Санкт-Петербургте ер адам тұрғын үйдің 18-қабатынан құлап, 10 жастағы қыздың үстіне түскен. Оқиға 1 ақпанда болды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Приморск ауданындағы Комендантский даңғылында орын алған. Ер адам анасымен бірге мектепке бара жатқан қыздың үстіне түскен. Ер адам оқиға орнында көз жұмды, ал қыздың аяғы сынып, ауруханаға жеткізілген.
Басылымның дерегінше, марқұм анасы және әйелімен бірге тұрған. Оқиға алдында ол жұмыс берушімен сөйлесу үшін балконға шыққан. Алдын ала ақпарат бойынша, ер адам психиатрдың қабылдауына жазылған.
Приморск ауданының полицейлері бұл дерек бойынша тергеу бастаған. Әзірге оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Мәскеуде 22-қабаттан құлаған жасөспірімнің тірі қалғаны туралы хабарлаған едік. Оқиға 29 қаңтарда болған.