Құрақ құрап, көрпе тігіп…

Таңғажайып талантымен талайларды тамсандырған қазақ қолөнерінің қарапайым да қайталанбас түрі – қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйымдар жасау.

Арайлым ШАБДЕНОВА

«Самал» мөлтек ауданы №14 үйде орналасқан «Арай» балалар клубының жанынан қыз-келіншектер мен жастарға, апа-әжелерге құрақ құрауды тегін үйрететін курстың барын бірі білсе бірі білмейтіні анық. Клубта дүйсенбі-жұма күндері сағат 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін қазақ қол өнерінің қайталанбас туындысын үйренуге келгендердің саны 16-ға жетіпті.

– «Біз біргеміз» жалпыұлттық жобасы аясында лотқа қатысып, құрақ көрпе құраудың қыр-сырын үйрететін курстың жобасын ұтып алдық. Қалалық «Жастар ресурстық орталығының» тегін аула клубын тауып беріп, бүгінде «Ақсәуле» құрақ көрпе құрау жобасы қолдан келгенше қазақ қол өнерін барынша насихаттап, үйретіп жатырмыз. Бұл жерде анам Сәуле маған қолғабыс етіп, келген азаматшаларды өнерге баулып, құрақ құраудың сан түрін үйретуде. Бұл істі қолға алғалы екі айға жуық уақыт өтті. Егер орталық одан әрі тегін ғимарат беретін болса, біз ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, үйретуден жалықпаймыз, – дейді «Ақсәуле» шағын грант иегері Қанат Райқұлов.

«Арай» аула клубында ағылшын тілін, гитара тартуды да үйренуге болады екен. Апалы-сіңілі Жания мен Жібек клуб ашылғалы бос уақыттарын осында өткізетіндіктерін айтады.

– Мен бүгінде құрақ құраудың екі тәсілін үйрендім. Келіп жүргеніме 1,5 айдан асты. Ал сіңілім маған ілесіп ағылшын тіліне барады. Одан бөлек тоқыма тоқуды да үйреніп жүрмін. Дәл қазір онлайн режимде оқығандықтан бізде бос уақыт көп. Соны тиімді өткізу үшін құрақ құрауды үйренудемін, – дейді №45 мектеп-гимназиясының 5 сынып оқушысы Жібек Төремахан.

Ал жасы жетпіске таяған Әлима әжей осы уақытқа дейін бұл өнер оған таңсық болғанын жасырмады. «Шыны керек біздің аналарымыз құрақ құрап, тігін тігуде алдына жан салмайтын. Жасым жетпіске келсе де, мен бұл өнерді білмейді екенмін. Өзім осы үйдің тұрғынымын. Клуб ашылды дегенді естіп, Сәуле апайға келдім. Қазір екі құрақ құрап үйрендім. Көрпенің сыртына қажетті құрақтарды үйреніп жатқаныма қуаныштымын. Менен басқа жасы 50-60-қа келген сіңілдерім де осында. Біздің тілегіміз бұл үйірме жабылмаса»– дейді қала тұрғыны Әлима Айдарбекова.

Қазақтың төл туындысын үйренуге құлықты қыз-келіншектің, жастар мен апа-әжелердің барын ескерсек мұндай тегін курстарды қала бойынша көбейту керек-ақ.

Comments (0)
Add Comment