Ғасырлар бойы аңсаған елдіктің қадірін жыл басынан бері жете түсінгендейміз. Тәуелсіздікке ие болу қаншалықты қиын болса, оны сақтап қалу одан да қиын екеніне «Қасіретті қаңтар» оқиғасы көзімізді тағы бір мәрте анық жеткізді. Сол күндері ел арасын, расымен, үрей биледі. Өңірлерде күтпеген жерден атыс-шабыс басталып кетті. Бәрін теледидардан көріп-біліп отырдық. Еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тіледік. Туған-туыс, жекжат-жұрағат, таныс-біліс адамдарға алаңдадық. Бұрқ ете қалған жаппай тәртіпсіздіктердің кесірінен бейбіт халық зардап шекті.
Бұл бүлікті ұйымдастырушылардың көздегені мемлекеттік төңкеріс жасап, тәуелсіздігімізді тұғырынан тайдыру екеніне көз жетті. Алайда арам пиғылдары іске аспады. Ел басына күн туған сәтте дер кезінде қажетті шаралар жүзеге асырылып, жедел шешімдер қабылданды. Мемлекеттің тұтастығы, елдің амандығы үшін дұрыс қадамдар жасалды. Нәтижесінде бүлік ұйымдастырып, ел ішіне іріткі салғаны үшін 2 мыңға жуық адам қамауға алынды. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 16 наурызындағы Жолдауында қаң-тар оқиғасына әділ баға беруге ең алдымен биліктің мүдделі екенін айтты. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы мен одан кейінгі төтенше жағдай кезінде түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін екі мыңға жуық адам ұсталды. Мен сол кезде Бас прокуратураға олардың қандай кінәсі барын анықтауды және ауыр қылмысы болмаса, жазасын жеңілдетуді тапсырдым. Соның нәтижесінде көптеген азаматтар қамаудан босатылды», – деген еді.
Осы әділдікке жету жолындағы жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында: «Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», – деп еліміз үшін әуелі қатарда адамгершілік қағидасы тұратынын анық аңғартты.
Жолдауда жүктелген міндетті орындау мақсатында 2 қарашада «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды. Оған дейін заң жобасы әзірленіп, Сенат пен Мәжілістің қарауынан өткен болатын. Құжаттың негізгі мақсаты – 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде арандатушылар ықпалына түсіп, қылмыстық әрекет жасаған адамдарды жазалау мерзімін қысқарту және жазасын өтеуден босату.
Бүгінде «Қасіретті қаңтар» оқиғасы бойынша сотталған 1 112 адамның 128-і бас бостандығынан айырылған. Заң қабылданғаннан кейін 40-тан аса адам, алдағы жарты жылда 50-ге жуық адам қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан босатылады. Ауыр қылмыс жасаған 363 адамға қатысты (тергеліп жатқан және сотта қаралған істер бойынша) жаза тағайындау кезінде рақымшылық берілмек. Бірақ тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы бар басты фигуранттар, сондай-ақ мемлекетке сатқындық жасады және билікті күшпен басып алуға тырысты деп айыпталып отырғандар рақымшылыққа ілікпейді.
Осыған орай еліміздегі түрлі деңгейдегі соттарда оқиға қатысушыларының істерін қарау бойынша сот отырыстары басталған еді. Солардың бірқатары Тараз қаласы-ның № 2 сотында өтті. Мәселен, жуыр-да аталған сотта қаңтар оқиғасы кезінде қаруды ұрлау туралы (ҚР ҚК 291б. 3-б. 4-т., 3-б, 287-б. 4-б., 188-б. 3-б. 3-т.) 2 қылмыстық іс бойынша 3 сотталушыға қатысты үкім шығарылып, олар рақымшылық бойынша босатылды.
