Меніңше, ақын Рафаэль Ниязбек шешен ұлтының ғана емес, өз ұлтының да нағыз батыры, қаһарманы секілденеді. Жалпы мұндай еңбекқор, талантты адам туралы сөз қозғағанда, талдау мен сараптауды, зерттеуді қоспағанда, оның өзі жайлы айтқаннан гөрі, кім болғанын баяндағаннан гөрі, ол адамның жыр әлеміндегі рөлін меңзеп, әдебиет көгіндегі орнын нұсқағаннан гөрі, поэзияның құзарына қалай шыққаны туралы, қай жанрда қалам тербегені, қай тақырыпты қалай меңгергені туралы, нені жазғаны жайлы, қалай жазғаны жайлы шұбыртқаннан гөрі, бір сөзбен айтқанда, оның шығармаларын оқытқан жақсы. Туындыларымен таныстыру керек. Жазғандарына көз жүгірткізу қажет. Назар аудартқан жөн. Өлеңін сөйлеткен дұрыс. Тіпті жаттатса да керемет болып кетер еді. Сонда кім-кім де болса көзбен көргендей көңілмен сезінеді. Жүрекпен ұғынып, жанымен түсінеді. Шығармаларын да. Шығарма иесін де. Сонда көз алдыңда автор да, оның дүниелері де көлбеңдеп өздігінен қылаң береді. Сіз оны өзіңіздей қабылдайсыз. Өзіңізді сол екен деп немесе керісінше оны дәп бір өзіңіз екен деп қаласыз. Шығармалар да дәп бір сіз туралы сияқтанып кетеді. Өзіңіздің бұл ақынмен біртұтасып кеткеніңізді байқамайсыз. Өзіңізді бір сәтке сол адамның өзі санауыңыз да әжеп емес.
Алланың кез келгенге бұйырта бермейтін ғаламат сыйының құдіреті бұл. Ақындық, жазушылық, өнер – Тәңірдің тартуы, мейірімі түскен пендесіне ғана бөліп берер ерекше несібе. Өзгеше қасиет. Даралық. Даналыққа апаратын жол. Өмір сүруді үйрететін бағыт. Қателіктерден сабақ алдыртатын соқпақ. Кемшіліктермен жұмыс істеуді, жаманшылықтан аулақ болуды, қатыгездіктен қашық жүруді насихаттайтын құрал. Ізгілікті іздетеді. Жақсылық жасатады. Жатты бауырластырады да, алысты жақындатады. Шаршағанды шымырқандырады. Түңілгенді түйсіктендіреді. Жылағанды жұбатады. Құлағанды сүйейді. Айналаңызға көзқарасыңызды өзгертеді. Ақыр соңында өзіңіз де мүлдем жаңарасыз. Тазарасыз. Жаңартқан да, тазартқан да – өлең. Өлеңнің сөзі. Жазушының сөзі. Ақынның өлеңі.
«Шіркін-ай!» дейсіз сосын. «Бұл адамды қандай ана туды екен?! Ол ана баласының ақын болатынын білді ме екен?! Сөздің семсерін ұстаған ақеділ батыр боларын білді ме екен?!» дейсіз іштей тамсана.
«Қиындықтың отына жанып, көніп,
Көңіліңді жүрсің-ау анық бөліп.
Заңғарлардың бәрінен ән салдырдың
Мені өмірге, жан ана, алып келіп».
Осылай басталатын өлең 1943 жылы 24 наурызда Жамбыл облысы, Талас ауданының қазіргі Тамабек ауылында дүниеге келген ұлдың аяулы анасының тегін адам болмағанына сендіреді.
«Сен дегенде, жан ана, жырым – көктем,
Жырым – көктем, жан емен қырын кеткен.
Көңіліңнің жарығы мен болармын
Маңайыңның бәріне нұрын төккен.
…Аруана сен болсаң жырды иіткен,
Ұлың сенің жүрмек пе құр күйікпен?
Сол биікте, жан ана, сен де барсың,
Көрінсе егер бұл ұлың бір биіктен» («Жан ана»).
Биіктен табылған ұлдың анасы ғана емес, әкесінің де тектілігін мына жолдардан бағамдайсыз:
«Бақ бар ма басқа қонатын?
