы бабаларымыздың, аға-әпкелеріміздің қайсарлығы, ерен еңбектерін ескеру осы Республика күнінде тағы бір мәрте еске алынып, еленеді деп ойлаймын. Бұл мереке қала күнін тойлауға қарағанда маңызды. Әрбір қала еліміздің бір бөлігі, маған бұған дейін неге тұтас мемлекетіміздің құрметіне бір күнді арнайы арнамасқа деген ой келетін еді. Оның жүзеге асқаны қуантады.
Эльмира Серікқызы: Республика күнінің маңыздылығы Тәуелсіздік алған күнмен бір деңгейде болу керек деген пікірдемін. Тәуелсіздікті мереке ретінде тойламай, қаралы күн деп жариялар болсақ, Республика күнінің маңыздылығы артар еді. Сонда жыл сайын 16-желтоқсанда болатын бейбіт шерулер, митингілер тоқтайтын секілді. Оның орнына бір кездері тәуелсіздік алу жолында құрбан болған батырларымызды еске алсақ деген ойым бар.
Қуантай Жолдасбеков: Республика күнінің мемлекеттік деңгейде, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа ортақ мереке ретінде тойлануы – халқымыздың бойына қуат, жүзіне қуаныш сыйлаған оң шешім. Әуелі, қоғамның патриоттық сезімін арттыруға сеп болары анық. Әсіресе, елімізге қарата айтылып жатқан негізсіз пікірлер бар кезде осы датаның зор құрметпен аталып өтуі айырықша маңызға ие деп санаймын. Сол үшін бұл күнді Тәуелсіздік күнінен әсте кем етіп және бір күндік іс-шаралармен атап өту қате. Рухани құндылығымызды, қазақы қайсар рухымызды, бай тарихымызды, бабадан қалған даланың мұрагері ретінде алты алашты әлемге таныту арқылы осы тарихи датаның біз үшін қасиеттілігін аша білуіміз, көрсете алуымыз қажет. Сол себепті бұл күннің қажеттілігі мемлекетіміз үшін зор деп санаймын.
Бұл дата тарихи бағасын әлдеқашан алып қойған. Тек бүгінгі қоғамнан өз орнын таппап еді. Алайда осы жылдан бастап қайта түлеп, жаңғырып, ұлтымызды ұлықтайтын мерекеге айналғаны көңіл қуантады. Егеменді ел болуымыздың алғашқы құжаты осы күні қабылданғанын білесіздер. Ол құр сөз емес, нақты факт. Сол себепті тарихи оқиға болған күн мемлекеттік деңгейде тойланғаны өте маңызды. Азаттық алуға жасалған алғашқы қадамның жеңісі, менің ойымша, осы күнмен тұспа-тұс келеді.
Әзімбек Қойлыбай: Республика күнінің мереке болып белгіленуі еліміздегі мерекелердің санын көбейтеді деуге болады. Негізінен 16-желтоқсан Тәуелсіздік күнін біз барынша мемлекеттік тұрғыда атап өтер едік. Тәуелсіздік күнінің мән-мазмұнын Республика күніне ауыстырып, 16-желтоқсанды тәуелсіздік күні қаза болған желтоқсаншыларды, азаттық үшін арпалысқандарды еске алуға бағытталған күйінде қалдыру керек деп ойлаймын.
Осы орайда 25-қазанның Республика күні болып белгіленуі құптарлық шешім. Ал 16-желтоқсан бізде Тәуелсіздік күні дегеннің өзінде, атап өте алмайтын мереке есебінде. Өйткені бұған дейін жаңа жылдық шыршалар Тәуелсіздік күнінен бұрын безендіріліп келді. Енді 16-желтоқсанды атап өтудің жеке бір рәсімі болса, «еске алу», «қазалы күн» деген секілді. Ал 25-қазан еліміздің жеке Республика болып құрылған күні болып сақталса, дұрыс болар еді.
Айгүл Мырзашова: Республика күні – еліміздің тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы күн. Дәл осы күні 25-қазанда қазақ елі декларация жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады. Бұл – қазақ тәуелсіз мемлекет ретінде танылған алғашқы оқиға. Тәуелсіздігіміздің кірпішін қалап берген бұл күнді мереке етіп өткізу қазақ халқының қуанышы деп білем.
Дайындаған: Ақмарал БЕРЕКЕТ.