Өрелі оқырманға тарту

Өзінің ерек болмысы, өлеңге келгенде бөлек бітімі бар, өңірге де, ел аумағына да есімі етене таныс Жанғазы Ахметовтің «Мен сондаймын!» атты тұңғыш жыр кітабы оқырманға жол тартты. Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жарыққа шыққан туындының тұсаукесері облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың қабырғасында ұйымдастырылды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Індеттің өршуіне байланысты тұсаукесерге шақырылған қонақтардың саны көп болған жоқ. Дегенмен жас ақынның мерейлі сәтіндегі қуанышымен бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев арнайы келді. Сонымен қатар кітаптың дәстүрлі қызыл лентасын Бекет Момынқұл екеуі бірге кесіп, ақынға деген лебіздерін білдірді.

– Жанғазы өзімнің балам секілді. Таулы жерде өскен, кіл батырлар мен ақындар шыққан жердің тумасы қолына қалам алып, жыр жазып, бала кезден бергі туындыларын жиып, оқырманға осындай тарту жасап жатыр екен, бек қуаныштымыз. Қаламыңнан әрі қарай да өміршең дүниелер тамсын ақ қағазға. Қуанышың мол болсын, – деп батасын берді журналист Бекет Момынқұл.

«Мен сондаймын!» – автордың жастайынан жігіт болған шағына дейін жазған дүниелерінің жиынтығы. Аты затына сай. «Кітаптың тақырыбына ішіндегі жырлар жауап беріп тұр», – дейді Жанғазының өзі. Ақ және қара түсті реңкпен жасалған кітапқа автор әдейі ешқандай алғы сөз жаздырмағанын айтады.

– Кітапқа енетін өлеңдерді жинау барысында алғы сөз жаздырмаймын деп шештім. Мұнда бала кезден бері қарай жазылған дүниелер топтастырылған. Осы уақытқа дейін кітап шығару жөнінде бірнеше ұсыныстар болды. Бірақ жуалылықтар жақсы біледі, менің атам Ілияс Ахметов жылдар бойы жазғандарын тек газет беттеріне жариялап келген тасадағы ақын. Өзімнің тұңғыш туындымды тек Ілияс атамның кітабы жарық көрген соң ғана жарыққа шығарамын деп шештім. Жақында атамның бірінші кітабы өзі жетпістен асқан шағында баспадан шығып, оқырманның қолына жетті. Осылайша, біздің әулетте бір емес, екі қуаныш болып жатыр, – дейді Жанғазы.

Замандастарына тектіліктің осындай үлгісін көрсете білген жас ақын өз сөзінде кітаптың сапалы болып, 1000 данамен таралуына тікелей атсалысқан облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасына риясыз алғысын білдірді. Біз де жас ақынды тұңғыш жеке жинағының жарыққа шығуымен құттықтап, шалқар шабыт, ақындық жолда таусылмас игіліктер тілейміз!

Comments (0)
Add Comment