Кеудеме шер көп толатын.
Қысылған шақта жебеген
Әкемнің рухы болатын.
Кемемді жөндеп күйреген,
Күні жоқ отқа күймеген.
Әкемнің рухы болатын
Мені өрге талмай сүйреген».
Өрге талмай өрлеген ұлға тіреу болған, сүйеу болған, жебеу болған, демеу болған ата-анасы, отбасы ғана ма екен?! Тіпті де олай емес. Олар ғана емесін ақын ұл өз шығармаларында риза бола жырлайды.
«Көкірегімде тұншығып жыр өлгенде,
Аза тұтып, жабығып жүрем мен де…
Туған елім алдымнан жол көрсетті
Тығырыққа тірлігім тірелгенде.
Мінезім бар кей-кейде құйын-берен,
Тағдырға да сол сәтте қиын келем.
Қалжыраған кезімде,
Туған елім
Өн бойыма күш болып құйылды ерен» («Туған елім»).
Ақынның туған елі – киелі атамекен. Жамбыл облысы, Талас ауданы. Рафаэль Ниязбеков туған аудандағы қазіргі Тамабек ауылы туралы, оның ақкөңіл жұрты туралы аңызға бергісіз әңгіме көп. Соның бірі езуіңізге еріксіз күлкі үйірілтеді. Сол ұядай ауылдан шыққан бір адам алыс өңірдегі тойға қыдырып барады. Әлгі жерде бәрі Керей деген біреуді азаннан кешке дейін ауыздарынан тастамайды. Төрге байқамай шығып кеткендерге: «Ойбай, онда отырма, ол Керейдің орны!» – деп төрін қызғыштай қорып, «Біздің Керей» деп, «Әне Керей келе жатыр» деп, «Уа, ассалаумағалейкүм, Керей!» десіп, жамыраса амандасып, жапа-тармағай жапырыла қол созып, сыпырыла жол беріп жатқандарға Таластан барған қонақ таң-тамаша қалады. Сөйтсе, төрге жайғасқан сыйлы адамның аты-жөні Керей емес, басқа екен. Керей дегендері «герой» деген сөз болып шығады. Әлгі ауылдың маңдайында жалғыз ғана мақтаныштары, «Герой Социалистического Труда» – Қызыл жұлдызды Еңбек Ерлері осы бір ғана кісі екен. Сонда Таластың Тамабегінен барған қонақ: «Пәлі, осы ма еді шаң жуытпай жатқан керейлерің. Біздің ауылға барыңдаршы, геройдан көз аша алмайсыңдар», – депті дейді.
Шынымен де, аядай Тамабек ауылының бір өзінен он бір Социалистік Еңбек Ері шыққан. Іргесі 1929 жылы «Елтай» (Чкалов) ұжымшары негізінде қалыптасып, кейін асыл тұқымды қой өсіретін «Амангелді» кеңшары болып құрылған бұл ауылдан Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майданға жүздеген арғымақ бапталып жөнелтілген. 60-жылдардан бастап қаракөл қой шаруашылығымен шұғылданған ауылда жоғары сортты егін өсірумен айналысатын шаруа қожалықтары пайда болды. 1997 жылдан облысқа белгілі ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы Тамабек Қартабаевтың құрметіне осылай аталған ауыл Еңбек Ерлерімен ғана емес, көптеген талантты перзенттерімен де ерекшеленеді. Басы атақты Шона Смаханұлынан бастау алып, Есалы Қырықбаев, Нарша Қашағанұлы, Шорабек Айдаров, Серік Томановтардай дүлдүлдер жалғайтын сол дарындар шоғырының керуенінде ақын Рафаэль көшбасшы боп тұрды.
