Әр таңым баспасөзден басталады

Қаланың бас үнпарағы «Jambyl-Taraz» газетінің жарыққа шыққанына ширек ғасыр толып отыр. Міне, содан бері газет ұжымы қаланың тыныс-тіршілігін тұрғындарға жеткізуде толымды тірліктер атқарып келді. Мерейтой қарсаңында облыс орталығының дамуына өз үлесін қосып жүрген сан саланың тізгінін ұстаған ел ардақтылары құттықтау хатын жолдап, ыстық тілегін жеткізді. Солардың бірқатарын өздеріңізге ұсынып отырмыз.

Мұқаш Ескендіров,
«Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері

Біз «Адамның ең жақын досы – кітап» деген ұғыммен ержеткен ұрпақпыз. Қолымыз қалт етсе, кітап оқуға құмартып тұрдық. Ауыл кітапханасындағы ойлы шығармалардың барлығын дерлік оқып тауыстық. Ол біздің өмірімізге аса үлкен ықпал етті. Ауыл баласының алпауыт кәсіпорынға басшылық жасауының түп негізі сол бала кездегі көз майымызды тауысып оқыған кітаптарда жатыр деп білемін. Осы үшін де қалалық газеттің «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауына бас демеуші болу туралы ұсынысын бірден қабыл алып, байқауға мейлінше қолдау көрсеткім келді. Себебі мен қазақ балаларының білімі терең, танымы кең болып өскенін бар жан-тәніммен қалайтын адаммын. Байқау біз ойлағаннан да жоғары деңгейде өтті. Осы бас-тама туралы қоғам арасында жақсы пікірлер айтылды, балалардың кітап оқуға ынтасы оянды. Біз бұған іштей қуандық. Байқауда бас жүлдені алған оқушы ғана емес, барлық қатысушы жеңімпаз деп білемін. Біздің көздегеніміз де осы еді. Аталмыш байқау мені «Jambyl-Taraz»-бен бұрынғыдан да қатты жақындастыра түсті.

Бүгін міне, жаңашыл «Jambyl-Taraz» газетінің 25 жылдық мерейтойы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Демек, атаулы датаға «өткенді саралап, болашаққа бағдар жасайтын кезең» деп баға берсек болады. Апталық газеттің әр нөмірін шолып отырамыз. Қала мен өңір тіршілігін басылым беттерінен оқып, талдау жасаймыз. Осыған қарап, «Jambyl-Taraz»-ды апталық шолу десек болады. Қоғамдағы өзекті мәселелер, сан саланы қамтыған ақпараттар газеттің әр санында жарияланып отырады. Соңғы жылдары газеттің сыртқы кескіні, дизайны өзгерді. Мұны қырағы оқырмандар жақсы қабылдап, жылы лебіздерін білдіріп жатқан да болар. Ұжымға жас толқын, жаңа буын келді. «Жастар – елдің болашағы» дейміз. Осы тұрғыда басылымның жас журналистерге ерекше қолдау көрсететінін айтпасқа болмайды. Қаланың бас басылымында түрлі жанрдағы материалдар жарияланады. Қала экономикасының әл-ауқатын арттыруда негізгі күш өндіріс ошақтарына түседі деп білеміз. «Jambyl-Taraz» газеті өндірістегі соны серпіліс жайында және кәсіпорындардың әлеуеті туралы әрдайым жариялап отырады. Мекемелерге барып, жұмыс барысы туралы толымды дүниелер жазады. Әсіресе, «Журналист мамандық өзгертеді» айдарында тілшілер түрлі саланың жұмысымен танысып, мамандықтың қыр-сырын ашық көрсетіп жүр. Біз бұған ризамыз. Осы орайда газет ұжымын мерейтойымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.

Газет – қоғамның айнасы

Батырбек Құлекеев,
Тараз қалал
ық мәслихатының
хатшысы

– Жыл өткен сайын барлық сала замана көшімен ілесіп, жаңарып отырады. Бұл – қалыпты жағдай. Соның ішінде жаңа технологиялардың жетістігі бірқатар мамандықты ығыстырғаны тағы бар. Осыдан кейін «Мерзімді басылымдардың тағдыры не болады?» деген сұрақ та біраз талқыға түсті. Бірақ баспасөздің қоғамдағы жаңашылдыққа икемделіп, елге хабар тарату бағытында үлкен жұмыс атқаратынына көпшілік сенді. Рас, бірқатар газеттер жабылды, бірақ қаланың бас үнпарағы сол 1996 жылдан бері ақпарат саласында өзіндік орны бар екенін дәлелдеп келеді. Газет ұжымы тәуелсіздік алған жылдардан бері қоғаммен тығыз байланыста болды. Газет құрылған жылдары мемлекеттік тілге, ұлттық мәселелер мен саяси бетбұрысқа ерекше мән берді. Бұл дегеніңіз – басылым халықтың рухани кемелденуіне жол ашты деген сөз. Соңғы жылдары қалалық газет үлкен бастамалар көтерді деп айтуға толық негіз бар. Өздеріңіз білетіндей, «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауынан бір топ талапты жас жігерленіп, білім алуға талпынды. Шона Смаханұлының ізін жалғап, әзілдің майын тамызатын шығармашыл қауымға «Қырық өтірік» бәйгесі жарияланды. «Jambyl-Taraz» газетінің бұдан бөлек те жаңа бас-тамаларды абыроймен жүзеге асырып жүргенін білеміз. Ең бастысы, газет қаладағы өзекті мәселелерді қаузап, шешімін таппаған шаруаларды оң жолға қоюда ілкімді жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, карантин кезінде азық-түлік бағасы, санитарлық нормаларды сақтау туралы материалдар жиі жарияланды. Тұрғындар да редакциямен тығыз байланыста. Газет ұжымы тұрғындардың сауалына дер кезінде жауап қайтарып отырады. Басылым беттерінде оқырманның талғамына қарай түрлі бағыттағы материалдар жазылады. Оларды санамалап немесе жік-жікке бөліп қарастырудың өзі көп уақыт алады. «Jambyl-Taraz» газетінің ықпалымен ел арасында сан саладағы өнерлі, білімді, талантты азаматтарды таныдық. Иә, «газет – қоғамның айнасы» деген осы ғой. Қалалық деңгейдегі мәслихаттың хатшысы ретінде қалалық мәслихаттың депутаты, әріптесіміз басқарып отырған ұжымның жұмысына табыс тілеймін.

Жаңалықтың жаршысы – «Jambyl-Taraz»

Сембек Сейдәзімов,
қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін араға бес жыл салып жарыққа шыққан қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің біз үшін маңызы жоғары болды. Газеттің алғашқы саны үлкен еңбекпен басылды. Қаланың бас үнпарағы алғашқы аяқ алысынан-ақ оқырманның жүрегіне жол тапты. Себебі сол кезеңде бүгінгідей ақпаратты әп-сәтте тарататын жаңа технологияларды айтпағанда, әлеуметтік желі атымен жоқ еді. Қаланың тыныс-тіршілігі туралы ақпарат тек газет бетінде жарияланды. Тіпті сол уақыттағы оқыс оқиғалар, хабарландырулар оқырманның назарын аударатын. Елдегі жағдайды оқырмандар ғана бүге-шігесіне дейін білетін. Жиырма бес жылда басылым мемлекеттің саясатын, ұстанымын, мақсатын халыққа жеткізіп, артынша қоғамның пікірін, көзқарасын жариялап келді. Бұл бастысы. Бұдан бөлек, елдің мұң-мұқтажын көтеріп, қаланың тыныс-тіршілігін оқырманға жедел жеткізіп отырды. Күні бүгінге дейін газеттің басшылығы бірнеше рет ауысып, жаңа кадрлармен толығып келді. Бірақ басылымның бағыты, ұстанымы әрдайым берік болды. Қаладағы қордаланған өзекті мәселелер жан-жақты пікір, мәліметтермен толығып жарияланды. Аға буын ардагер журналистер мен жас буынның арасында байланыс орнап, газет ұжымы жаңа технологияларға тез-ақ бейімделді. Бүгінде ақпарат саласында өзіндік орны бар «Jambyl-Taraz» газетінде жарияланған материалдарды әлеуметтік желіден де оқып отырамыз. Бұл – газеттің бүгінгі белесі. Ширек ғасырды артқа тастап, ақпарат саласында жемісті еңбек етіп жүрген газет ұжымын айтулы күнмен құттықтаймын.

Ынтымағы жарасқан ұжымға алғыс

Меруерт Лештаева,
Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы

– Іскер әйелдер қауым-дастығы құрылған сәттен-ақ сан салада еңбек етіп, бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен аналардың бастамалары елдің назарын бұрғызды. Сол кезден бастап қауымдастық облыс көлемінде түрлі іс-шараларды ұйымдастырып келді. Онда нәзікжандылар көшбасшы аналар жайында, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тың серпін қосқан кәсіпкер қыз-келіншектер мен ұрпақ тәрбиесі турасында ойларын ортаға салады. Мұның барлығы қоғамда ер азаматтармен иық тіресе еңбек етіп жүрген аналардың жұмысын көпшілікке насихаттау, әйелдер қауымына үн тастау деп білеміз. Осы бағыттағы атқарылып келген жұмыстарды халыққа жеткізуде қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің үлесі басым. Қала тұрғындары оның ішінде сан салада жұмыс істейтін аналардың еңбегі көпке үлгі. Бүгінде нәзікжандылардың жеткен жетістіктеріне қарап, тәнті болатынымыз рас. Өздеріңізге белгілі, Іскер әйелдер қауымдастығының қанатқақты жобалары мен бастамалары газет беттерінде ойып тұрып орын алды. Апталық басылымның журналистері кәсіпкер, көпбалалы, еңбекқор аналар жайында және бала тәрбиесі туралы танымдық, тәрбиелік мәні жоғары мақалалар жариялап отырады.

Жыл өткен сайын қаланың бас басылымы жаңғырып, жұмысы ілгерілеп келеді. Бірлігі жарасқан ұжымның ұйымдастыруымен мағыналы әрі мәнді байқаулар өткенін көпшілік біледі. Сан саладағы өзгерістерді, қаланың тіршілігін, ауқымды жобаларды әлеуметтік желіден гөрі газеттен оқып, толымды мағлұмат аламыз. Неге десеңіз, тек қалалық басылымда ғана аумақтың тыныс-тіршілігі кеңінен жазылады. Іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен бүгінге дейін бірқатар игі шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе, карантин кезінде екі қолды бос қойған жарамас дедік. Қоғамдық орындар жабылып, қозғалыс тоқтады. Халықтың ойы сан-саққа ауды. Сонда газет тілшілері тіпті оқшауланған үйлердегі жағдайды да тұрғындарға жедел жеткізіп отырды. Кәсіпкер ханымдардың келелі ісін халыққа көрсете білді. Қиын-қыстау кезеңдерде жұдырықша жұмылып әрекет етуге шақырды. Осы ретте редакция ұжымын айтулы күнмен құттықтай отырып, шалқар шабыт тілейміз.

Comments (0)
Add Comment