Еліміз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігін алғаннан соң ата-бабалардың арманы орындалып, көк байрағымыз егемен ел аспанында желбіреді. Бұл – мәңгілік ел болуға бағытталған берік қадам еді.
Мемлекеттік рәміздер күні – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ерекше күн. 1992 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңес еліміздің Туы мен Елтаңбасын бекітті. Ал сол жылдың желтоқсанында Әнұранымыз қабылданды. Осылайша Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге жаңа бейнесін танытты.
Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің егемендігі мен тәуелсіздігін білдіретін, оның тарихы мен рухын, болмысы мен байлығын айшықтайтын басты нышандар және халқымыздың жүрегінен орын алған киелі де қасиетті белгілер. Олар Тәуелсіз Қазақстанның дербестігін айқындайтын басты құндылықтар қатарында.
Туымыздағы аспан түстес көк түс – бейбітшіліктің, тыныштықтың, кеңдіктің нышаны. Күн мен қыран – өмір мен еркіндікті, жарқын болашақты білдіреді. Бүгінде әрбір білім ордасында, мекемеде, халықаралық алаңдарда еліміздің рәміздері биікке көтерілуде. Бұл – ел мерейі мен мақтанышы.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – Отанды сүюдің көрінісі. Олар – ұлттық бірліктің, патриоттық рухтың, тәуелсіздіктің символы. Сондықтан рәміздерімізді көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа қадір-қасиетімен жеткізе білу керек. Рәміздерді құрметтеу – тек заң талабы емес, бұл – азаматтық борыш, ұлттық намыс пен жауапкершілік. Әсіресе, жас ұрпаққа оны сіңіру – басты міндеттердің бірі. Сонда ғана елдігіміз еңселі, тұтастығымыз баянды болмақ.
Д.АЛИАСКАРОВА,
Тараз қаласы әкімі аппараты
құқық қорғау органдарымен жұмыс және
құқықтық қамтамасыз ету бөлімшесінің
бас инспекторы