Qaz Vac-ты ойлап тапқандар баспаналы болды

Қордай ауданы Гвардейск қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты қызметкерлеріне арналып салынған жалпы 180 пәтерлік 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Kznews.kz сайтына сілтеме жасап.

Qaz Vac вакцинасын ойлап тауып, оның өндірісімен айналысқан сала мамандарына  пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Жақында ғана облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, шын мәнінде бұл үлкен жетістік. Еліміз үшін қажетті өндіріс. Сіздер Қазақстанды әлемге тағы бір таныттыңыздар. Біздің елімізде де биотехнологияның дамығанын, жоғары білікті ғалымдардың бар екенін дәлелдеңіздер.

Шетелдерде мұндай өндірісті құруға 3-4 жыл жұмсалса, біз тоғыз айдың ішінде үлкен зауыт сала алдық. Вакцинамыз дүние жүзінде мойындалып жатыр», деді облыс әкімі.

Өз сөзінде өңір басшысы Мемлекет басшысы ғалымдарға, мамандарға барлық қажетті жағдай жасау үшін оларды баспанамен қамту бойынша тапсырма бергенін атап өтті.

Бұл құрметке институт директоры Күнсұлу Закария да ризашылығын білдірді.  Ол талай жылдан бері институт қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі  шешімін тапқанын айтып, басшылыққа алғысын жеткізді.

Comments (0)
Add Comment