Құрбан айттың құндылығы тереңде

Ислам дінінде қастерлі екі мереке болса, соның бірегейі және ұлығы – Құрбан айт. Бұл мерекенің негізі сонау пайғамбарлар атасы саналатын Ибраһим пайғамбардың әулетінен бастау алады. Тарих мен тағылымды ұштастырған қасиетті мерекенің құндылығы да тереңде жатыр.

Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Өйткені қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды. Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда құрбандық дəстүр кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды.
Алла Тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекемен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады. Сондай-ақ мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақасын да мұқтаж жандарға береді. Айта кетер нәрсе, Айт мерекесін мұсылман қауымының көп болып тойлауының, думанды етіп өткізуінің еш әбестігі жоқ. Тек шариғат шеңберінен шығатын қылықтарға, дарақылық пен ысырапшылдыққа жол бермеулері керек. Таң азанымен мінәжат етуден басталатын мереке қазақ даласында өзіне жарасымды сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.
«Әрине, Аллаға жететiнi – олардың етi де, қаны да емес, сендердiң тақуалықтарың» («Хаж» сүресi, 37 аят), – дейдi. Демек, бiздiң сойған құрбандығымыздың қаны мен етi Алла құзырына жетпейдi. Мұны есте сақтайық. Өйткенi Жаратушы Иемiз оған мұқтаж емес. Сiздер мен бiздерден жететiнi –ниетiмiз бен тақуалығымыз ғана.
Негiзiнен, тақуалық деп адамгершiлiктен тыс iстерге жетелейтiн амалдарға бармауды түсінеміз. Бiр хадисте: «Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Ей, Алла Елшiсi, тақуа қай- да?» – деп сұраса, Ол оң қолын көкiрегiне қойып: «Ол мұнда», – деп көкірегін басыпты», – деген. Демек, тақуа адам көкірегі ояу, көзі ашық адам дегенді білдіреді. Демек, құрбандық шалудың қасиеті – жан шығарып, қан төгуде емес, оның тағылымы мен тәрбиесінде, өнегесінде. Өйткені малдың жанын шығарғаннан оның етіне қарық болу деген әңгіме кеп шықпайды екен. Мәсе-ле – көкірегі ояу, көзі ашық адам бола білуде. Алланың жолында ең керекті нәрсені қия білуде. Сондықтан құрбандық жасауға бұйырудан мақсат мұсылманның Алла әмiрiне бойұсынуын, ықылас-ниетiн, тақуалығын және Алла үшін, тілі, діні үшін, елі мен жері үшін ең қымбат нәрсесін қия білуін байқау, сынау.
Құрметті бауырлар, айт күнгi ғибадаттарыңызды Жаратқан Ием қабыл, ал мұрат-мақсаттарыңызды асыл етсін! Мерекелерiңiз құтты болып, әр отбасына бақыт, береке қонсын! Қасиеттi орындарда қажылығын жасап жүрген отандастарымыз аман-есен елiмiзге оралсын! Күллi әлемде тыныштық болсын! Алла Тағала мұсылман үмбетiн жарылқап, дінімізге күш-қуат берсiн!

Ержан Аманбаев,
Тараз қалалық орталық
«Әулие ата» мешітінің бас имамы

Comments (0)
Add Comment