Аса мейірімді, мейірбан Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ әлемдердің Иесі Аллаға тән. Салауат пен сәлем елшілердің төресіне, оның әулеті мен сахабаларына болсын!
Аллаға шүкір, қасиетті Рамазан айына да аман-сау жеттік. Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзі үлкен нығмет. Жаратқан Ие баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруға медет берсін, жәрдем етсін. Бұрынғы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай – әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.
Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.) Ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» – деп тілек тілеген екен.
Ислам күнтізбесіндегі тоғызыншы айдың, жылдың ең қадірлі болған айының атауы − Рамазан. Рамазан – мұсылмандардың асыға күтетін, ораза ұстаған жанға Алланың сауабы төгілетін, айлардың сұлтаны болған қасиетті ай.
Ораза – исламдағы негізгі рүкіндердің бірі. Сонау самауи діндерден жалғасып келе жатқан құлшылықтың түрі. Бұл оразаның адамның рухына, денесіне, денсаулығына тигізер пайдасы көп. «Рамазан айының алғашқы түні болғанда, жәннат есіктері айқара ашылып, бұл Рамазан айы бойы жалғасады. Сөйтіп, Алла Тағала бір жаратқанына бұйырады нида (жар салуды) қылуды. Нида қылушы (жар салушы): «Ей, жақсылық жасаушы жәннатқа келгін. Ей, жамандық жасаушы тоқтат». Және кейін тағы да былай дейді: «Алладан кешірім сұраушы бар ма? Сұрасын, Алла оның күнәсін кешіреді. Алладан дүние-мүлік сұраушы бар ма? Сұрасын, Алла оған береді. Аллаға тәубе етуші бар ма? Тәубе етсін, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Осылайша, бұл нәрселер таң уақытына дейін жалғасын табады. Алла Тағала мұсылмандар ауыз ашқанда, тозақтаққа лайық болған мыңдаған жанды тозақ отынан құтқарады» – деген екен.
Ораза тұтқан мұсылмандарды рухани танымы мен тақуалығына қарай үш топқа бөлуге болады. Бірінші, жай халықтың тұтқан оразасы. Яғни ештеңе ішіп-жемей, жұбайымен жыныстық қатынас жасамайтын адамның ауыз бекітуі. Бұл оразаның ең төменгі дәрежесі саналады.
Екінші, таңдаулы тұлғалардың тұтқан оразасы. Яғни тамақтан ғана тартынып қоймай, ораза тұтуға жан дүниесімен бет бұрып, сыртқы пішінін түзеумен бірге, ішкі танымына да селкеу түсірмейтін тақуалық.
Үшінші, таңдаулылардың таңдаулысының тұтқан оразасы. Бұл дәрежедегілердің жүрегі Алладан басқаны ойына алмайды. Бүкіл болмысын Аллаға арнап, зәредей бір жаңсақ кетудің өзін ораза бұзушылыққа балайды. Тіпті шариғат құптаған дүние қызықшылығын да жүрегі мүлде қаламайды.
Рамазан айында неден аулақ болған жөн?
Бүкіл ай бойы қандай болмасын күнәлі істердің маңына да жуымау керек. Рамазан болсын, басқа уақыт болсын, шариғатта күнәлі істер үзілді-кесілді харам етілген болса да, бұл айда оларға салынған тыйым бұрынғысынан да салмақты сипатқа ие болады. Ораза кезінде мұсылмандардың ішіп-жеу секілді кейбір рұқсат етілген амалдардан тыйылуы қажеттігі бесенеден белгілі. Сөйте тұра, ол күнә жасауын тоқтатпаса, бұл мазақ болады: хәләл нәрселерден тыйылып, бірақ харам іс-әрекеттермен айналысуды жалғастыра беру мазақ емей не? Осылайша, бұл айда күнәдан іргеңді аулақ салу қажеттігі бұрынғыдан да арта түседі.