1978 жылы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған, Қазақ радиосының әдебиет редакциясында, «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында қызмет атқарған Рафаэль Ниязбековтың әр жылдары «Келер күндер», «Қаратау мен Алатау», «Жалын кешкен», «Жер жанары», «Өркен», «Темірқазық», «Биіктей бер, тауларым!», «Бәйтеректер жел өтінде тұрады», «Тыңда мені, замана!», «Шешендер», «Тамұқ отына жанбаған», «Жүрегімде – ғасырлардың салмағы», «Махамбет майданы», «Айбозым менің», «Күркіреп өткен күндерім», «Құлагердің құлыны», «Армысың, ару дүние!», «Біз осындай елміз» (түрік тілінде) сынды жыр жинақтары, «Қызыл үй», «Тас құдай», «Тауқымет» романдары және «Отағасы», «Қызғыш құс», «Қаңтар», «Хозяин очага» (орыс тілінде) повестері, шығармалар жинағының 9 томдығы жарық көрген. «Кемеңгер» деп Д.А.Қонаев туралы өлең-роман жазған ол өз өмірінің соңында ғұлама ғалым, академик, үш дүркін Еңбек Ері атанған осы аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері туралы «Көсем» атты тарихи кітабының жарыққа шыққанын көріп кетті.
Шығармалары орыс, украин, шешен, түрік тілдеріне аударылған Рафаэль Ниязбектің өзі де аудармамен айналысып, М.Румянцеваның, А.Чепуровтың, Қ.Құлиевтың, Д.Кугильтиновтың, К.Туйорскийдің және басқа да ақындардың өлеңдерін тәржімалаған.
Қолына қалам ұстағалы бері елдің елдігін, ердің ерлігін жырлаудан танбаған ақынның қаршадайынан қайсар болып өсуіне өзінің жетім тағдыры ықпал етті. Әкесі соғысқа аттанып, шейіт кеткенде анасының құрсағында қалған шарана шыр етіп дүниеге келе салысымен айналасына дуалы ауызымен сыйлы болған атасы Айдар шалдың намысты, өжет болуға баулыған тәрбиесін көп көрді. Мектеп қабырғасында жүріп өр Махамбеттің рухты жырларын жаттап өсті. Есейгенде өзінің ұл-қызын да Махамбеттің өлеңдерімен жұбатып, әлдилеп ұйықтатуды әдетке айналдырды. Халық ауыз әдебиетінің тұмасынан қанып, бабалар өсиетін, аталар аманатын құлаққа құйып, санаға сіңдірді. Әділеттілікті сүйді. Қиянатқа төзгісіз адам болды. Содан да шығар, шешен халқының ауыр халі мен еркіндік аңсаған арман-мұраты ақынның үлкен дастанына арқау болды. Үстем жұрттың аз ұлттың тағдырына қысастығын әлемге әшкере етті.
Өз қазағының да Бауыржандай даңқты ұлдары жайлы бұрын мәлім болмаған тың деректерді көркемдікпен паш етті. Кубадағы сапарында Бауыржан Момышұлының: «Жау сізге шабуыл жасады делік. Сіздің күшіңіз аз. Не істейсіз?», – деген сауалына Фидель Кастро: «Совет өкіметі құсап кері шегінем де, күш жинап алып, қайта шабуылға шығам», – деп жауап береді. Сонда Баукең «Жоқ! Мұныңыз өте өрескел қателік! Сенде шегінетін жер жоқ. Өл-тіріл, бірақ жауыңа қалайда жанкештілікпен тойтарыс беруің керек», – депті. Соғыс кезіндегі Баукеңнің майдан даласындағы әулиелігі ше?! Борап тұрған оқ пен оттың арасында алға жүруге тиіс кеңес әскері дағдарып тоқтап қалып, шегінуге мәжбүр болады. Сөйтсе, әр басқан жерден жарылған миналар адым аштырмауда екен. Бауыржан астындағы атын қамшылап, алға шаба жөнеледі. Басқалар оны минаның астында қалатын болды деп ойлайды. Ол болса «осы аттың ізімен жүріңдер» дейді артында қауіптеніп, қорқып тұрғандарға. Қазақтың ұлан-ғайыр даласында туып-өскен Баукең текті аттардың минаны баспайтынын білген. Осындай мысалдарды батырдың өз ауызынан естіген Рафаэльдің соғыс әдістерін жетік меңгерген Момышұлы туралы қалам тербемеуі мүмкін емес-ті. «Сөз өнерінің қос жайлауын жайлаған» халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерінің поэзиядағы тұсауын Қадыр Мырза Әлі кескен, ал прозаға ден қойғанда Сайын Мұратбеков жол сілтеген.
