Мемлекеттік рәміздер – ұлттың айшығы, келбеті. Оны сыйлап, құрметтеу – әрбір қазақстандықтың парызы. Бұл мемлекеттік мекемелерге де қатысты айтылса керек. Дегенмен жүргізілген зерделеудің нәтижесі көңіл көншітпеді.
Арайлым Бақытжанқызы
Қала әкімдігінің мәжіліс залында Тараз қаласы әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтіп, оны қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай жүргізді. Кеңес отырысында қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбек қаладағы мекемелердің (облыстық басқармалар мен департаменттердің) мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдану барысына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесімен бөлісті.
– Ағымдағы жылдың 10-14 маусым аралығында 45 облыстық мемлекеттік мекемеге (облыстық басқармалар мен департаменттердің) зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде біршама мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік рәміздер туралы заңнама талаптарының сақталмауы анықталды. Конституциялық Заңның 4-бабы, 1.1 тармағында Мемлекеттік Ту және 6-бабы, 1.1 тармағында Мемлекеттік Елтаңба мемлекеттік ұйымдарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелердің ғимараттарында міндетті (ұдайы) түрде орналастырылады (көтеріледі, тігіледі) деп көрсетілген. Алайда ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынау жөніндегі Жамбыл облысының инспектурасы ғимаратының сыртында Мемлекеттік Ту, жер қатынастары басқармасы мен жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы ғимараттарының сыртында Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңба орналастырылмаған. Конституциялық Заңның 13-бабына сәйкес әрбір Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті болса, бекітілген мемлекеттік стандарттарға сәйкес рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған, сынған қалпында қолдануға жол берілмейді. Жамбыл облысы бойынша экология департаменті, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, сәулет және қала құрылысы басқармасы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, қаржы басқармасы, ауыл шаруашылығы басқармасы ғимараттарының сыртында орналастырылған Мемлекеттік Ту кірлеген. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының сыртындағы 500 мм Мемлекеттік Елтаңба және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының атауы жазылған маңдайшасындағы диаметрі 120 мм Мемлекеттік Елтаңба тозған, – деді Ұлана Сламбекқызы.
Сондай-ақ мемлекеттік ұйымдардың Мемлекеттік Туындағы мемлекеттік стандартқа сай келмейтін ұштықтарды пайдалануда да кемшіліктер орын алған. Мәселен, құрылыс басқармасы, сәулет және қала құрылысы басқармасы (сынған), кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы (сынған) басшысының кабинетіндегі, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының (сынған), ауыл шаруашылығы басқармасының мәжіліс залындағы, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясы ғимаратының сыртында орналастырылған Мемлекеттік Тудағы ұштықтар Ұлттық стандартқа сәйкес келмейді екен. Мемлекеттік Елтаңба оның көлеміне қарамастан, Ұлттық стандартқа сәйкес келуі бойынша олқылыққа жол берген (Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің, дене шынықтыру және спорт басқармасының, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының, жер қатынастары басқармасының, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мемлекеттік рәміздердің бейнесі белгіленген стендтерде Мемлекеттік Елтаңба ауыспаған (ауыстырылып, жойылмаған) мекемелер анықталған. Жоғарыда аталған кемшіліктер жауапты тұлғалардың өздеріне жүктелген міндеттерін тиісінше орындамауынан, мемлекеттік мекемелердің басшылары тарапынан бақылаудың жоқтығынан, ҚР заңнама талаптарын тиісті деңгейде сақтамау салдарынан орын алған мәселелер. Кеңес отырысында Кенжебек Мамашбайұлы аталған мекемелердің өкілдерін орындарынан тұрғызып, жеке-жеке есеп алды. Бірақ аталмыш жиынға келуге құлық білдірмеген мекеме өкілдері де кездесті. Ол азаматтарға арнайы хат жазылатындығын ескерткен модератор келесі жолы олқылықтың орнын толтырмаған мекемелерге айыппұл салынатындығын қатаң ескертті.
– Тиісті мекемелер анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылдап, нәтижесін 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін қалалық ішкі саясат бөліміне жолдасын. «ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық талаптар» Ұлттық стандартына №1 өзгеріс 2018 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енді. Мемлекеттік Елтаңбадағы бейнеленген «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латын графикасында «QAZAQSTAN» жазуына ауыстырылды. Елтаңбаларды орналастыру және ауыстыру 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін өтпелі кезеңі болып белгіленді. Осыған орай, мемлекеттік органдар мен ұйымдар 2019-2021 жылдарға арналған бюджетті нақтылау кезінде Елтаңбаны сатып алуға қаражат көздерін қарастыру қажеттігін назарларыңызға жеткіземін. Латын графикасымен жазылған Мемлекеттік Елтаңба жергілікті атқарушы органдарда, аумақтық департаменттер мен басқармаларда 2019 жылдың соңына дейін толықтай ауыстырылу мәселесін қарастырсаңыздар. Әр мекемеде орналасқан мемлекеттік рәміздер бойынша кемшілік орын алған жағдайда бірінші басшының жауап беретінін және айыппұл салынатынын ескертемін, – деді жиынды қорытындылаған Кенжебек Олжабай.