Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет кулуарында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатына ревизия жүргізу жоспарланып отырғанын айтты.
Министр көп жағдайда өтірікке құралған есеп берілетінін айтты. Сол себепті қаражат жетпей қалады деп мәлімдеді.
«Біз қазір Әлеуметтік медицналық сақтандыру қорымен бірге және Денсаулық сақтау министрлігімен бірге, Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігімен бірге жұмыс жүргізіп жатырмыз. Көп жағдайлар кездеседі екен. Мысалы, ем алған адамды алды деп кейде көрсетіп жібереді екен. Содан көп жерде қаражат жетпей жатады. Сосын консултация көбейіп кеткен. Бұрын консултацияның көлемі 10 млрд теңгеден аспаса, қазір 170 млрд теңгеден асып кеткен. Бір консултацияның ішінде не айтуы мүмкін?», – деді вице-Премьер.
Сондай-ақ, ол әлеуметтік көмек алушылардың саны жыл сайын өсіп келе жатқанын айтты. Мәселен зейнеткерлердің саны 2,4 млн адамға жеткен. Бұл санатқа жыл сайын 80-90 мың адам қосылып отырады.
«Сондай-ақ, жәрдемақы алатын адамдардың саны да өсіп келеді. Қазір 1,1 млн адам бар. Дұрыс айтасыз. Біз соған ревизия жасаймыз. Қаражат қарастырылғанымен, оның бәрінің есебі бар. Біздің басты мақсат – әрбір тиынды тиімді қолдану», – деді Ерұлан Жамаубаев.