Анықталғандай, сотталушылар «Б.», «Ж.» және «П.» 2022 жылғы 5 қаңтарда Тараз қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктерді пайдаланып, адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы Жамбыл облысы полиция департаментінің ғимаратына заңсыз кіріп, атыс қаруы мен оқ-дәрілерді жымқырған. Кінә іс бойынша жиналған дәлелдемелермен – куәлердің айғақтарымен, сот-баллистикалық сараптамаларының қорытындыларымен және заттай айғақтармен дәлелденген. Сотталушылар кінәларын мойындап, прокурор сотталушыларға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазаларын тағайындауды сұраған болатын. Нәтижесінде соттың үкімдерімен «Б.», «Ж.» және «П.»-ға 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. «Рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес, жаза мерзімінің төрттен үші қысқартылып, 10 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаның толық өтелуіне байланысты (тергеу барысында қамақта болған) сотталушылар дереу сот залынан босатылды.
Сол секілді, Тараз қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша қару мен оқ-дәрілерді ұрлау, заңсыз тасымалдау және сақтау (ҚР ҚК 291-б. 3-б. 43-т., 287-б. 4-б., 188-б. 3-б. 3-т.) бойынша айыпталған 2 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушылар енгізілген шектеулерге және төтенше жағдай режиміне қарамастан, 5 қаңтарда өздерінің қоғамға қауіпті іс-әрекеттерін ұғына отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен атыс қарулары мен олардың бөлшектерін жымқыруға бағытталған қылмыстық пиғылдарын жүзеге асырмақ болған. Осы мақсатта болып жатқан жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, облыстық полиция департаментінің ғимаратына заңсыз кіріп, атыс қарулары мен оқ-дәрілерін жымқырған, заңсыз тасымалдап, сақтаған.
Айыпталушылардың кінәсі дәлелденіп, прокурор «У.» және «Д.»-ға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар кінәларын мойындап, іс бойынша жиналған дәлелдемелердiң қатыстылығы мен жол берілетіндігіне дау келтірмеді.
Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың шын ниетпен өкінулерін, мүліктік залалдың ерікті түрде өтеулерін таныды. Ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың төтенше жағдайда жасалғаны танылды. Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сотталушыларға 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді. ҚР «Рақымшылық жасау туралы» Заңының 3-б. 3.-б. сәйкес, жаза мерзімі төрттен үш бөлігіне қысқартылып, әрқайсысына 10 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза мерзімдерінің толық өтелуіне байланысты «У.» мен «Д.» сот залынан босатылды.
Сондай-ақ аталған сотта Тараз қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру, заңсыз иемдену, сақтау (ҚР ҚК 291-б. 3-б. 4-т., 287-б. 4-б.) бойынша 2 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Айыпталушылар 6 қаңтар күні шектеулерге қарамастан облыстық полиция департаментінің ғимаратына заңсыз кіріп, атыс қарулар мен олардың оқ-дәрілерін жымқырған, заңсыз тасымалдап, сақтаған.
Кінә іс бойынша жиналған дәлелдермен – куәлердің айғақтарымен, сот-баллистикалық сараптамасының қорытындысымен және заттай айғақтармен дәлелденген. Проку- рор сотталушылар «Ә.» және «Б.»-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушылар кінәларын мойындап, сот жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың шын ниетпен өкінулерін, мүліктік залалдың ерікті түрде өтеулерін ескерді. Ал ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың төтенше жағдайда жасалғаны танылды.
Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сотталушы «Ә.» және «Б.»-ға 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленген. ҚР «Рақымшылық жасау туралы» Заңының 3-б. 3.-б. сәйкес, жаза мерзімі төрттен үш бөлігіне қысқартылып, әрқайсысына 10 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза мерзімдерінің толық өтелуіне байланысты «Ә.» мен «Б.» сот залынан дереу босатылды.
Дәл осындай арандатуға ілесіп, шалыс басқан азаматтарға қатысты сот отырыстары әлі де жалғасуда. Дегемен «рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды». Ал абайсызда мысықпейілділердің айтқанына алданып, айдауына түсіп кеткендерге жасалған бұл рақымшылық ел азаматтарына мемлекет тарапынан танытылған үлкен сенімнің белгісі болса керек.