Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін айғақтайтын мызғымас құнды белгілер. Халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығын һәм даналығы мен асқақ арман-тілегін жеткізетін де – осы қасиетті нышандар.
Мемлекеттік рәміздердің қатарына Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн жататыны белгілі ғой. 1992 жылдың 4 маусымында Елбасының арнайы Жарлығымен осы нышандарымыз қабылданған болатын. Міне, содан бері бұл рәміздер біздің бойтұмарымызға айналды десек, қателеспейміз.
Заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік рәміздер әр мекеме басшысының кабинетінде орналасады. Яғни онда Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаның тұруы міндетті. Сонымен қатар сол мекеменің арнайы шаралары өтетін мәжіліс залы болса, ол жерлерде рәміздер көрініс тауып тұруы қажет. Мемлекеттік мекеменің ғимаратының төбесінде Ту мен Елтаңба орналасады. Түнгі уақытта ол нышандарға жарық түсіп, анық көрініп тұруы керек. Одан бөлек, Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимн бейнеленген стендтер мекемелердің кіребесінде немесе фойелерінде көрнекі жерде қабырғаға ілінгені абзал. Айта кету керек, Жамбыл облысында мемлекеттік рәміздер бойынша арнайы комиссия жұмыс жасайды. Комиссия мүшелері нышандардың заң талаптарына сәйкес дұрыс пайдалануын, олардың сақталуын бақылауда ұстап, облыстағы мекемелермен үнемі зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады. Сонымен қатар әскери гарнизондарда, оқу орындарында, арнаулы және жоғары білім мекемелерінде де мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуын басты назарда ұстайды.
Латын әліпбиіне көшкендіктен, Мемлекеттік Елтаңбамызда өзгеріс пайда болды. Бұрын ондағы «Қазақстан» деген жазу кириллицамен жазылса, қазір ол латын әріптеріне ауысты. Басты өзгешелігі – сол. Мемлекеттік мекемелерде Елтаңбаны жаңасына ауыстыру жұмыстары 2022 жылға дейін аяқталуы тиіс. Қазірдің өзінде бірқатар мемлекеттік мекемелер жаңа үлгідегі Елтаңбаға ауысып үлгерді. Жалпы Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны және стендтерді дайындаумен арнайы лицензиясы бар мекемелер ғана айналысуы қажет.
Ұлттық нышандар – Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сол себепті Қазақстан азаматтарының мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасы қашанда жоғары бағаланып және оны құрметтеу әрбірінің азаматтық борышы болуы тиіс деп ойлаймын.
Асқар Бейсенбаев,
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы