2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында диагностика мен емдеудің 8 жаңа технологиясы тәжірибеге енді.
Жоғары технологиялық медициналық көмекті кеңейту мақсатында гибридті операциялық бөлмеде жасалған жұлын нейрохирургиясында, сондай-ақ травматология мен ортопедия саласында буынның 155 градусқа дейін толық бүгілуіне мүмкіндік беретін бірегей тізе протезін қолданатын жаңа технологиялар енгізілді. Тізе буынының протезін орнату операциясы үндістандық хирургтармен бірлесіп аурухана базасында тұңғыш рет жасалғанын атап өткен жөн. Аталған технология «Клиникадағы клиника» жобасы аясында тәжірибеге енгізіліп отыр.
Диагностикалық қызмет түрлерін көбейту үшін дербес геномдық және иммундық-гистохимиялық диагностика саласында 2 технология, оңалту қызметтерін жетілдіру үшін 2 технология енгізілді (COVID-тен кейінгі синдромды оңалту).
Сонымен қатар проктология және урология саласына екі мини-инвазивті технология қолданыла бастады. Мұндай операциялар науқас үшін анағұрлым жеңіл өтеді, олардың операциядан кейін қалпына келуі мен күнделікті белсенділігінің жақсаруы оңайлайды, жанама әсерлер аз болады.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы Қазақстанда алғаш рет 2 жаңа технологияны енгізгенін де атап өткен жөн. Бұл – ми глиомасы кезінде мутацияны молекулалық-генетикалық диагностикалау және жұлын конусының күретамыр фистуласын аралас емдеу (эндоваскулярлық және микрохирургиялық). Жұлын конусының күретамыр фистуласын аралас емдеу гибридті операциялық бөлмеде жоғары технологиялық заманауи Kinevo 900 микроскобын пайдаланып жасалады. Операция жұлын қан айналымының дұрысталып, неврологиялық белгілердің қалпына келуіне мүмкіндік береді.
Осы аталған технологияларды қолдану арқылы Медициналық орталық ауруханасында 49 науқас емделіп, 574 емделушіге диагностика жасалды.