О, тағдыр, мені көп шалдың,
Кезім де келді-ау толатын.
Арыстан кеуде көкжалдың
Бөлтірігі ем көкжал болатын, – деп буырқанатын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері ғұмыр бойы өз өлеңдерінде айтқандай «Шындықтың ақ шыңын» іздеп:
Жаның сенің дедің бе төре кімнен,
Жырымды оқып, өткізіп елегіңнен,
«Қазақ» деген сөзді алып таста дейсің,
Қазақ жайлы жазылған өлеңім-нен, – деп ділі мен тілі дүбәраларға дөңайбат көрсетті.
Ұялаған қайғы-мұң қабағына,
Жұрттың бәрі білікті, саналы ма?
Небір қилы шақтарда өжет жырым
Қаруыма айналған, жарағыма.
Адасқанда жаңылып ер жолынан,
Ұры-қары қаптаған ел торыған.
Өлеңімнің арқасы атқа мінген,
Мен – Махамбет атансам ел қорыған, – деп өз жігерін өзі жанып өтті.
«Рәпілбек» боп туған бала туған жеріме «Рафаэль» боп оралам деген сертін орындады. Ұлт әдебиетіне де Рафаэль боп мойындалды.
Жоғарыда Тамабек ауылының жылқы өсірумен де атағы шыққанын бекерге еске түсіргеніміз жоқ. Сол құнарлы топырақта ат құлағында ойнап өскен Рафаэльдің керемет шабандоз болғанын бала күннен бергі сыралғы досы, жазушы-драматург Елен Әлімжанның ауызынан естігеніміз бар. «Алдынан желді дірдектетіп жүгіртіп» қойып, «құла түздің боранын кеңірдектеп ап», «тақымға басып алып шауып жүре беретін» шабандоз болған Рафқаң бір өлеңіндегі жылқышы кейіпкері сықылды өзі де «сұстан-са – кекіл-жалын үлбіретіп, тұрғаны қай асау да дір-дір етіп». «Асау тұрмақ», замананың «дауылы мен боранын да» қосақтай қолтығына қысып, алдына көкпардай өңгеріп алу ол кісіге түк емес болды. Өмірде де. Өлеңде де. Жазу өнерінде де.
Сөзімнің әуел басында Рафаэль ағаны Шешенстан халқының ғана емес, өз халқымыздың да батыры атағым келгені сондықтан. Өзі де батыр. Ауызы да батыр.
Ертеректе, тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында, шалғайда жүріп, таластық елін сағынып келген Рафаэль Ниязбекті сол кездегі аудан әкімі Батырбек Құлекеев құрақ ұша қарсы алды. Жұртымен қауыштырды. Үлкен құрмет көрсетті. Қайтарда осынша қошеметті қимай аттанған ақынның жүрегі ауданы, ауылы туралы түйдек-түйдегімен кестелі жырды ағытты. «Қазақ әдебиеті» газетіне де жарияланған сол топтама өлеңдердің ішінде «Жерлеңдер мені өлгенде, Батырбек берген биікке!» деп келетін жолдар бар. Ақкөл ауылынан Қаратау қаласына апарар асфальт жолдың бойында көтеріңкілеу бір жотада көліктен шығып, жұпар ауасын кең тыныстай жұтып, дархан даласының көркемдігіне көзін суарып ұзақтау қарап тұрып қалған Рафаэль ағамызға жан-жағын қоршаған көпшіліктің алдында ақын сыйлаған әкім: «Мына төбе енді бұдан былай сіз дамылдап, ат басын шалған төбе аталып тарихта қалатын болды», – деген ғой. Сол сол-ақ екен, сол тұстан ары-бері өткен жолаушылар әлгі жотаны «Рафаэль биігі» атап кетті.
Бүгінде күре даңғыл бойымен Ақкөл мен Қаратаудың арасын әрі-бері жол қылғандарға «Рафаэльдің биігі» менмұндалап, сол бір ғажап күндерді еске түсіртіп тұрады. Өмірде де, өлеңде де – жазу өнерінде соны соқпақтармен із салып, өрге көтерілген рухты ақынның қалдырған биігі ешқашан аласармақ емес. Қайта ол алыстаған сайын биіктеп барады.
Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі