Шындығында, байлық – жиған-тергенің емес, деніңнің саулығы. Сондықтан да болар, қоғамның ақ халатты абзал жандарға деген сый-құрметі ерекше.
Сәндібек Піренов
Адам жанының арашашысы болған дәрігерлер қашанда жоғары марапатқа лайық. Бұған әлем елдерін алаңдатқан коронавирус пандемиясымен күрес жұмыстары кезінде көзіміз жеткен. Маусым айының 3-ші жексенбісі – Медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Осыған орай, денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп, жұқпалы індет тарағанда жұдырықтай жұмылған дәрігерлер жайлы тереңірек тарқатуды жөн санадық.
Коронавирус пандемиясы әлем елдерін әбігерге түсіргені белгілі. Салдарынан, дерттіге дәру іздеген сала мамандарының жұмысы екіеселенді.
Індетпен күрес жұмыстарына көз жұма қараған мемлекеттерде науқастар саны азайғаннан кейін қалың бұқара әлеуметтік желілерде дәрігерлердің мақтауын асырып жатқанын сан мәрте көрдік. Қысылтаяң шақта халықтың саулығы үшін карантиндік стационарда қызмет еткен дәрігердің бірі – Жалғас Жүзбаев. Ол облыстық фтизиопульмонология орталығының дәрігері. Үшінші емдеу бөлімінің меңгерушісі. Жалғас төтенше жағдайға байланысты наурыз айында Байзақ ауданы, Мырзатай ауылындағы ересектерге арналған туберкулезге қарсы санаторийде, карантиндік стационарда, кейін облыстық «Ана мен баланы аялау» оңалту орталығына ауысқан. Қазіргі таңда дәрігердің жұмысы кестемен белгіленіп, күніне 12 сағат, яғни күндіз және кешке кезекшілік етеді.
– Әрине, жыл басында тараған індеттің салдары халыққа оңай тимеді. Бірақ мемлекет тарапынан қажетінше қолдау көрсетілді. Дерт тарай бастаған сәттен-ақ карантиндік стационарда жұмыс істегендіктен, бастапқыда жұмыс істеу біршама қиын болды. Туған-туыстарымызды індеттен сақтау үшін де отбасымызбен қауышудың өзі қиынға соқты. Себебі жарым Әйгерім Опабекова – көпбалалы ана. Бүгінде төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Енді жағдай тұрақталғалы отбасыммен біргемін. Бірақ әлі де болса, ай сайын анализ тапсырып отырамыз. Оның қорытындысын білгенше қорқыныш сезімі маза бермейді, – дейді Жалғас Сарабекұлы.
Дәрігерлер стационарда санитарлық талаптарды барынша сақтай отырып жұмыс істейді. Кезекшілікке келгеннен-ақ алдын ала қамдап қойған қорғаныш киімін киеді. Әрі оны 3 сағат сайын арнайы бөлмеге барып ауыстырып отырады. Тұрғындар қарапайым қорғаныш бетпердесін киіп жүруден жалықса, дәрігерлер арнайы киімдерді үстінен тастамайды. Біздің білуімізше, қорғаныш киімімен тыныс алудың өзі де қиынға соғады. Жалғас Сарабекұлы өзі жұмыс істеген стационарда медицина қызметкерлерінің барынша сақтанып жұмыс істегенінің нәтижесінде дәрігерлердің ішінен індет жұқтырғандар тіркелмеді деп отыр. Жұмыс барысында үйдегі жағдайды, ал үйге келгенде науқастардың қамын ойлап отыратын дәрігердің еңбегі жемісті болсын демекпіз. Дерттен айығып, алғысын білдіріп жатқан тұрғындар да ақ халатты абзал жанға сый-құрмет көрсетуден шаршаған емес. Әрине, бұл – дәрігердің жетістігі, еңбегінің бағаланғандығы.
Сала үздігі – Айман
Айман Ахрапқызы – облыстық мамандандырылған фтизиопульмонология балалар санаторийінің бас дәрігері. 1985 жылы медициналық институттың педиатр факультетіне оқуға түсіп, 1991 жылы бітірген. Ал 1990 жылдары туберкулез ауруын жұқтырғандар саны белгісіз себептермен күрт артқан. Дәл осы кезеңдерде көптеген жас мамандар фтизиатрия саласына жұмылдырылды. Айман Ахрапқызы алғашқы жылдары облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде терапия бөлімінің меңгерушісі болып, сосын диспансер жанынан күндізгі стационар ашқан. Сөйтіп, туберкулездің микробактерия бөлмейтін түрлерін емдеді. 1997- 2000 жылдары туберкулезге қарсы бағдарлама бекітіліп, жаңа әдістер мен талаптар енгізілді. Осы кезде Айман облыстық ұйымдастыру-әдістемелік бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Міне, осыдан кейін-ақ ауруды дер кезінде анықтау, барлық қалалық, аудандық емханалардың флюорография кабинеттерінің жұмысын реттеу, флюорокартотеканы қалыптастырып жүргізу, жылжымалы аппараттардың облыс бойынша жұмысын қамтамасыз ету – мұның бәрі жас маманның жауапкершілігіне жүктелді. Жас та болса, облыс бойынша микроскопия әдісімен анықтау, қабылдау пунктілерін ұйымдастыру, жаңа қысқа мерзімді химиотерапия жүргізу үшін химизаторларды дайындап, барлық мекенжайларда арнайы дәрі қабылдайтын пунктілерді ашу жұмысын қадағалай бастаған. Сонымен қатар туберкулез ауруының ұлттық регистрі енгізіліп, жалпы мониторинг, орталық дәрігерлік консультациялық комиссия жұмыстарын облыс және аудан деңгейінде қамтамасыз етті.
Айман Ахрапқызы күрделі, ойды сан-саққа бұрып әкететін жан-жақты жұмыстарды игеру үшін қызмет жолында кездескен білікті ұстаз-мамандарға алғысым шексіз дейді. Сол үшін де болар, білімді шәкірт еселі еңбегінің арқасында қызметтегі белсенділігі үшін «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Жас маманның жұмысы уақыт өте ескеріліп, 2009 жылдан 2014 жылға дейін облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері қызметін атқарды. Облыста кешенді іс-шаралар қабылданып, нәтижесінде туберкулезбен күресу әдістері халықаралық талаптарға сәйкестендірілді. Материалдық-техникалық базаға көп назар аударылып, заманауи бактериологиялық лаборатория ашылды, барлық ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізіліп, талапқа сәйкес қоршау қойып, инфекциялық қадағалау тәртібі орнады. Шипажайдың төсек орны кезең-кезеңімен заман талабына сай оңтайландырылған. Жылына 300-ге жуық бала емделіп, туберкулездің таралуының алдын алу жұмыстары күрделі жүргізілуде.
Елде төтенше жағдай режимі жарияланып, ақ халаттылар індетті ауыздықтауға бір жұдырық болып жұмылғанда, Айман Ахрапқызы басқарып отырған мекемеде карантиндік стационар ұйымдастырылып, жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласының үздігі Айман табысты еңбек жолында көптеген науқастың отбасымен қауышуына себепкер болып келеді. Адам жанының арашашысы бола білген сала маманын мерекесімен құттықтай отырып, саналы ғұмырында халықтың алғысына кенеліп жүре берсін демекпіз.