Әсіресе, төмендегі нәрселерден бойыңды түгелдей аулақ ұстаған дұрыс:
- Өтірік айтудан;
- Ғайбат немесе өсектен, яғни адамды сыртынан сынап-мінеуден;
- Ұрыс-керістен. Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұған, әсіресе, ораза кезінде қатаң тыйым салған. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізбен біреу ұрысқысы келсе, ораза екенімізді және жанжалдасқымыз келмейтінін айтуымыз керектігін әмір еткен;
- Харам астан;
- Харам жолмен табыс табудан;
- Ешқандай орынды себепсіз адамға зиян келтіретін кез келген іс-әрекеттен;
- Қызметшілердің немесе жұмысшылардың мойнына шамалары жетпейтін, қажытатын жұмысты арту және оларды сол жұмысты орындауға қажетті қаражатпен қамтамасыз етпеу.
Рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қоюымыз керек. Себебі осы айда Құран түскен. Осы айда Жебірейіл періште (ғ.с.) Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) келіп, Құран Кәрімді қайталап үйрететін. Пайғамбар (с.ғ.с.) ораза ұстаушыға былайша өсиет еткен: «Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, дауысын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса, «мен оразамын, мен оразамын» десін». Яғни ораза ұстаушы қандай жағдайда болмасын оразасын былапыт сөздермен, ұрыс-керіспен ластамай, сабырлылық танытып, ғибадатын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана ғибадаты кәміл болып, Раббының дәргейінде қабыл болады. Өйткені ораза тек қана ішіп-жемнен тыйылу емес. Сондай-ақ жаман әдеттерден, дөрекі сөздерден, теріс мінез-құлықтардан арылуы. Ал күнделікті үйреніп қалған дағдылардан, мінез-құлық кемшіліктерінен бірден арылу оңай емес. Ол – бірте-бірте орындалатын іс. Тирмизи таратқан хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ораза – сабырдың жартысы», – дейді. Күні бойы ашқұрсақ жүріп, кеңпейілділік қалпын сақтай алу – нағыз бекзаттыққа апаратын рухани шынығу.
Бұл айда күндердің сұлтаны Қадір түні жасырынған. Құранда ол жайлы: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» (Қадір, 2), – деп баяндалады. Бұл түні Құран түсірілген. «Періштелер және Жебірейіл (ғ.с.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі» (Қадір, 4), – деп бұйырылады. Иә, Қадір түнінің құт-берекесі шексіз. Себебі жер бетіне сан мыңдаған періштелер түседі. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай, бір-біріне сығылысады.
Рамазан айының құрметіне арнайы тарауих намазы оқылады. Тарауих намазы – бес уақыт намазға тәуелді болмағанымен, белгілі бір уақыты бар намаз. Рамазан айында құптан мен таң намазы аралығында оқылатын жиырма рәкәғаттан тұратын бұл құлшылық – мүәккәд сүннет (бекітілген, күшті сүннет) қатарына жатады. Иә, Рамазанда тарауих намазын оқу – Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Бұл намазды ерлер мешітте имаммен бірге оқиды, әйелдер үйде оқыса да болады.
Рамазан айында әр мұсылман баласы үшін пітір садақасын беру – әрбір мұсылман ер мен әйелге уәжіп. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде еліміздің әр аймағындағы бидай бағасын ескере келе, ортақ есеппен бірауыздан биылғы пiтiр садақасы 300 теңге көлемiнде бекітілді. Еліміздегі пітір садақасының көлемін ҚМДБ жыл сайын қасиетті Рамазан айының алдында Төралқа мәжілісінде белгілейді. Міне, оразаны он бір ай бойы адамның тәні мен жанына жабысқан кірлерден арылтатын үлкен сынақ деп түсінген жөн. Оразаның мәні мен маңызын түсініп тұтуды Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін!
Қымбатты мұсылман бауырлар! Рамазан айында Құран Кәрімге жүгінейік, оған барынша жақындайық, рақаттанып тыңдайық, мейірлене оқиық және ондағы үкімдер мен қағидаларды әрбір ісімізде басшылыққа алып отырайық. Осылай етсек, ақирет күнінде біздің әрбіріміздің жақтаушыларымыз болып, Құдіретті Алланың кеңшілігінен, күнәларымызды (олар аз емес) кешіруінен, тозақ отын (азабы қатты) алыстауынан үміт ете алар едік.
Қанат ЖҰМАҒҰЛ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы